Балама сөздің бағын аш

776

0

Балама сөздің бағын аш Бәріміздің де жаратылысымыз – қазақ, тіліміз де, діліміз де – қазақ. Дүниенің бәріне қазақша қараймыз және өзге ұлттың өкілдері де, ана тілін жақсы білмейтін ағайындар да біздің жалпақ қазақ тілімізге солай қарайды, солай түсінеді, солай қабылдайды деп ойлаймыз. Бірақ, шынында солай ма?

Мысалы, қазақы сөзжасам үдерісінде біздің нені басшылыққа алатынымыз қазақ тілін үйреніп жүрген басқа ұлт өкілдеріне ғана емес, жалпы қазақы жұртқа да әлі күнге дейін белгісіз болып кө­рінеді. Егер бүгінгі қолданыстағы, аудармамен араласқан тілімізге бір сәт өз көзіңізбен һәм біздің тілімізді үйренуші ұлттың көзімен қарап көрсеңіз – қазақша термин тудырудың, атау берудің, балама тудырудың таратып айтып, тәмсіл ететін төл тәжірибесін тап баса қоймайсыз.

Біз жаңа сөзжасамға (термин, атау, балама) орыс тілінен аудару арқылы қол жеткізіп келеміз. Аударма арқылы сөздік қорымыздың молайғанын ешбір жоққа шығаруға болмайды. «Сөздік сөздіктен жасалады» дегендей, жылма-жыл балалап жатқан сөздіктер сол аударманың арқасында қалыңдай түсуде. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Жетіспейтін нәрсені бірден аңғару қиын да. Кәсіби аудармашылар арасында қалыптасқан «Перевод начинается там, где кончается словарь» деген тіркес сол жетпестікті бейнелей алатын тәрізді. Мұның мағынасы мынаған саяды: сөздіктен қажетті сөзді таппаған аудармашы қалай болғанда да сол мәтінді ойдағыдай аудару үшін өзінің бүкіл кәсіби қабілетін көрсетуге ұмтылады, басқа тілдерді пайдалана отырып зерделейді, ақыры осы ізденістері арқылы түпкі нәтижеге қол жеткізеді. Бұл сөзжасамның да серті: жаңа баламаны ең әуелі өз тіліңнің қойнауынан ізде; одан таппасаң, сол жоғыңа түбі бір туған жұрттан іздеу сал; бұ жақтан да бір хабары шықпаса, онда осыдан кейін барып жаңа сөзді жарысқа қос (төмендегі ұсыныстар аталған бағыттарға сай өрбиді).

