Иттің тектісін түгендеу қажет

949

0

Иттің тектісін түгендеу қажет Қазақ әуелден жеті қазынаға итті емес, тазыны қосты. Бұны біліп қосты. Өйткені, тектен-текке бағаламады. Сондай-ақ, аштық келіп, ел аласапыранға түскенде бүтіндей бір ауылды асыраған осы «қазынаң» жайлы әңгіме-хикая да көп. Әңгіменің ауаны бұл емес. «Ит шіркіннің аз емесін, оның барлығы тазы емесін» былайғы жұрт білсе де, жетекке алып, бұрынғының ізін жалғастырғандар бүгін сирексіп тұр. Иә, айтқым келгені, асылтұқымды иттің бұл түрін ұстап, аңға салып жүргендердің қатары Сыр жерінде көп емес. Тіпті есік алдына қаңтарып, келгеннің көзі мен сөзінен ғана мақтаныш алатындар да бар. Қысқасы, тазы төңірегінде түйткілді мәселе көп. 

Енді қараңыз. «Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» деген қанатты сөз бар. Қазақтың тазыны қалай қадірлеуін осы­дан-ақ аңғара берсеңізші. Әйт­песе, ілгеріде өмір сүрген бай-бағ­ланың да, аңшы қауым да тазыны тұңғышындай мәпелеп, барынша баппен ұстағанын айтпасқа тағы болмас. 

Қош, біз қала  маңындағы Абай ауылында тұратын Жеңіс­бекті сырттай білетінбіз. Оған да себеп тазы тақырыбы. Өйткені, қазақтың қазынасын ардақтап келе жатқан жігіттің тазысын ел мақтайды. Тіпті күшіктерін ауыл тұрғындары таласып алып кетеді екен. Одан бөлек қазақы төбеттер де асырайды. 

– Қазақы тазы туғалы тал­ғампаз боп өседі. Лас жерге жатпайды, өлексені жемейді. Бір қарағанда «тазы» деген сөздің өзі тазалықты әспеттейтін сияқты ма, қалай?! Ендігі ерекшелігі, ол – әмбебап. Мәселен, орыс­тар аңға шыққанда бес-алты ит ертіп жүреді ғой. Оның бірі аңды ұстайды, екіншісі інге кіреді, үшіншісі суға түседі. Ал қазақы тазының бойында осы қасиеттің бәрі бар. Орыс пен ағылшын тұқымды иттер аңды көрсе ғана қуса, ал қазақтың тазысы өзі іздейді, иесіне солай көмектесетіні бар. Айтпақшы, өзге иттердей ұстаған аңға өштесіп, жарақаттамайды, те­рісін жыртпайды. Қалай ұс­тайды, сол күйі иесі келгенше күтіп тұрады. Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады, – дейді Жеңісбек. 

Бала күнінен қазақы тұқым­ды иттерге қызығушылық танытып, ерекше қасиетіне қанығып өскен Жеңісбектің аңға шығып, иттерін оған баулымаса да, аса қызығушылықпен асырауы біз­ді қуантты. 

– Тазы өзге иттер сияқ­ты жыртқышпен ашық ай­қас­пайды, көп жағдайда қас­қыр­дың тілерсегін қиып жіберіп, иесі келгенше күтіп тұрады екен. Бұндай оқиғаны әкем талай рет кездестіріпті. Бала кезімде құмай тазының ерекше қасиеттері туралы көп әңгімелейтін. Жалпы, оны асырау, аңға шығу қанымызда бар қасиет қой, атқа мініп, тазыларды ертіп, далалыққа шықсам, сергіп сала беремін. Жеңілдеп қаламын, – дейді ол. 

Сонымен біздің келесі кейіпкер Қармақшы ауданында. Дәлірек айтқанда, аудан орталығы Жосалы кентінде тұратын Әділбек Серікбаевтың тазы асырағанына 10 жылға жуық уақыт өткен. Аудандағы «Тазы ұстаушылар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі асыл­тұқымды иттің бұл түрін елі­міздің шет-шетінен алдырып, ұстап отыр.

 – Ер адамдарға тазы ұстауға кеңес берер едім. Тазы – тұрған философия. Басқа итке ұқсамайды. Аңға шыққанда оған талай мәрте куә болдым. Жұмысым қауырт болса да, ит баптаумен шұғылданамын. Ол бір мезгіл менің атқа отырып, аңға шығуыма әсер етсе, екіншіден, мұның адам денсаулығы мен рухани байлығына тамаша пайдасы бар. Қыста уақыт табуға тырысып, саятшылыққа шығамыз, – дейді Әділбек аға.

Бірнеше жылдан бері ұлттық қазынаны дәріптеп жүрген ағамыз аудан көлемінде тазы тұқымын толықтыруға ықылас танытып жүр. Өзінің айтуынша, ауылдық жердегі жас жігіттерге бірнеше тазысын беріп, жақсы иттің қорын көбейтуге ақыл-кеңесін де аямаған.

– Тазыны жүгіртіп отыру керек. Онсыз болмайды. Егер шынымен тазыға азар бергің келсе, үш күн үйге қамап қойсаң жетіп жатыр. Әрі қарай оны ұстап тұру өте қиын. Өйткені, ол жүгіруге жаралған. 25-30 шақырымға дейін жүгірген тазы, сол екі күннен кейін қайта шабыс тілеп, аласұрып тұрады. Солай. Қазақы тазыны жиі-жиі серуендетіп, жүгіртіп тұрмаса, табиғатына қарсы келгенің, – дейді ағамыз.

Әділбек ағаның айтуынша, қалталы жігіттер қолдау білдірсе, қазақы тұқымды ит­тердің барлық түрін көбейтуге мүмкіндік бар. Айтпақшы, біз­дің кейіпкер Ақтөбе, Павлодар қалаларынан арнайы тапсырыспен тазы алдырып, аудан көлемінде тұқымын көбейт­пекші.

Пеш түбінде қалғып-мүл­гіп, сүтке тойып, шірене керіл­ген мысықты бізде онша жақ­тырмайтыны рас. «Мы­сық­тілеу», «мысық­пиғылды» деген масылдыққа жақын теңеудің өзі жақсы емес қой. Кейде бұл сөздің «болмасын» деген ниет­тен туған базбіреудің іште жатқан бұзық ойына қарата айтылатынын үлкендерден көп естігенбіз. Ал иттің тілегі ие­сі­мен бір екені бұрыннан белгілі. Ашығын айтсақ, тәуір иттің жұрнағы ғана қалды бізде. Ал оны көбейтуге көп­шілік ықылассыз. Бірен-саран Жеңісбектей жігіттер мен Әділбектей ел ағалары болмаса, қарғыбау салып, тазы баптап, томаға сыпырып, қыран ұстаған қазақтың Сыр бойында тым сиреп баратынын несіне жасырайық?! Ұрпаққа өнеге болар өнердің көңілден көмескі тартпауына кедергі жасайтын жарқын жобалар бізге көптеп керек. Ұлтжанды азаматтар осыны ескерсе. Ал ұлт құндылығын ұлықтау – елдік пен ертеңгі күнге деген қадамның жарқын көрінісі екенін бізсіз де көзі қарақты оқырман жақсы түсінеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы» 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<