Елорда тойы – елдіктің тойы

416

0

Елорда тойы – елдіктің тойы 6 шілде – астаналықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақ жұрты үшін айтулы күн. 1997 жылы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы ел астанасының Ақмолаға ауысқанын ресми түрде жариялады. Ал бас қаланы көшіру идея­сы 1994 жылдың дәл осы күні көтерілген еді.

Дегенмен, 90-жылдардың басында елор­даны тұрғызу қиял секілді көрінгені рас. Жаңа астананы салу үшін қыруар қаржы, мол инвестиция қажет-ті. Астананы әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналдыру жоспары ал­ғаш­­қы сәттен бастап жүзеге асырыла бастады. Бас қаланы салу­­ға отандық және әлемдік сәулет­шілер бірдей тартылды. Уақыт өте келе қиялдағы дү­ние шындыққа айналып, ерке Есілдің бойында ертегідегідей қа­ла пайда болды. Бүгінде ол адам танымастай өзгерді. Жас­тар­ды болашаққа бастайтын бас қала өнер, білім-ғылым мен мә­де­ниеттің ордасына айналып үлгерді.

Қысқа мерзім ішінде сән-салтанаты келіскен сәулетті шаһар тұрғызу, Астананы абаттандырып, ажарын айшықтау – Елбасының ерен еңбегінің жемісі деп бағалауға болады. Бұл туралы Президент: «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан. Себебі олар туған сәтінен бас­тап біздің көз алдымызда», – дейді бір естелігінде. Ел ордасы әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеу жолында өз мақ­сат-мүддесін орындады. Қазіргі таңда Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем ел­дерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады. Тарихи маңызы зор шешімдерді қа­былдайды. Көкке ұмтылған біре­гей, зәулім ғимараттары көз тартады.

Астана күні – тәуелсіз ел тарихындағы айрықша мей­рам. Өйткені бұл қала – тәуелсіздігіміздің символы, ел дамуының локомотиві және барша қазақстандықтың ор­тақ мақтанышы. Жиырма жылдың ішінде еңсесін тіктеп, әлемнің алып шаһарларымен иық теңестірген ел ордасының атауы парсы тілінде «киелі орын», «босаға» деген мағынаны білдіреді екен.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<