Шарт пен шар+ыт. Осы орайда ұшы­на шыға алмай жүрген ұғымның бірі ре­тінде «условие» сөзін айтуға болар еді. Бұл мәнмәтіндік мазмұнына қа­рай бірде «жағдай», бірде «талап» деп қолданылса да тура баламасы – «шарт». «Договор» да «шарт» деп аударылады және солай қалыптасқан, егер ұлттық ұғымға салсақ, бұл «уағда». «Уағдаласушы тараптар» деген тіркес бар. Бірақ «шартты» енді «уағда» деп бұза алмаймыз. Аударма тәжірибесі көрсетіп отырғандай, «условия договора» дегенді «шарттың шарттары» деп жазбас үшін, бірде «шарттың талаптары» десек, екінші жолы «шарттың жағдайлары» деп қолданамыз. «Договор» жоқ жерде ғана жеке келіп қалса, «условиені» «шарт» деп нықтап жаза аламыз. Бұдан басқа тілімізде «шарт жүгіну», «шарт жұму», «шарт ету» , «шарт кету», «шарт сыну», «шартты рефлекс», «шартты белгі», «шартты рай» сияқты т.б. осындай тіркестер бар екені белгілі. Осы ретте «условиенің» «обстоятельство», «тре­бование» мағыналарына сәйкес келетін баламасын «шарыт» үлгісінде қолдансақ қалай болар еді. Ондай жағдайда біз үшін «условия договора» – «шарттың шарытта­ры» болмақ… (Әгәрки жұртшылық осы ойды қолдап жатса, әртүрлі жазылатын «условиенің» тұрақтауға тиісті ма­ғынасына біртабан жақындай түсер едік. Біріншіден, «шарытты» «условия договора» және басқа талап, міндет, парыз ұғымдарына сәйкес келетін мақсатында ғана пайдалану; екіншіден, тіліміздегі параллель (қа­тарлас) сөздер (жоғарғы-жоғары; өкімет-үкімет, т.б.) сияқты «шарт-шарыт» үл­гісін ұстану. Айталық, «ЕАЭС и Иран переходят на преференциальные условия торговли» деген сөйлемді біз әдетте «ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы жағдайларына көшеді» деп аударамыз; егер «шарытты» қолдансақ, ол «ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы шарыттарына көшеді» деп жазылар еді де «жағдай» өз «случай» -ын күтіп, жайына тұрар еді. Сол сияқты «об установлении случаев и условий…» деген тіркес кездесті дейік. Әдет бойынша «…жағдайлары мен шарттарын белгілеу туралы» деп аударатынымыз сөзсіз. «Шарттарын» деген соң-ақ оқыған адамның ойында «договор» тұ­рады, ал «…жағдайлары мен шарыттарын белгілеу туралы» деп жазсақ, нақты мазмұнға жақындай түсеміз. Бір әріпті қоса отырып, қолданыс тәжірибесін былай да өзгертуге болар еді: «Оның бәрін білу шарыт емес; «аталған шарыттар ар­қылы», «шарытты жаза», «шарытты түр­де», «шарытты есептелген», «шарытты белгі», «шарытсыз рефлекс», т.б. осы сияқ­ты. (Түбі бір жұрттан бір мысал: қыр­ғыз баспасөзінен: «…озунун арын сак­тап журуусу шарыт» деген жолдарды оқыдық); Сол сияқты «контракт» – «келісімшарт» деп екі сөзбен аударылды. Бірақ өткен тарихымызға жүгінсек, бұрын «контракт» мағынасын берген сөз қазақ тілінде бар болатын, ол «шартнама» деп аталатын. 

Куәлік пен куәлік+ше. «Удостове­рение» – куәлік екені рас. «Личное удос­товерение», яки «жеке куәлігіміз» бар. Қандай жағдайда да «удостоверениені» басқаша аударуға болмайды. Мәселен, «свидетельство» да – куәлік. Құжаттарда кей­де осы екі сөз қатар келіп қалады. «Сви­детельство» деп сол күйінше қал­дыра алмаймыз, оны да «куәлік» деп қотарамыз. («Свидетельствоның» «ай­ғақ» деп бекітілген және бір мағынасы кез­де­седі).Тіліміз бай дейміз. Олай болса, жоғарыдағы екі сөзге неге екі бөлек балама бермейміз? Міне, төл терминжасам алаңындағы алынбай жүрген қамалдың бірі нақ осындай сөз иірімдері болса керек. Бізден бұрын өткен аудар­машы ақсақалдар осы екі сөзді бір-бірінен айыру үшін «свидетельствоның» «куәлік қағаз» деген үлгісін қалдырып кетіпті. Бірақ біріккен сөз үлгісімен пай­да болған не қос сөз түрінде көп қол­данылатын мұндай баламалардан («вызов» – сын-қатер деген сияқты) бәрібір жасандылық сезіліп тұрады. Сол себепті біз «−ше» жұрнағын жалғау арқылы жаңа мағына беретін туынды сөз жасау­ды ұсынамыз. Сонда ««удостоверение» – куәлік, «свидетельство» – «куәлікше» болады; кері ауда­рылған кезінде де ненің не екенін бірден айыруға болады.

