Дәстүртану сабағы керек пе? Мұны негізі әрбір ата-ана ұл-қызына өзі үйретуі керек еді. Бірақ…

1300

1

Дәстүртану  сабағы керек пе? Мұны негізі әрбір ата-ана ұл-қызына өзі үйретуі керек еді. Бірақ... Жақында үш баласы бар таныс апаймен дәстүрлеріміз туралы әңгімелесіп қалдық. Отанасы «Айталық, шолпыны қыздар тек әдемі болу үшін таққан. Қазір мұның маңызы жоқ» деп бейғам отыр. «Неге? Шолпының атқаратын үш  маңызды міндеті бар. Біріншіден, күмістен, ауыр металдан жасалған шолпы қыздың бұрымын тартып, тік жүруге үйретеді. Қазір ғой, бүкірейген қыздардың «осанканы түзеймін» деп шапқылап, дәрігер жағалап жүргені. Екіншіден, қыздар асығыс, арбаңдап жүрсе шолпының даусы да тым қатты естілетін болған. Демек, шолпы қыздың мәдениеті мен сыпайылығы­нан хабар берген. Үшіншіден, үйге бөгде ер адам, қонақ келгенде сырттан естілген шолпының сыңғырынан бұл үйде бойжеткен қыз барын біліп, ол үйге кіргенде көзін төмен салған», − деп едім, бір шолпының өзі ұлттық тәрбиемізде қаншалықты маңызды екенін аңғарғандай таңырқап қалды. Мен де мұны жақында ғана білдім. Ойланып көріңізші, қазақ қыздары жаппай шолпы тағып жүрсе, қалай болар еді?

Тағы бір мысал, қонақ келгенде табақ тартудың маңызын білеміз бе? Сыйлы қонаққа бас, жамбас секілді сүбелі ет, жіліктерді, күйеу жігітке төс, қызға құймышақ берілетінін бүгінгі жастар білмейді. «Ішкен ас кешке жетпейді, ықылас естен кетпейді» дейтін қазақ, табақ тарту арқылы қонаққа құрметін, сол отбасы үшін алатын орнын білдірген. Тойларда етті табаққа саларда «білетін кісі» іздеп, тіпті ол адамға ескертіп, арнайы дайындап қоятынымыз бар ғой. Мұндай жөн-жоралғыны білетін адамның тапшы бола бастауы ұлт үшін жақсы емес.

Соңғы уақытта ене мен келіннің салқын, дау-дамайға толы қарым-қатынасын қалыпты көре бастадық. Бір-бірін ұнатпаса, сырттай сөз етсе, селт етпейміз. Өйткені жақсы дәстүрді елемейтін болдық. Қазақ келіні таңертең атасы мен енесіне иіліп, сәлем салатын. Ал, үлкендер бата беріп, ақ тілек айтады. Байқайсыз ба, бұл үйдегі таң, тірлік жақсы тілекпен басталады. Таң атқаннан ата-енеге құрметін білдіріп, сыйлайтын келін енемен бет жыртысып ұрсыса ала ма? Қазір қыз-келіншектердің жаппай ақы төлеп қатысып жүрген семинар-тренингтеріндегі «тек жақсылық ойлау», «жақсы энергетика», «таңертең адамдарға, жақын жандарға міндетті түрде тілек тілеу» деген ақыл-кеңестер дәстүрімізде бар еді. Дәстүрді ұмыттық, мінез, әдет өзгерді, талай адам от басты, талай отбасы шайқалды. Енді баяғы жақсы әдетімізді қайтару үшін «ақылды сатып ала» бастадық.

