\»Баспана хит\» арқылы үй алудың үш шарты

419

0

\"Баспана хит\" арқылы үй алудың үш шарты Баспана Хит бағдарламасы бойынша қазақстандықтарды барынша қызықтырған сұрақтарды бір шолып өтіп, ипотекалық ұйым басшысы Қайрат Алтынбеков бар ойын үш тезиске сыйғызды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Баспана Хит расымен де хитке айналды. «Баспана» ипотекалық ұйымының колл-орталығы күн сайын жүздеген қоңырау қабылдайды, әлеуметтік желілер және сайттағы кері байланыс түрі арқылы келіп жатқан сұрақтар легі толастар емес», – деп бастады басшы.
1. Жаңа да, ескі үй де жарайды
Иә, дәл осылай. Баспана Хит жаңадан салынған үйді де, қолданыста болған, бұрын салынған үйді де иеленуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, егер сіз пәтерді жаңа салынған үйлер нарығынан сатып алғыңыз келсе және басыңызда тіркелген үй болмаса 7-20-25 бағдарламасына назар аударуға кеңес берер едім. Ал атыңызда үй болса, онда сіз 7-20-25-ке қатыса алмайсыз. Баспана Хит бағдарламасында мұндай шарт жоқ, меншігіңізде пәтер бола тұра жаңа үйге де, бұрын салынған тұрғын үйге де ипотека алуға болады. Баспана Хиттың жалғыз ғана шектеуі – өтелмеген басқа ипотекалық кредитіңіз болмауы тиіс.
2. Клиент үшін пайыз үстемесі өзгермейді
Қазір Баспана Хит бағдарламасының номиналды үстемесі жылына 11%-ды құрайды. Үстеме Ұлттық банкінің базалық ставкасына тікелей байланысты, тек оған 1,75 пайыз қосылады. Бүгінгі күні Ұлттық банкінің базалық ставкасы 9,25%-ды құрайды. Демек, соған 1,75%-ды қосамыз да, 11% мөлшеріндегі қорытынды үстемені аламыз. Мысалы, егер ертең Ұлттық банктің базалық ставкасы 6 пайызға түссе, Баспана Хиттың жылдық пайызы 7,25%-ды құрар еді. Мұндай жағдайда бізге мынадай сұрақтар көп түсуде, азаматтар Баспана Хит бойынша кредит алып қойғаннан кейін оны өтеу барысында жылдық ставка өзгеріп кетпей ме деп алаңдап жатады. Жоқ, шарт жасалған кезде көрсетілген ставка сол ипотека төленіп біткенше өзгермейді.
3. Баспана Хит бойынша ипотекалық кредитті қайдан алуға болады
Бүгінгі күні біз Баспана Хит бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі бес банкпен қосымша келісімге отырдық. Олар Цеснабанк, Халық банк, Банк ЦентрКредит, BankRBK және Еуразиялық банк. Жуырда тағы екі банк қосылады деп отырмыз. Осылайша Қазақстанның 7 ірі банкі сіздерге Баспана Хит бағдарламасы бойынша ипотека беруге дайын.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<