Бүгінгі тойда ой бар ма?

802

0

Бүгінгі тойда ой бар ма? Той – халықтың қазынасы. «Той дегенде қу бас домалайды» дейтін  қазақ қазір тойдың түр-түрін жасайтын болды. Әрине, тойдың болғаны жақсы. Алайда, байдың малын шашып, барға ұқсап баққан қарапайым халықты несиеге байлап, ас та төк даңғазалықпен өтіп жатқан тойлардың тәрбиелік мәні қандай? Зер салып көрейік.

Тойдан тойдың айырмасы жоқ. Бәрі сол бір көрініс. Ұзын-сонар тілек айту, естелікке суретке түсу, би жарыс, кейде асабалардың күлдіремін деп бүлдіретін арзан ойындары елді ығыр етіп жібергенін де жасыруға болмас. Тойдың түр-түрін жасап үйренген елге енді оның мазмұнына мән беретін уақыт та келді. Себебі, әрбір қуаныш өзіндік сипатымен мазмұнына сай болса дейсің.

Тарихтан белгілі, қазақ даласында өткен той­лардың дақпырты бүгінге дейін жетуі оның мазмұнында болса керек. Әрбір рәсімнің жөн-жоралғысын ата жолымен жасап келген елде ең түйіні рухани қазына жатар еді. Содан да болар  қазынаға балайтын тойға халықтың ықыласы бөлек.

 Өкінішке орай той көбейген тұста мазмұн да жаңарды. Бірінен бірі асып түсу үшін той бәсекеге айналды. Елді қалай да таң­ғалдырсам екен деп ұшақпен ұшып жүргендер де бар. Аспаннан ақша шашқандардың да «даңқын» естіп жатырмыз. Демек, ел ырду-дырдудан жалықты. Батыстың үлгісі дендеп енген бүгінгі тойлардағы кейбір көріністен де көпшілік жери бастады. Осы орайда той мазмұнын мәселе етіп көтеріп жүрген ұлт батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың пікіріне жүгініп көрсек.

«Біз кез келгендікін оп-оңай аламыз. Өзіміздікін көрсеткіміз келмейді.  Қалыңдықтың киетін көйлектерін қараңызшы. Кеу­де түгел ашық, оның бетіне бір жапырақ фатаны жауып со­ған беташар жасайды. Неге сол жерде үлбіретіп тұрып сәу­келе, ұлттық киім кимеске?! Бұ­рын қыздарды ұзататын кезде қырмызы көйлек кигізген. Үйі­нен шығар кезде қыз қызыл көй­легін шешіп, өзі кестелеп тіккен ақ көйлегін киген» деп жазады.

Көп сыналғанның бірі қалыңдықтың киімі болса, кейінгі кезде жастардың ұлттық киімге ден қоюы байқалады. Әсіресе, ұзату тойларында қырмызы көйлек пен зерлі камзол кию сәнге айналуы қуантады. Десе де Зейнеп Ахметова қазіргі тойларда әкесі мен қызының вальс билеуін сынға алады. «Қазір қыздар ұзату тойында сыңсу емес, әкесімен қоштасу вальсін билейді екен. Қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген? Мұндай салт ешбір ата-бабамызда болған жоқ» деп қынжылыс білдіреді.

Айтқандай, ата-анаға екі жастың торт жегізуі ерсі көрінсе де селт етпейміз. Қабат-қабат тортты ортаға әкеліп, әспеттеп кесудің қаншалықты мәні бар? Бұл нені ұғындырады? Тағы да ел анасының сөзіне құлақ асайық: «Бір сорақы нәрсе – ата-енеге торт жегізу. Оның алдында шам өшеді. Тойда шам өшіру деген ырымға қандай жаман?! Қазақ шырағың сөнбесін дейді. Ал қуаныштың үстінде шам өшіру қазақтың дәстүрінде жоқ нәрсе. Содан кейін жігіт пен келінді ортаға шығарады. Ата-аналары қоса шығады. Шаңырақ көтеріп, жігіт болып жатқан азаматтың қолына әйелге ұқсатып, пышақ ұстатып, оған торт кескізеді. Келін әлгі тортты қасықпен енесінің, атасының аузына салады. Кішкене әдептілік керек емес пе? Бұл – бізде жоқ салт. Қазақта келіннің қолынан шай ішу деген әдемі дәстүр бар» деп және бір шегелейді.

