Бақыт деген…

1151

0

Бақыт деген… Біріккен ұлттар ұйымы жыл сайын бақытты елдер рейтингісін жасап жүр. Бақытты елдердің рейтингісін жасау үшін белгілі бір шарттарға сүйенеді. Демек, бақытты ел қатарынан көріну үшін оның белгілі бір өлшемдері бар. 
БҰҰ-ның «World Happiness Report» баяндамасында ғалымдар бақытты елдер өлшемі туралы түсіндіреді. Ғалымдардың айтуынша заман өзгерісіне сай бүгінде бақытты елдер тақырыбында әлеуметтік мәселе өзекті болып тұрғанын алға тартады. Яғни, бақытты болудың бірінші өлшемі – елдің әл-ауқаты. Алайда тоқшылық бақыт деуге деп кесіп айтуға да болмайды. Бақытты елдер тізімін жасауда әбден зерттеу жасаған ғалымдар алпауыт Америка тұрғындарын бақытты санамапты. Жоқшылықтан емес екені белгілі. Мұндағы тұрғындардың күйзеліске жиі түсетінінің бір себебі бірнәрсеге тәуелді болуынан деген тоқтамға келеді. Мәселен, құмар ойындарына, есірткіге, тағысын-тағыға тәуелді болудың соңы– бақытсыздық.
Бақытты елдер рейтингісін жасауда біраз зерттеу жасаған ғалымдар әр мемлекеттің бақытты ел болу үшін бақыт өлшеміне назар аудару керек екенін ұсынады. Осы өлшем аясында кез-келген мемлекет, қоғам бақытсыздықты жеңуге болатын жаңа саясат жасау қажеттігін айтады.
Кім-кімде бақытты елде тұрғысы келеді. Бақытты болғысы келетіні сөзсіз. Сонымен бақытты елдің өлшемі қандай? Бақытты елдер рейтингісін жасаған кезде қандай шарттар назарға алынады дегенге тоқталсақ: мемлекеттің әр адамға шаққандағы ішкі жалпы өнімі, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, еркіндік, тұрақтылық, елдегі жемқорлық деңгейі негізгі басымдықтар болып саналады. Осы басымдықтарға назарға алған мемлекет пен қоғам бақытсыздықты жеңе алады.
БҰҰ-ның жасаған рейтингісі бойынша 2018 жыл қорытындысымен әлемдегі ең бақытты елдердің көшін Финляндия бастаса, екінші орында Дания, мұнан кейін Норвегия мемлекеті. Бақытты елдер тізімі осылайша жалғаса береді.
Әлем қызыға қараған бақытты елдің құпиясы қандай? Бақытқа қол жеткізген ел туралы білуге қызықтық. Ақпараттарға сүйенсек, фин елі барынша қарапайым. Тіпті, мұнда бай мен кедей дейтіндей әлеуметтік теңсіздік жоқ. Финляндияда оқыған қазақстандық жас мұндағы елдің бақытты екенін көзбен көріп, өзінше түйін жасапты. Білімді жас өзі көзбен көрген Финляндия туралы былай деп сұхбат береді: «Елбасымыз кезекті Жолдауында тілге тиек еткендей, фин қоғамынан бай мен кедейді киген киімі, тұрған үйі, астына мінген көлігінен айырып, ажырату мүмкін емес. Бәрі бірдей, тіпті миллиардерлер қарапайым мектепте мұғалім болып қызмет ете беретіні бізді ерекше ойға қалдырды».
Айтпақшы мұндағы білім беру жүйесі де өзгелер үлгі етерліктей дәрежеде. Жас ұрпаққа білім беруде рейтинг қуу, бағалау маңызды емес. Ең бастысы, балаларды шаршатпай білімге қызықтыра білу. Мұғалімнің де мәртебесі бәрінен биік. Есесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығына конкурстан ең жоғары балл жинағандар ғана түсе алады. Яғни, кез келген адам мұғалім бола алмайды. Ең бастысы қажетті-қажетсіздің барлығын үйрету емес, баланы кішкентайынан өмірге бейімдеу, қабілетіне қарай мамандық таңдауға бейімдейді. Бұл орайда айта кетелік, фин елінің білім жүйесі туралы қалам тербеген әріптесіміздің бірі «Бақытты бала және фин елі» деген тақырып қойыпты. Осыдан-ақ, финдіктердің ұстанымын ұға беріңіз.
Білім саласынан бөлек, тағы қосарымыз фин елінің басты ұстанымы– сенім екендігін атап айтқан жөн. Бұл ел қай салада болмасын, электрондық жүйеге көшкендіктен, әрбір тұрғын өзінің мемлекетке төлеген салығының қай бағытқа жұмсалып жатқанын сырттай бақылай алады. Заң қатал, сыбайлас жемқорлық жоқ екендігі де олардың бақытын еселей түскендей.
Бақытты болудың басты шартының бірі– елдің әл-ауқаты екенін ескерсек, жасыл технология мен «ақылды» экономиканы басты қағида етіп алған елдің жетістігі аз емес. Финляндия бүгінде тұрмыстық қалдықтардың 90 процентін қайта өңдеп кәдеге жарататын бірден-бір мемлекет. Тағы бір атап айтарлығы мұндағы энергия көздерінің басым бөлігі баламалы қуат өздерінен. Нәтижесінде бұл ел нағыз таза экология қалыптастыра білген бірден-бір таза мемлекет.
Бақытты елдің өзгелерге үлгі етер тұсы аз емес.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<