Бәрі сұлу көрінер алғашқыда…

1124

0

Бәрі сұлу көрінер алғашқыда... «Сұлулық – әлемді құтқарады» деген тәмсіл бүгінде ешкімге таңсық болмай отыр. Сөздің шыны керек, әдемі боламын деп жасанды сұлулыққа ұрынып жүргендер жетерлік. Бұл тараптағы жарыс кейде «бояушы, бояушы дегенге сақалын да бояпты» дегеннің керін келтіріп, жағымсыз әсер қалдыратыны, рас.

«Қыздарға әсемдік жарасады» немесе «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген, Ақ үйден бір қыз шықты, көзі күлген» деген қазақ қашан да қызын жоғары бағалап, гүлге теңеп, әсемдік пен сұлулықтың, ақылдылық пен тәрбиеліктің символы санаған.

Алайда, бүгінде «жасанды» сұлулық етек ала бастады. Қара­көздеріміз арасында «make-up» арқылы, жасанды қас, кірпік ар­қы­лы сұлу көрініп жүргендер аз емес.

Көп жағдайда талғамға талас жоқ дегенімізбен, исі қазаққа тән тазалық, табиғилық, шынайылық сынды құндылықтарды жоғалтып алғанымыз қынжылтады. Заманға ілескен косметология саласының бүгінгі мүмкіндігін тек қалтасы қалыңдар емес, күтіміне мән беретіндер пайдалануға әуес. Артық қыламын деп тыртық қылатындар жоқ емес. Әрине, күтім керек. Бірақ кез келген дүниенің шекарасынан аспау да – шеберлік. Себебі, қасын түк қалдырмай жұлып, орнына ойып тұрып бояу құйып, қолдан қас жасау, сонымен қатар ернін үлкейту, шаш пен тырнақ жалғау, бұған қоса линза арқылы көз түсін өзгерту секілді жаңалықтың жанында біз айтып отырған жай ғана бояну түкке тұрмай қалады-ау.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ұзын кірпік көз ауруына ұшыратып, уақыт өте келе соқырлыққа ұласатынын дәлелдеген. Жасанды кірпік көзге желім арқылы жапсырылады. Бұл көзге ауа жібермейді, сонымен қатар көзде түрлі індеттің пайда болуына ықпал етеді. Әсіресе, аллергия, коньюктивит дертін туындатып, көздің торлы қабағын ауруға ұшыратады. Қасқа татуаж жасатудың да өзіндік зардаптары жетерлік. Татуаж органикалық бояудың теріге егілуі арқылы жүзеге асырылады. Ғалымдар бұл бояудың аллергия тудыратынын, ағзадағы герпес вирусының оянуына ықпал ететінін айтады. Сондай-ақ, ми қыртысы, жүйке жүйесінің дамуын тежейді екен.

Бүгінде сұлулықты қолдан жасайтын визажист, косметолог, татуаж шеберлерінің қарасы көп. Бұл да кәсіп қой. Себебі, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп жатқан сән салондары қаптап кетті.

Сән қуудың да өз ережесі бар. Бастысы, талғаммен өзіне жарасатынын алу керек. Шын мәнінде әдемі болып көріну – өнер. Сұлулыққа ұмтылуды асырасілтеушілікпен шатастырмаған да абзал. «Қыз қылығымен сұлу» деген емес пе, халық даналығы. Ендеше жасанды сұлулық құндылығы кімге керек? Ол жанға да, көңілге де жылу бермесі анық. Қазір тек тойларда ғана емес, тіпті қоғамдық көлікте кейбір ақ жаулықты аналарымыздың боялған шашы мен ұзын тырнағын, жасанды қасы мен кірпігін көргенде, кешегі жүзінен мейірім төгіліп тұратын әжелердің бейнесін аңсап кететініміз, рас. Әдемі қартаюдың өзі ұлтымыз үшін үлкен бақыт екенін ұмытпайықшы…

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<