Нұқсан мен залал.«Ущерб» деген сөздің қазақша баламасы да бағы ашыл­­май, «ущемление» көріп жүрген бай­­ғұс па деп қаласыз. Тыңдаңыз: «ущерб» – Парламенттің бір палатасы шығарған кітапта – «залал», екін­ші палатасы шығарған кітапта – «нұқ­сан». Ал соңғы жылдары шыққан отыз томдық терминологиялық әйдік сөздікте «ущерб» – нұқсан (17-т.), залал (22-т.), зиян (27-т.), зардап (29-т.). Қазақ тілін үйренемін деген адам болмаса аударманың айналасында жүр­ген тәржімеші осының қайсысына сүйен­бек? Бәрі де – заңды, бәрі де – Тер­минологиялық комиссияның (бұдан әрі – Терминком) пәрменімен жарық көрген кітаптар. Қайсысына сүйен­­­се­­ңіз де сіз қателеспейсіз, тек қай­ран қазақ тілі ғана қателеседі. Аударма сөз­діктерде «ущербтің» мағынасы көп, ол: зақым, залал, залалкес, зарар, зиян, зияндау, кемістік, кемушілік, нұқсан деген сияқты үлгілерде жалғаса береді. Орыс тіліндегі ущерб, убыток, изъян, урон, вред, т.б. – мәндес сөздер. Бірақ сөз­ терминологиялық сөздік туралы бо­лып отырғаннан кейін, онда жалпы аудар­ма сөздіктегідей көп баламалық бол­мауға тиіс. Ол нақты бір сөзбен бей­неленуі шарт. Мысалы, «вред» сөзінің «зиян» деп, түбірі сақталып нақты аударылғанын және осы негізде одан басқа сөздер туындайтынын үлгі ете отырып, «ущербті» сол негізде тиянақтауымыз қажет. Залал – «ущерб» пе, «убыток»» пе? «Залалсыздандыру» деп аударылып жүрген «дезинфекция» бұған қай тұсынан «туысады»?! «Взыс­кание убытка» – залалды өндіріп алу деп қазақшаланған. Осыларды ес­кере келгенде, «нұқсанды» қайда қал­дырамыз?!

«Жағдай» қалай? «Ситуация» – жағ­дай, «обстановка» – ахуал түрінде қол­данылып жүр, кейде орындары ауысып та кетіп жатады. Бірақ қазақша біле­тін адам бұлардың бәрібір бір мағынаны білдіріп тұрғанын сезеді, соған орай аударманың дәлдігіне назар аудара қой­майды. Біздің көп баламаларымыз нақ осы қазақша се­зінудің («мағынасы келіп тұр ғой» деудің) салдарынан тұрақсыз болып келе жатыр (Сөздікке сенсеңіз, «ситуация» – ахуал, жағдай, жағдаят, жайт. Осы мағынадағы «обстановка» – ахуал, жағдай). «Инвестиционный климат» – инвестициялық ахуал болып аударылған. Егер бұларды кері аударсаңыз, біреуінің де жалынан ұстап қала алмайсыз. «Жағ­дай» десеңіз-ақ оны «случай» сүйреп алып кетеді; екінші жағынан, «экономи­ческое положение» (экономикалық жағдай) келіп қырындайды. «Условие» (мысалы, «условия договора») ұмтылып қалады. «Ахуал» да солай: өз тұрақсыздығының кесірінен «обстановкамен» әкей-үкей; «обстоятельство» мен «климатқа» да кет әрі емес. «Состояние»-нің де «жағ­дайға» жабыса кететін реттері бар. Мұн­дайда аударушы ағайын қайтпек керек? Әрине әрі-сәрі қылмай, бір сөзге бір ғана балама беру қажет. Соған орай ұсынатынымыз: случай – жағдай; обста­новка – ахуал; обстоятельство – мән-жай; ситуация – жағдаят болсын, осыны мүлтіксіз орнықтырайық.

