Демалыстың құны қанша?

875

0

Демалыстың құны  қанша? Жаздың аптабында демалысқа шыққан жұрт жанға жайлы, табиғаты көркем, ауасы таза жерлерде демалуға бет алады. Сондай-ақ, шетелдерге шығып, теңіз жағалауларында тынығып, тарихи жерлерді тамашалауды жоспарлайды. Бүгінде елімізде демалысын өзге елде өткізгісі келетіндердің қатары жыл санап артып келеді.

Қазіргі уақытта барамын деген жағыңа жол сілтеп, апарып-алып қайту қызметін атқаратын туристік фирмалар көп. Тіпті, жеке тур өткізетіндер бар. Қай елге барам десеңіз де, жол ашық.  Тек қалтаңыз қалың болса болғаны. Осы ретте бізде отандық және шет елдік жазғы демалыс орындарымен оған кететін шығындарды бағамдап көрген болатынбыз.

Сонымен, табиғаты мен сұлулығы үйлесім тапқан Түркия еліне демалу құны 66000 теңгеден басталады. Оның ішіне жатар орның, тамағың, барып-қайту билетің кіреді. Одан да өзге қызмет түрін алғыңыз келсе, үстеме ақша төлейсіз. Бүгінде Қызылордадан Түркия еліне ұшатын тікелей рейс бар. Демек, түрік жұртына бару аса қиындық туғызбайды. Ал, тари­хымен ерекшеленетін Египет еліне сапар 100-150 мың теңгені құрайды. Көрші қырғыз ағайындардың Ыстықкөліне барып демалғыңыз келсе, қалтаңызда 50000-200000 теңге көлемінде қаржы болу керек.

Аймақтағы туристік агенттіктің бірі “Орда тур” агенттігіне хабарласқанымызда директоры Әсел Әлиева саяхаттау жайында көптеген ақпармен бөлісті. Ол жыл басынан бері қызылордалықтардың Египет пен Түркияға туристік жолдамаға деген сұранысы көбейгенін айтады.

– Бүкіл елге сұраныс бар. Еуропа мен Азияға, әсіресе, Түркияға барғысы келетіндер көп. Бірақ мұның барлығы қаржы мәселесіне тіреледі. Түркияны таңдаудың бір себебі – ақша үнемдеуге ыңғайлы, екіншіден визасыз 90 күн бойы жүре аласыз. Ал, Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерінде аптап ыстық басталғандықтан, жазда ол елдерге демалушылар аз барады. Сондықтан қазір 150 мың теңгенің жолдамасын да табуға болады, – дейді Әсел Әлиева.

Осы тұста «Неге өзіміздің елімізде демалмасқа, табиғаты көркем ерекше орындар бізде де бар емес пе?» деген сұрақтың қылаң беретіні жасырын емес. Агенттік директорына жолдап та көрдік. Оның айтуынша, Қазақстанда демалу құны өзге елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбатырақ, әрі оған кіретін қызмет көлемі де аз екен. Мысалы, Сарыағаш пен Манкентке 10 күнге демалу үшін кемінде 100-120 мың теңге керек. Көкшетауда демалу құны орташа есеппен бір күнге 15 мыңнан басталады. Есептей беріңіз, он күнде 150 мың теңге кетеді. Бұл ақшаға сіз шет елде де демала аласыз.

– Рас, отандастарымыз Түркия, Тайланд, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне барып демалғанды ұнатады. Мына тұрған Өзбекстан мен Қырғызстанға ат басын жиі бұратындар да бар. Алакөлден гөрі Ыстықкөлде демалғанды ұнататындардың қарасы тіпті көп. Өйткені, демалуға кететін құн көңілге қонымды, виза керек емес, қажет болған жағдайда агенттік өзі дайындап береді. Біздің өлкедегі демалыс орындарына баратындар көбіне үлкен кісілер. Демалып әрі дертіне ем алу үшін агенттік қызметіне жүгінеді, – деді агенттік директоры.

Жалпы, Қазақстан азаматтары Америка, Азия, Таяу Шығыс, Африка және ТМД-ның бірқатар еліне визасыз бара алады.

Мәселен, Грузияға визасыз 1 жылға дейін, Арменияда  180 күнге дейін,  Албания, Әзербайжан, Беларусь, Колумбия, Коста-Рика, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Намибия, Ресей, Түркия, Украинада 90 күн жүре алатын болса, Аргентина, Барбадос, Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Ливан, Мальдив аралдары, Малайзия, Біріккен Араб Әмірлігі, Сейшел аралдары, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин аралдары, Эквадор, Сербияда 30 күн демала алады. Ал,   Гонконгте  14 күн, Черногорияда жаз мегілінде 1 айға, Тунис және Хайнань аралдарында туристік жолдаманың мерзіміне сәйкес еркін жүре алады.

Десе де, саяхатқа шы­ғар алдында мынаны ескеру керек. Демалуға баратын елді таңдағанда, ең алдымен, адам өміріне, денсаулыққа қауіпсіздік жақтарын ескерген жөн. Саяхатшылар үшін шет елдердегі әртүрлі қауіпті жағдайлар – террористік актілер, жұқпалы аурулар, эпидемия, табиғат апаттары, алаяқтық, ұрлық аса қауіпті. Сондықтан мұны алдын ала бағамдау қажет. Бүгінде виза мәселесінде де еш қиындық жоқ, мұның барлығымен агенттік айналысады. Міндетті түрде агенттікпен келісім-шартқа отыру керек. Сондай-ақ, өзге елге барып, қайта елге жете алмай қалатын жай кездеседі. Мәселен, “Туристік Қамқор” корпоративтік қорының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 200-ден астам қазақстандық турист 7 турагенттіктің алаяқтық әрекетінен зардап шеккен. Мұндай орын алмас үшін агенттіктің ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тіркелгендігіне көз жеткізуді ұмытпаған абзал. Оған қоса туроператор арқылы шетелге саяхаттауға шыққан азаматтар міндетті түрде туркод пен сақтандыру полисін алуы керек. Себебі, агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда немесе демалыс уақытында қиындықтарға тап болса, аман-есен елге оралуына көмектеседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<