Бесік той да бәсеке ме?

3146

0

Бесік той да бәсеке ме? Бүгінде халқымыздың тұрмысымен біте қайнасқан,  ықылым заманнан келе жатқан  дәстүрлердің кейбірі ұмыт қалса, енді бірі өзгеріске ұшырауда, яғни уақыт өте келе адамдар заманға сай лайықтап алған. Негізін жоғалтпаса да жаңа толықтыруларға ие болған сондай  дәстүрдің бірі – бесік әкелу рәсімі.

Бесік той бала дүниеге келіп, қырқынан шыққаннан ке­йін жасалады. Дәстүр бо­йын­ша нағашы жұрты бесік әкеліп, үлкендер жағы баланы бесікке салып жатады. Десек те, осы тұста «бесікті неліктен нағашы жұрты әкеледі?» деген сауал көптің көкейінде тұратыны хақ. Себебі, қадым заманда қазақ баласы өз жұртының, соның ішінде өз әкесі жатқан бесікте тербетіліп өскен. Бұрын әжелеріміз бұл бесікте әкең мен бауырларың тербелген деп айтатын. Бүгінде бұл дәстүрдің өңі теріс айналып, қазір балалардың дені нағашы жұрты да­йындаған бесікке бөленуде. Үлкендер жағы мұны қолдамайды. Мұны кейіннен пайда болған үрдіс дейді.

– Қыз бала – қашанда жат жұрттық. Өз үйінен ұшып өзге әулеттің келіні болып барғанда сол елді өркендетемін, сол әулеттің ұрпағын жалғастырамын деп барады. Сондықтан бала ата-бабасының жатқан бесігінде бөленуі керек. Нағашылардың бесік әкелуі кейіннен шықты. Менің балаларымның барлығы бір бесікте тербелді, тіпті, немерелерімде әкесі, атасы жатқан бесікке бөленді, – дейді Батыр ана Базаш Шәмшатова.

Қазір бесік әкелу, бесікке салудың өзі үлкен бәсекеге айналды. Бірінен бірі қалғысы келмегендер дәстүрге  түрлі өзгерістер енгізіп әлек.

– Бесікке салу тойы түрлі тойханаларда өтеді. Өзгелердің қалай қабылдайтынын қайдам, жеке өзім оны да қолдамаймын. Себебі, әр бала өз шаңырағында бесікке салынуы керек. Қырқынан шықпаған баланы тойханада бесікке салғанды қай дәстүрден көрдіңіз? Керісінше, баланы қырқынан шыққанша ешкімге көрсетпей өсірген. Тіл-көз деген болады. Қазір бәрін заманмен байланыстырамыз. Қоғамды құрайтын да, жасайтын да адам. Заманның талабы деп шілдехана, бесікке салуға ер адамдар да қатысып жатыр. Дәстүрде бесікке салу рәсіміне тек әйелдер қауымы жиналған, – дейді қарт ана.

Бесік той да бәсеке ме? Расымен, дәстүрді өзгерткеніміз соншалық, бесіктен бөлек сәбиге арнап төрт мезгіл киімі мен түрлі ойыншығын, еңбектегенінен бастап есейгенге дейін қолданатын дүниелерін әкеледі. Әрине, барлық ана қызының барған жерінде мерейінің үстем болғанын қалайды. Бірақ  ас та төк ысырапшылдыққа жол берудің қажеті жоқ секілді.

Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрге қалам тербеп жүрген жазушы Зейнеп Ахмет­ова бесік әкелу дәстүрін былай түсіндіреді. «Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жас­тық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек…Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті, болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі» дейді.

Қазақта сыйластықтың жөні бөлек. Дегенмен, ата-бабамыз­дан мұра болып қалған салт-дәстүрімізді ысырапшылдық пен бәсекеге бой алдырмай дұрыс қолданғанымыз абзал.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<