БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДЫҒЫ ҚАНДАЙ немесе «жасанды интеллект» кімдерді алмастыруы мүмкін?

2851

0

БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДЫҒЫ ҚАНДАЙ  немесе «жасанды интеллект» кімдерді алмастыруы мүмкін? Елімізде жыл өткен сайын демографиялық ахуал түзеліп,  халықтың табиғи өсімі артып келеді. Бұл – бүгінгі дүниеге келген ұрпақ 20 жылдан кейін табысты жұмыс көзін іздейді деген сөз. Сондықтан бәрімізге әлемдегі өзгерістердің қарқынынан қалмай, күннен күнге өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында еңбек етуге бейімделу керек. Ал мамандықты жаңа таңдаушылар оған болашақ тағдыры ретінде қарағанда ғана дұрыс жолға түседі. 

Қазір өндіріске, күнделікті тұрмысқа және барлық салаларға сәт сайын жаңалықтар енуде. Адам баласының өмір сүру тәртібін, нарығын, қала берді тұлғалық қасиетін күрт өзгертетін айтулы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Біз бастауында тұрған төртінші революция ауқымы, қарымы мен күрделілігі жағынан осы уақытқа дейінгі адамзат тарихындағы құбылыстардың барлығынан асып түседі. Сондықтан Елбасы төртінші жаһандық өнеркәсіптік революция кезеңіндегі түбегейлі өзгерістерді қабылдап қана қоймай, оның ағынына ілесу туралы ұдайы айтып келеді. Бұл өзгерістер ел экономикасының дамуы­на әсер етіп қана қоймайды, жаппай жұмыссыздықты да туындатады. Сол үшін болашақ мамандық иелерін дұрыс таңдау жасауға бағыттаудың маңызы зор.

Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Клаус Шваб «Төртінші индустриялық революция» атты кітабында жасанды интеллект, роботтандыру, робот-автомобильдер, 3D баспа, нанотехнология, биотехнология дамығанда пайда болатын таңғаларлық технологиялық дүмпулерді адамзат игілігіне жарату туралы жазады. Аталған форумда 2020 жылға қарай жер бетіндегі 5 млн адам жұмыссыз қалатыны туралы болжам айтылды. Жасанды интеллект, робототехнология және биотехнология адамдардың ауыр жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тез арада әрі сапалы істейтіні белгілі болып отыр. Бұл технология адам ойының жемісі болғанымен, бәсекелестік ортада оны жеңіп шығуы мүмкін.

Аты әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясы жүргізген зерттеулер қазіргі мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің 65 проценті бүгінгі күні мүлде жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істейтінін айтып отыр. Оған қоса жаңа уақыт бірнеше саланың қыр-сырын қатар меңгеруді талап етуде. Мәселен, болашақтың мамандығы – виртуалды орта дизайнеріне редакторлықты, психологияны  қоса  игеру керек.  Қазіргі «адамдардың бәрі бір-бір гаджетке байланған» деген қаупіміз 2026 жылға қарай  қалыпты жағдайға айналмақ. Өйткені ол кезде миллиондаған адамдар виртуалды әлемде жұмыс істеп, ақша тауып, білім алатын болады. Ал виртуалды орта дизайнері сол әлемді жобалап, адамдардың байланысуына қолайлы жағдай туғызады. Тағы бір болашақтың мамандығы – робоэтика адвокаты коммуникация, философия және этиканы білуі тиіс. Бұл мамандар алдағы роботтар дәуірінде адамдар мен «жасанды» интеллект арасындағы моральдық және этикалық нормаларды жасап, бәсекелестік ортадағы әркімнің құқын белгілейтін  болады.  Зерттеушілер «адам істейтін барлық жұмысты бірдей роботтар атқара алмайды»  деген тоқтамға келгенімен, цифрлық технология дәуірі адамның тұлғалық, кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынын да айтуда. 

Ресейлік аналитикалық компания жақын болашақта еңбек нарығында қажет болатын 15 мамандықты атап көрсетті. Бізге биоинженер, жаңартылған энергия бойынша инженер, «ақылды» орта жобалаушысы, робототехника бойынша маман, киберқауіпсіздік маманы, баламалы энергия бойынша маман, нейропсихолог, биоинформатик, бағдарламашы, инженер-жобалаушы, 3D баспа инженері, гендік инженерия маманы, виртуалды дизайнер және архитектор, биофармаколог сияқты мамандықтардың қазір бірді-екісінің аты ғана таныс.  «Бұл мамандықтарды фантастикалық әлеммен байланыстырып жүргендер қателеседі. Өйткені «жасанды» интеллекттің кең таралуы еңбек нарығын тым жылдам өзгертуде. Сондықтан жастар дәстүрлі білім моделінен алыстап, білігі мен машығын жетілдіре беруі тиіс» дейді сарапшылар.  