Ылғи «…тық», «…тік». Әдеби тіл сол тілді жақсы білетін адамдардың өзі­не әрқашан шет тілі сияқты болып көрінеді деген пікірдің сөзжасам практикасына да қатысы бар деп ойлаймыз. Мысалы, біз балама сөздерді айналысқа қосқанда, жоғарыда айтқандай, олардың болмысына қазақы көзбен қараймыз. Жаңа қолданыстардың жазылуы былай тұрсын, айтылуының өзі бізге ғана емес, мемлекеттік тілді игерсем деп жүр­ген қандастарымыз бен басқа ұлт өкілдеріне де қиындау екенін ескере бермейміз. Айталық, «құқық» деген сөзді қазақтардың өзі біраз уақыт айта алмай жүрді, тіпті оның «құқ», «хұқ», «хұқық» деген нұсқалары қолдануға біршама жеңілірек деген пікірлер әлі де кездеседі. Бұл сияқты мысалдар баршылық. (Орайы келген соң айта кетейік, көрнекті жазушымыз Мұхтар Мағауиннің өз еңбектерінде «құқұқ» деп қолданып жүргені тегін емес). Жалпы түсініксіз сөздер не айтылуы мен жазылуы қиын қолданыстар неғұрлым көп болса, ондай тілді тұтыну соғұрлым белгілі бір дәрежеде кеми түсетінін тілнаманың арғы-бергі даму тарихы дәлелдеген. Сол себепті қай тіл болса да өзінің жеңіл қолданылу мүмкіндігін кеңейту арқылы тарала түседі. Орыстың «брэндті» бренд, «трэндті» тренд деген сияқты, кірме сөздерді оп-оңай қабылдап, атасөзіндей қылып өз тіліне сіңіріп ала қоятын салтының сабақты ерекшелігі осында. Бүгінгі танымал тілдердің кең жайылуының себебі де нақ тұтынуға жеңілдігінде жатыр. Қазақ тілін қолдану, ұлттық сөзжасам ісі де бұдан сырт тұрмауы шарыт. Бізде көп баламалар «-тық», «-тік» жұрнақтары арқылы көбірек жасалады. Қазақ сөздеріне қатысты бұлардың бәрі үйлесімді, мысалы: азамат+тық, ұлт+тық, т.б. Бірақ орыс тілі арқылы біздің қолданысымызға енген шет жұрт сөздеріне (холдинг, клиринг, инжиниринг, лизинг, маркетинг, демпинг, мониторинг, каверинг, каршеринг, т.б.) «-тік», «-тық» жұрнақтарын жалғау арқылы балама тудыру тәжірибесі сәтті деп айтуға болмайды. Әрине мұндай кірме сөздерге жалқы есімдер ретінде көптік жалғаулар жалғануына, зат есім ретінде тәуелденуіне, сол сияқты жеті түрлі болып септелуіне қарсылық болмайтыны белгілі, мәселенің мәнісі – анықтауыштық қатынастағы қолданылуы жайында ғана. Мысалы, «инжиниринговые услуги – инжинирингтік қыз­мет көрсету», «демпинговая маржа – дем­пингтік маржа», «маркетинговые услуги – маркетингтік қызметтер көрсету», т.б. болып аударылады. Біз бұл кірме сөздерді дәл осы орайында жалғау жалғамай атау тұлғасында пайдалану тәжірибесі дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Айталық, «инжиниринговые услуги – инжиниринг қызметтерін көрсету», «маркетинговые услуги – маркетинг қызметтерін көрсету» деген сияқты. Сөз соңына «-тық» пен «-тік» қоспай жазғаннан қазақша ма­ғынасына зәредей қатер төнбейді, ештеңе өзгеріске түспейді. Керісінше айту да, жазу да оңайлайды. Қазір аударма ісінде сырт сөздерді қазақшалауда «-тық», «-тік» жұрнақтарын пайдалану жайылып бара жатқанын ескеріп осылай жазып отырмыз. Бұлар тілді пайдалануды қиындатпаса, оңайлатпайды. Демек, осы бағытта әлі де дұрыстап жүйелейтін бір шоғыр жұмыс бар.