Біз тек дәстүрлерді ғана емес, сөздерді де ұмыта бастадық. Айталық, бес арыстың кімдер екенін білгенімізбен, «арыс» сөзінің мағынасын түсінбейміз. «Ойын мәймөңкелеп жеткізді» дейміз, сонда мәймөң­ке дегеніміз не? «Ас – адамның арқауы». Арқау дегенде көз алдымызға не елестейді?  Дәл осындай «сөздерді ұмыту, түсінбеу» жағдай            ы күншығыс елінің де басынан өтіпті. Бірақ олар дер кезінде шешім тауып, атакәсібі – күріш өсіруді қайтадан қолға алған. Жері тар, табиғаты қолайсыз Жапонияға күрішті сырттан тасымалдаған әлдеқайда тиімді еді. Бірақ күріш импорттауға кететін қаржыдан он есе шығындалып, күріш еге бастаған. Себебі, олардың қолданыстағы сөзінің 70-80 проценті күрішпен байланысты. Егер сөздердің мағынасы ұмытылса, тіл жоғалады, тілі, өзіндік ерекшелігі жоқ болса, ұлт та жоқ. Жапондар ұлт ұпайын солай түгелдеуге көшкен. Өзімізге оралып, жоғарыдағы сөздеріміздің мағынасын тар­қатайық.

«Арыс – киіз үйдің шаңырағының үлкен шеңбері» дейді осы тақырыпты тереңірек зерттеп жүрген қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы. Бір деректерде шаңырақты ұстап тұратын уықтардың ең мықты, негізгісі делінеді.  Қалай десек те, «арысым еді, арысымнан айырылдым» деген теңеу сөздің көшпелі қазақтың баспанасына, шаңырағына тікелей қатысы бар. Ал, мәймөңке – алашаның өрмек жіптерін қиып алмай, үзбей, шатастырмау үшін қолданылатын жұп-жұқа  құрал. Сөздің тігісін жатқызып, бірден айтып салмай, жұ­қалап жет­кізген адамды «мәй­мөңкелеп сөйледі» дейтініміз содан. Арқаудың да қолөнерге қаты­сы бар. Алаша тоқығанда өрнек­тері түзу, әдемі тү­суі үшін тіреп тұ­ратын бұйымды арқау деп атаған. Демек, адамның да жүзі жайдарлы, ең­сесі биік болу үшін арқауы дұрыс болу керек. Байқадыңыз ба, біздің сөздеріміз де атакәсібімізге, дәстү­рімізге тікелей қатысты. Демек, ұлттық болмысымызды, сөздерімізді ұмытпау үшін атакәсіппен айналы­сатындардың саны артып, дәстүрді білетін, құрметтейтін жастар көбеюі керек.

Артымызға қарасақ, отбасында береке мен бірлік ұйыған, айдалада қол алысып берген уәдені бүгінгі нотариустың мың қағазынан артық бағалайтын, уәдеге берік, қызы өнегелі, ұлы өжет елдің тарихын көреміз. Жақында бір ағайымыздан білдім: қазақта «жесір» деп тек ері өмірден өткен әйелді ғана айтқан екен. Ал бүгінде біз ерінен ажырасқан әйелді де «жесір» деп атай саламыз. Біле білсек, қазақта ажырасқан әйелді атайтын атау жоқ.

Біз идеал санайтын, өркендеп, дамып кеткен батыс елдері қазір қайтадан рухани құндылықтарын іздеуде. Біздің ұлтта дәстүрді білетін, салтты құр­меттейтін, сөздің төркінін аңғаратын ата-әже, аналар, азаматтар бар. Алайда, жоғарыда біз мысал еткен үш баласы бар отанасының сөзінен көп дәстүрді білмейтінін байқадым. Қазір дәстүрді білмейтін жас­тар, жас ата-аналар көп. Ал адам өзі білмеген дүние­сін біреуге, ұл-қызына үйрете ала ма? Қазіргі уақытта ұлттық кодымызды, қазақ екенімізді білдіретін ерекшеліктерімізді жас ұрпаққа үйрету ісін тек ата-анаға сеніп тапсыра аламыз ба? Сондықтан, мектеп пәндеріне қосымша «Дәстүртану» сабағы қосылуы керек. Өңірлерде «Рухани жаңғыру» орталықтары жұмыс істеуде, сол орталықпен бірлесіп педагогтар әр тоқсан сайын  тәрбие сағаты, тағылымды шаралар ұйымдастырса, рухани жаңғыру жолындағы ұтымды іс болар еді. Дене шынықтыру сабағында ұлттық спортқа үлкен мән беріліп, балалар  атқа мінуді, көкпар шабуды үйренсе, олардың дәстүрге, атакәсібімізге деген қызығушылығы артар еді.

Сіз не дейсіз?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<