Қазір Қазақстан жоғары оқу орындарының саны бойында Ұлыбритания, Жапония, Германия сияқты елдерді басып озды. Осы университеттер мен институттарда 300 мыңнан астам бакалавр оқиды.  Бірақ ел экономикасында осынша бакалаврға, әсіресе, заңгер, экономист, қаржыгерлерге  сұраныс жоқ. Жоғары оқу орындарында 27 процент экономистер дайындалғанмен, еңбек нарығында жұмыс істейтін қаржы саласы мамандары 13 проценттен аспайды. Керісінше елімізде техникалық, кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарды қажетсінетін 20 мың жұмыс орны бос тұр. Экономикалық әлеуеті жоғары елдерде мектеп бітірушілердің 80 проценті жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды. Ал біздің мектеп бітірушілердің 15 проценті ғана мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды. Басым көпшілігі тәуекелге бас тігеді.   Бұл деректерді облыс әкімі Ресейдің жоғары оқу орындарын бітіріп келген түлектермен кездесуде айтқан еді.

Тағы бір сауалнама қоры­тындысына жүгінсек, өткен жылы даму­шы елдерге, соның ішінде елімізге келген инвесторлар Қазақстанда жұмыс істеуге кедергі болатын басты фактор ретінде жергілікті мамандардың біліктілік талаптарына сай келмейтінін айтқан. Осындай факторлар болашақтың еңбек нарығына керек, кәсібін қиындықсыз өзгертуге қабілетті, аса білімді  мамандарды әзірлеуді талап етіп отыр. Бұл ретте 2014 жылдан бері Мәскеу мен Санкт-Петербургте оқып жатқан түлектердің алғашқы қарлығаштары туған жерге оралып, өндірісте, кәсіпорындарда еңбек ете бастағанын мақтанышпен айтамыз.  Мәскеу Мемлекеттік уни­верситетінде «Киберқауіпсіздік» жә­не «Процестерді математикалық мо­дельдеу» саласына, Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар саласына мамандар әзірлеу арқылы болашаққа берік негіз қалануда.  Оған қоса Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумы бойынша Қызылорда облысы мектептерінің үздік түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургте оқуға білім гранттары бөлінетін болды. Ал облыс әкімі грантының 70 процентін ІТ-мамандықтарына қарай бағыттау арқылы ертеңіне сенімді мамандар шоғыры қалыптасып келеді. Таяу онжылдықта олардың барлығы да өмірден өз орындарын тауып, ақпараттық дәуірдің тасқынына төтеп беретін мамандар болып қалыптасатыны сөзсіз.

Р.S. «Қазіргі балалар бұрынғы оқушылардай «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаза ма? Болашақ мамандығы туралы арманы қандай?» Бұл мақаланы жазу барысында жүргізілген шағын сауалнама еді. Қорытындысын айтсақ, дәрігер, оның ішінде хирург болғысы келетіндер баршылық. Себебі хирургте ақша көп болады деп ойлайды. Әнші, ІТ маманы, дизайнерлікті, ғарышкерлікті  қалайтындар да бар. Мұғалім, оның ішінде ағылшын тілінен сабақ беруді армандайтындар да жеткілікті. Қаржыгер, биржа маклері, архитектор, сот боламын деушілерді де кездестірдік. Біздің балалар президент, әкім, миллионер де болғысы келеді. Армандар аласармасын!

Биылғы тамыз мәслихатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Шындығына келгенде, біз балаларды қазіргі экономика үшін емес, келбеті енді ғана айқындалып келе жатқан мүлде жаңа, қатаң бәсекеге негізделген, креативті (жасампаз) экономикалық ортадағы өмірге әзірлеуіміз керек. Сондықтан, уақыттан да оза жүруге жұмыс істеу қажет, яғни біз ұзақ мерзімді перспективаны көздеп еңбек етуіміз керек. Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілуге ұмтылған елімізге жасампаз, білікті, өзгерістерден қорықпайтын мамандар қажет» деген еді.

Мамандардың айтуынша, ең алдымен робототехника көлік және жүк тасымалы саласына енеді. Жүргізушісіз көліктердің пайда болуына орай өндірістегі монтаж-құрылыс, кен өндіру  салалары біртіндеп адам күшіне тәуелділіктен арылады. Бірақ білім, өнер, шығармашылық, іздену, сараптау салалары адамдар еншісінде қала бермек. Оған «жасанды» интеллекттің шамасы жетпеуі мүмкін. Бірақ жоғарыда роботтардың иелігіне өтетін салаларда адам мүлде жұмыс істемейді деуге болмайды. Бүгінде адам мен адам арасындағы бәсекелестік ортада өмір сүріп жатсақ, таяу болашақта адам мен «жасанды» адам бәсекеге түседі. Осы алаңда тек білімді, жаңалықтарға тез бейімделгіш, өзгерістерден қорықпайтындар ғана еркін жүре алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<