БИЫЛ СӘН ҮЛГІСІНДЕ ҚАНДАЙ КИІМДЕР?

2681

0

БИЫЛ СӘН ҮЛГІСІНДЕ ҚАНДАЙ КИІМДЕР? Жыл сайын сән әлемінде сан түрлі өзгерістер болып, мезгіл-мезгілмен ауысатын жаңа тренд пайда болады. Pantone зерттеу орталығының айтуы бойынша биылғы жылдың көктем-жаз айларының ең сәнді түсі – күлгін реңді түс. Колористер бұл түстің осы жылы танымал боларына сенеді. Сонымен бірге, 18-3838 нөмірімен таңбаланған реңк адамдарды шығармашылық ізденістерге шабыттандыратын көрінеді.

Ал көктемгі сән үлгілеріне келетін болсақ, күлгін түсті киіммен сары, ақ, қоңыр түсті киімдер жақсы үйлесім табады. Одан бөлек, қызыл түсті көйлекпен ақ, қара, сары және көк түсті костюмдер мен аяқ киімдер киюге болады. Көктемде көпқабатты киім үлгісі танымалдылыққа ие болып, қыздар арасында ұзын және еркін стильдегі киімдер сәнде болады деп күтіледі.

Сырт киімдерден белдігі бар тік пальто сәнде болмақ.  Оның біртүсті болғаны жақсы. Мұндай пальто үлгісі кеңсеге де, күнделікті киюге де ыңғайлы.

2018 жылы қысқартылған шалбарлар да сәннен шықпайды. Мұндай шалбарды тобықты етікпен және кроссовкамен де үйлестіруге болады. Ал кең тұратын свитер көктем мен күзде жиі киетін киімдер қатарына енеді. Ол джинс және классикалық шалбармен, қысқа белдемшемен киюге ыңғайлы. Жаз айларына қарай, жарқын және ашық түсті ұзын көйлектер сәнге еніп, иығы ашық топ сәннен шықпайды деп күтіледі.

Сәнгерлер: “Жыл басынан бері түрлі-түсті және суреті бар шұлықтардың танымалдылығы 72 пайызға артқан. Мұндай шұлықтарды тек спорттық аяқ киімдермен ғана емес, классикалық үлгіде де, тіпті жаздық ашық аяқ киіммен де үйлестіріп киюге болады. Бұл тек жастар арасында ғана емес, барлық жастағы адамдарға ортақ сәнге айналады” – деп болжайды.

Ал, аксессуарларға келетін болсақ, үлкен сырғалардың суретін іздегендердің көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда  947 пайызға өскен. Ерекшелікті ұнататын қыздар қауымы енді ерекше өрнектегі үлкен сырғаларға акцент қоюды дұрыс деп тапқан.

Киіміңізге одан сайын әр бере түсуі үшін дөңгелек пішінді және жиектері шашақтармен безендірілген, көлемі кішкентай әрі жылтырақ сөмкелер сәнде болмақ. Осы жылдың жаз айларына қарай 90-жылдары міндетті аксессуарлардың бірі болған белдік сөмке сәнге қайта енеді. Бұл телефон, әмиян сынды ұсақ-түйек заттарды салуға ыңғайлы.

                                                                                          Жансая ҚЫДЫРБАЙ,

                                        Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<