КӨКҚҰТ КӨЗІН АШТЫ, КӨКЕК ҚАНАТЫН ЖАЗДЫ

1270

0

КӨКҚҰТ КӨЗІН АШТЫ, КӨКЕК ҚАНАТЫН ЖАЗДЫ Басқа халық секiлдi қазақ та көктемдi алғаш көрген жыл құсының атымен байланыстырады. Құс дегенде, қазақ санасында қарлығаш пен қарғаның киелi құс болып саналатындығын білеміз. Сөз киелілікке келсе – бүркіт, аққу, қаз, қырғауыл, қарқара секiлдi құстар тiзiмi де шет қалмайды. Ал, көшпелiлер өмiрiнде саңырау көкек, сасық көкек, бәбiсек көкек деген түрлі атау алған көкек құсы аса мәртебеге ие емес. Ел іші оларды «ұшқалақ, тасбауыр, жұмыртқасын жат ұяға салады» деп саралайды.   Қолынан ұя салу келмейтiн, баласын басқаның бауырына салып беретiн көкектiң осы мінезіне қарап, «көкек ана» деген тіркес те қалыптасып кеткен. Сонымен бірге «көкек өз атын өзі шақырады» деген тағы бар. Өз басым осы екі сөзді де қостамаймын. Неге екенін сәлден кейін айтамын.

Түркiтiлдес халықтар арасында көбiне жыл құсы ретiнде қарғаны есепке алатыны анық байқалады. Ендеше не себептi қазақтың кәрiқұлақ есепшiлерi жыл басын «көкек айы» деп атайды? Мүмкiн, қарғадан бұрын  жылдың беташары болып қанатын қағатын сол сасық, бәбiсек деп атау берген көкегiмiз шығар.  «Қарға – Тәңiрiнiң елшiсi» деген тәмсiлге қарасақ, көктемнiң келгенiн алғаш жеткiзетiн жыл құсы – осы ұзақ қарға. Көкектiң көктемде келiп-кеткендiгiн де біреу байқап, біреу байқамай қалады. Есепшiлер «көкек» айының атауын осы көкек құсымен байланыстыратын болса, екiншiден «көк» сөзiмен де ұштастырады. Бiрақ, көкек құсын көп жерде мiсе тұта бермейтiн түркiлер әлемi бұл ұстанымның қытайлардан жұққандығын да айтып дауласады дейді ұлы даланың бейнесін беске айтып жүрген білімдар жас Ұларбек Дәлейұлы.  Мұның себебі де жоқ емес. Cол қытайлар ерте көктемде алғаш болып үн шығаратын көкек деп есептейдi-міс. Тіпті, Ұларбек өз жазбасында осыдан бiрнеше жыл бұрын қытайлық қандас бауырымыздың қазақ жерiне келiп «Көкегiм» деп ән айтқанын еске салыпты. Әннiң айтылуынан да қытайға тән бір ырғақ сезіліпті. Қазақ сияқты «қарғам-ау» деудiң орнына, қытайша «көкегiм» деп емiреніп тұрғаны қызық екен.

Ал, енді ел аузында қалыптасып қалған әлгі екі сөздің жөніне ой жіберейік.

Көкек құстың балапанын өзге ұяға апарып тастайтыны рас. Ол балапанын өзі басып шығармайды. Байғұс құсым-ай, сені қалай ақтап алсам екен?

Біріншіден, орнитологтар көкектің жаратылысы балапан басуға қабілетсіз  екенін айтады. Егер ол балапан басуға отырса, онда алғашқы балапаны жарыққа шыққанда соңғысы әлі жұмыртқа күйінде жатады екен. Себебі, көкектің жұмыртқаны тез шайқап шығаруға денеден бөлінетін жылуы тапшы. Сондықтан, бір балапанын шығарам деп жүргенде жетілген екінші балапанның жұмыртқа ішінде өліп қалуы әбден мүмкін. Олай болса біз құйттай құстың бойынан Жаратушы бермеген қасиетті неге іздеуіміз керек. Егер құстар адамға «біз сияқты неге ұшпайсыңдар» деп кінә тақса қисынды болар ма еді?

Екіншіден, аталық көкек балапанына өш келеді дейді. Тіпті, ол тұқымын жұмыртқа күйінде жарып тастаудан тайсалмайды. Аналық көкектің шыр-пыр болып өз жұмырқасын өзге ұяға тасуына себеп болатын жағдайдың бірі сол болса керек. Нағыз аналық махаббат осы емес пе?

… Жетімсіреп жем іздеп балапанға,

Жалғыз көкек жүретін жаға талда.

Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,

Әлдекімді жоқтайтын таң атарда. – Мұқағали ақынның осы бір шумағында біз сезінбеген бір мұң бар.

Мүмкін сол бір сорлы құс басқа ұяда қалған балапанын іздейтін шығар.

Байыбына бармай байбалам салған адамдардың «көкек ана» деген сөзін қайтып алғаны дұрыс-ау. Ал, Алла сана берген, сан түрлі нығымет берген адам баласының іштен шыққан бейкүнә нәрестесін лақтырып кетуі лағынет дегенге ғана лайық.

Екінші мәселе, көкек өз атын шақыра ма? «Кук-кукк!» деп барынан хабар беріп тұрған құйттай жаратылысқа қапелімде ат таппай, өз даусын өзіне ат қылып бере салған осы біз, адамдар, емес пе екенбіз? Ендеше, оны «өз атын шақырады» деп ғайбаттап жүргенімізге жол болсын.

Көкек айы, яғни көкек құстың көк кезіп келген мезгілі көктемнің күшіне мініп, көңілдің құшына түлеп, табиғаттың бақытты түс көріп оянған қыздай балбыраған шағы. Жазда аптаптан, күзде қара желден, қыста бораннан шаршаған шаруа бұл мезгілге жеткенше асыққан. Осы бір шақ қиялға ғана сиятын ғажайыбындай. Баяғыда үлкен кісілерден қымбат бір затты сұрай қалсақ, «көкек айында көресің» дейтін. Оның мәнісі көкек айының сағынтып жететінінде жатқанын қайдан білейік.

Міне, сол сағынтқан көкек айы осы! Па, шіркін, қырға төсеген парсылық кілемдей көкқұт қауызы гүл ашқалы қашан.

Кеше мен оны көрдім, түймедей көзінен жерге жаухар төгіліп жатқандай. Қанатын қандай шебер тарап қойды екен, жемсауы баланың еңбегіндей лүп-лүп етеді, сүйкімді өзі. 

Көкек құс туралы жақсы ойлаңыздаршы…                                                                                                    

                                                                                                 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<