Ұзын сөздің қысқасы… Әзіл-шыны аралас әңгіме болса керек: баяғыда атағы жер жарған драматургтен сіз роман жазып көрдіңіз бе? – деп сұрапты деседі. Сонда ол: – Жазып көрдім, бі­рақ сол романым бәрібір пьесаға айналып кете береді, – деген екен. Қазақ аудар­масындағы кейбір баламаға қарап отырып, осы «айналып кете бередіні» елестетуге болады. Мысалы, орыс ті­лін­дегі «ликвидация», «уничтожение», «отмена», «удаление», «устранение», «аннулирование» деген сөздер әртүрлі реңкте қолданылатындығына қара­мастан, қазақы құжаттарда – заң актілерінің өзінде көбіне «жою» деген жалғыз сөзге «айналып кете береді». Әрине бұл сөздер кейде «құрту», «күшін жою», «алып тастау», «тарату» тұл­ғаларында арагідік кездескенмен, жаппай «жоюға» тәуелді. Ал «жоюды» кері қарай орысшаға аударсақ, ол қай сөз­дің баламасы бола алар еді?! Біздің әу бастағы әңгімеміздің түпқазығы да осында. Соңғы отыз жылға жуық уа­қыттан бері терминдерді түгендеп келе жатқан мекеме-ұйымдардың тым болмаса осындай қолданыстарды жеңілдету жағын ойластырмағаны, әр сөзге бір балама беруді орнықтырмағаны таң- ғалдырады. Біздіңше, «жою» болып кең жайылған жоғарыдағы орысша сөз­дердің тікелей өзіне тән ұғымымен бірге, түпмәтінге тәуелді болмайтын тұ­рақты баламалары болуы керек. Егер «жоюдан» басқа сөз таба алмасақ, онда жұртшылық болып ұлы қазақ тілінің қойнауын кеңінен кезіп, жаңа қолданыс іздеуіміз керек не жаңа сөздер жарысын ұйымдастырғанымыз жөн.

Осы орайдағы тағы бір түйінді тұс – орысша екі сөздің де қазақша баламасы бір сөзбен бейнеленетін және мұның аудару процесінде белгілі бір қиындық тудырып жататын жағдайы. Мысалы, «связь» бен «контакт». Сөздік­ке сенсек: экономический контакт – эко­номикалық байланыс; экономичес­кая связь – эконо­микалық байланыс. Қазақ аударушысы үшін бұл үйреншікті жайт: «связь» болса да, «контакт» бол­са да – «байланыс» деп баламалай­ды. Ешкім мұны қате деп айтпайды, бәрі дұрыс. Бірақ, бұдан бұрын айтылғандай, кері аударылған кезде, әсіресе қазақшадан орысша ілеспе аударма жасау процесінде елеулі екі сөздің ең дұрысын тез әрі дәл табу оңай соқпайды. Осындай кедергілерді жеңілдету үшін, мысалы, «контакт» сөзін аудару кезінде «байланыс+у» үлгісін пайдаланған оңтайлы болар ма еді?! Өз тәжірибемізде бұларды «контактное лицо-байланысушы адам; контактный телефон-байланысу телефоны; контактный реквизит – байланысу деректемесі; экономический контакт-экономикалық байланысу» нысанында орнықтыра бастадық.