Қазақтың тойын жаулаған өзгенің қаңсығы таңсық болып жүргенін жасыруға тағы болмайды. қалыңдықтың гүл лақтыруы, үлкен-кішінің көзін­ше екі жастың бір-біріне сезімін білдіруі, жігіттің қалыңдығын көтеріп алып кетуі және басқа ерсі көріністер мезі қылғаннан бөлек, дәстүрге айналып бара жатқандай.

Той мазмұнына ой жүгірткен тұста белгілі той орталықтарының жетекшілеріне хабарластық. Олар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді қайта жаңғырту жолында ізденіп жүргендерін айтты.

«Ғидаят» тобының жетек­шісі Гүлмайса Бекетова:

– Бүгінгі тойларда салт-дәстүрлер жақсы сақталып, тіп­ті жаңғырып келеді. Алайда ауыт­қушылық өте көп. Көп­ші­лігі батыстық үлгіге еліктегісі келеді. Менің ұсынысым – тойларда ұятты ойындар тыйылса екен.

«Ғидаят» тобы жақында «Қыз Жібек» сценарийін шығарды.  Мұнда ұзатылып бара жатқан қызды құрбылары ортаға «Гәкку» әнімен алып шығады. Соңында ұзатылып бара жатқан қыз құрбыларына орамал үлестіреді.

«Шаңырақ» тобының же­тек­шісі Арайлым Бай­жі­гітова:

– Ұлт барда салт-дәстүр жойылмайды. Уақыт озған сайын дәстүрдің жаңаруы заңдылық дер едім. Дегенмен, жаңғыртуды өзгенікін алмастырумен шатастырмау керек. Салт-дәстүрді жаңа уақытқа бейімдеп жаңғырту той орталықтарының негізгі мақсаты болуы тиіс. Менің ұсынысым – тойлар бұрынғыдай ашық аспан астында ұйымдастырылса. Мейрамхана жалдау үшін де қанша қаржы кететіні белгілі. Одан да есік алдына шатыр құрып өткізсе, адамдар арасындағы жылылықты, туысқандық байланысты ны­ғайтады әрі қарашаңыраққа деген үлкен құрмет дер едім. Қазір мейрамхананың төрт қабырғасына қамалған жұрт даңғырлаған әуеннің жаң­ғырығымен бір-бірімен емен-жарқын сөйлесе де алмай, шаршап қайтады. Бұл – бір жағынан салт-дәстүрді көрсетуге де мүмкіндік. Мәнсіз ойындардан гөрі, тойларда далада асық ойналып, арқан тартып, қол күрес ұйымдастырылса, мазмұнды болар еді. Тағы бір мәселе – ұзату тойда қыз бен жігітті қатар төрге отырғызу үрдіске айналды. Дәстүрімізде ұзату тойында қыз құрбылармен, күйеу жігіт дос­тарымен бөлек отырып, екі жақ әзілдесіп, айтысып, той көркін қыздыра түскен. Осы дәстүрді қайта жаңғыртсақ деймін.

Қазіргі тойлардағы келеңсіз көріністің бірі – ұзатылатын қызын әкесі қолынан жетектеп әкеліп, күйеу балаға табыстауы. Бұл қазақтың тарихында болмаған. Керісінше, қыз әкесі қоштасар сәтте қобалжығанын байқатпау үшін атына мініп кетіп қалған. Сондай-ақ, қазір күйеу баланы қыздың ата-анасы қарсы алып жатады. Ертеректе қыздың құрбылары мен жеңгелері күтіп алған. Осы көріністі тойда жасап жүрміз. Ұлтымыздың салт-дәстүрін бұрмаламай, жаңғыртып, тәр­бие­лік мәнін насихаттауға күш салуымыз қажет.

Гүлмира Ділдәбекова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<