Кезекке де кезек керек

553

0

Кезекке де кезек керек – Кезектің соңы кім?
– Менмін, айналайын.
– Ендеше сізден кейін болайын, – деп жас жігіт емхананың тіркеу бөлімінің алдындағы орындыққа, менің жаныма жайғасты. Таңғы қабылдауға асыққандардың қатары көп. Кең залды жағалай қойған орындықтың шетінен ғана орын бұйырған жас жігіттің кезегі де жақын емес еді. Осылайша кезек күтіп отырып, әңгіме бастап кеттік. – Бүгін кешке жұмысқа жүруім керек. Дәрігерлік тексеруден өту үшін келгенмін. Ұйықтап қалыппын, – деп сөзін бастады жігіт.
– Үлгермейтіндей болсам, тәтеме айтармын. Осында жұмыс істейді. Аға, саған көмек керек пе? – деді.
Сөйткенше болмады, тіркеу бөлімінің ақ халатты қыздары да көрінді. Қызметтік орындарына жақындаған оларды кезектегі халық «ыстық ықыласпен» қабылдады. Тіпті жаңа ғана кезек құрып, медбикелерді күтіп отырғандарды танымай қалдым. Кезектің өзі кезек күтіп қалып, емхананың ішінде «сауда» басталғандай сезілді. Кәдімгі сауда емес, өзгеше. Әжелеріміз жасын, аталарымыз сақалын саудалағанда қазақылықтан аттамаған жас буын жол береді. Осылайша жаңа кезек құрылады.
Тартынып жүріп мен де жұмысымды бітірдім. Кеш те батты. Емханадан шығар тұста әңгімемнің басындағы кейіп­керім есік алдында алаңсыз тұр. Мені көріп:
– Аға, жұмысыңыз бітті ме? Мен тәтеме айтқанмын. Қазір қол қойдырып беремін деді. Соны күтіп тұрмын, – деп екі езуі екі құлағына жетіп тұр.
Осы тұста бақшалы ауылда тұратын бір досымның мына әңгімесі есіме орала кетті. Жаз ортасы болып, қауын мен қарбыз пісіп, бақшалары домаланып жеміс бере бастағаннан көлік жалдап ауыл-ауылды, қаланы жағалап өнімдерін сатады. Кейде сәтті болса, кейде өкінішке қарай ойдағысы болмай жатады. Бірақ қолда барын пайдаланып, еңбегінің жемісін көру үшін қандай тәуекелге де дайын тұратын еді. Бірнеше күн хабарсыз қалған ол бірде көшеде жолығып қалды.
– Көрінбейсің ғой, ауыл­да­сың ба? – деп бастадым әң­гімемді.
– Жоқ, ауылда болмадым. Ресейден бүгін ғана келдім, – деп жауап берді.
– Саудам жүрмеді. Бірлі-екілі ғана болмаса, айтарлықтай табыс әкелмеді. Сөйтіп жүргенде біреулерден естідім. Ресейде қауын мен қарбызға сұраныс көп екен. Тәуекел етіп, жолға шықтым. Сапарым сәтті болды. Көңілді қайттым, – деп күлді.
– Еее, Ресейді көріп қайттым де. Не көрдің, айта отыр, – дедім мен әңгімеге тартып.
– Қазақстанға шекаралас жерінде болдым. Сол жерде екі күн қауын-қарбызымды саттым. Жүздері сары демесең, өзім сияқты адамдар екен, – деді әзілдеп. – Бірақ менің таңғалғаным олардың кезек күтуінде. Тек мен емес, бірнеше жүк көлігі тұрды. Барлығымыздың тауарымыз бір. Есесіне халық та өте көп. Барлығымыздың саудамыз жү­ріп жатыр. Бірақ, қанша көп болса да базардың басы тыныш. Тіпті 60 жасқа таянған кісілер алдында бала тұрса да кезекті бұзған емес, – деді. Шынымен-ақ, біз үшін таңсық дүние. Тіпті, іштей әлгі кезек бұзу қағидасына дайындалып жүреміз.
Мен бұл мақала арқылы өзгенің мәдениетіне сұқтанып, халықты қазақылықтан айыруды көздеп отырған жоқпын. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қанымызға сіңген көптеген дағ­дылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің то­лыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп атап көрсеткендей, бүгінгі қоғамның мәдениетін қалыптастыруды өзімізден бастасақ деймін.

Оңталап ЖОЛДАСОВ,
журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<