Қатыстық мәнді білдіретін жұрнақ деп аталатын «-и» арқылы сөз жасау («әдеби», «мәдени», «тарихи» сияқты) осы бағыттағы кейбір қолданыстарды оңайлататындай болып көрінеді. Қазірдің өзінде «адами» (человеческий фактор – адами фактор) тұлғасы жиі кездеседі; «заңи» (юридическое лицо – заңи тұлға) үлгісі сирек те болса қолданыла бастады; Бұл кейбір жұрнақтардан арылуға, сөзді қысқа әрі нұсқа жазуға мүмкіндік берді. Сондықтан осы үлгіні орнықтыру үшін «юридическийдің» заң, заңгерлік, заңды, заңдық, заңдылық деп аударылатын нұсқаларын лингвистикалық сараптамадан өткізіп, «заңи» тұлғасында қолданылуға жататын баламалары ғы­лыми тұрғыда дараланып, тізімделуі шарыт. Мәселенки, «современный» дегенді бұрынғысынша «қазіргі заманғы» демей, «замани» деп жазуды ұсынар едік (мұның әрәдік кездесіп қалатын «заманауи» баламасындағы «-ауи» жұрнағы тіл табиғатына үйлеспейтіні әрі айтылуы қиындау екендігі жөнінде пікірлер жоқ емес. Оның көркемсөз бен көсемсөздегі синонимдік қатарды молайту үшін болмаса, термин болып сіңісуі күмәнді). Жалпы бұл бағытта да түзілетін аударма сөздер саны, егер түбегейлеп іздене қойсақ, аз болмаса керек. Бір ғана «количество» сөзін «сан» үлгісінде қалдыра отырып, «количественные» деп басталатын сөздердің тұтас бір шоғырын «сандық» деп аудармай, «сани» деп қолдансақ, тілдің табиғаты да, сөздің мазмұны мен мақсаты да ешбір өзгермейді. Сонда: «количественные единицы-сани бірліктер; количественная изменчивость-сани өзгергіштік, количественный состав-сани құрам… болып шығады; сөйтіп «сани» дегеніміз «количественный» екеніне ешбір қазақ-орысың дау айта алмайтын ахуал орнайды. Орайы келген соң айта кеткен жөн болар: бізде «цифрды» да «сан» деп жазу кездесіп қалады. Бұған «цифрға» негізделетін сөздердің бәрін «цифр» күйінде аударып келе жатып, кенет сандық дерекқор (цифровая база данных), сандық есептеу машинасы (цифровая вычислительная машина), сандық жазба (цифровая запись) … деп «серуендеп» кететін кейбір сөздік кінәлі. Бұл да аудармадағы әрі-сәріліктің, орнығып болмағандықтың бір мысалы (әдетте балама жасауға көп қиналмай, орыс сөздерін өз тілінің ыңғайына бейімдеп пайдалана беретін қырғыз туғандардың «цифрды» «санарип» (санәріп) деп алып, қазір жаппай солай қолдана бастағаны мәлім. Мысалы: «Еуразийские цифровые платформы» қырғызша: «Евразиялык санариптик платформалар»).

Кірлесу емес, бірлесу. Сөздің сығым­тысы (вывод), яғни тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынаған саяды: егер біз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін бұдан да жоғары көтеріп, оны бүкіл ел халқының ортақ тіліне айналдыру мақ­сатын шынымен жүзеге асырамыз десек, аудармадағы әркелкілікті болдырмау шараларын іске қосқанымыз жөн. Аударма арқылы жүзеге асатын сөзжасам практикасына нақты қазақи көзқарас керек. Қайталап айтсақ, ұлттық сөзжасамның басты шарыты: бір сөз – бір балама қа­ғидаты орнығуға тиіс және бұл ана тіліміздің қоғамдағы орнын одан әрі орнық­тыру, дамыту һәм жетілдіру рефор­масының бір кілті болғаны жөн. Аса бай қазақ тілінің баламалық тәжірибеде «балалық» көрсетуіне бұдан әрі жол беруге болмайды.Терминкомның өкілеттігі мен құзыретін кеңейтіп, оның қоғамдық негіздегі мәртебесін тұрақты жұмыс істей­тін ғылыми-шығармашылық орталық деңгейіне көтеру мәселесін оңтайлы шешіп, тіпті қоғамда көп айтылатын ша­­рытты түрдегі «Тіл полициясының» тізгінін де Терминкомның қолына ұстат­қаннан ұтылмасымыз хақ. Бірлесіп ше­шуге, нақты қорытынды жасауға жол ашады деп санайтын осынау ой-бол­жам­дарымызды ана тілін ардақтайтын ағайынға алдыңыздағы жазбалар арқылы сәл де болса сездіре алсақ – нұр үстіне нұр. Өйткені біздің жаңа рухты халқымыздың бүгінгі бастан кешіріп жатқан дәуірі – кірлесудің емес, бірлесудің заманы.

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Ресей Аудармашылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<