Күлкі тудыратын сөз немесе дарвинизм дақпырты әлі бар екен

914

0

Күлкі тудыратын сөз немесе дарвинизм дақпырты әлі бар екен «Жер бетіндегі адам баласы осыдан 2-2,5 миллион жыл бұрын пайда болған. Еңбек етуге қабілетті болған ең ежелгі өмір сүрген адам хомо хабилис – «шебер адам» болып есептелінеді.   Ол 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Хомо хабилистің миының көлемі (652 см3) австралопитек маймылдарының миынан біраз асады. Бірқатар басқа ерекшеліктері болған, мәселен, түрегеліп жүргендікті аңғартатын, айқын білінетін табан имектігі.

Адамның эволюциясындағы одан кейінгі қадам хомо эректус – «тік жү­ретін адам» сатысына байланыс­ты. Бұл тұрпаттың өкілдері тас дәуірінің Шелль-ашель мәдениетінің иелері питекантроп пен синантроп болды».

Адамның пайда болуы жөніндегі осы бір ғылыми деректерге қанша ден қойып көрсеңіз де, бір нәрсе жетпей тұр. «Пайда болған» дейді, ал, қайдан? Жауап жоқ. Қысқасы, бұл орта жолдан басталып тұрған сөз. Басы жоқ.

Бізге мұнан гөрі Құран сөзі әлдеқайда жақын және түсінікті. Құран не дейді?

… Алла Тағала барлық періштелер мен жындарды шақырып: «Мен өзіме орынбасар жараттым. Сендер оған сәжде қылыңдар» дейді.

«Алла  барлық  нәрсенің  жаратушысы  әрі  Ол  әр  нәрсеге кепіл».

(Зумәр сүресі, 62 аят). Осыдан әрі түсінікті. Құранда Алла Періштелерді жер бетінен топырақ әкелуге бұйырады. Олар жерден қара, сары, қоңыр – әртүрлі топырақ әкеледі. Осылайша, Адам атаның топырақтан, Хауа ананың Адамның қабырғасынан жаратылғандығы тайға таңба басқандай айтылған ғой.

…Жақында теледидардан адам­заттың пайда болуына қатысты дарвиндік ілім негізіндегі хабарды қазақшаға аударып көрсетті. Әлгі аудармашы хабардың соңына қарай адам­ның топырақтан жаралғандығы жа­йында әдемі ой түйетін шығар де­генмін. Бірақ, ондай сөзге жоламады.

Адам баласы – эволюция жемісі, яғни, маймылдан пайда болды дейтін гипотезаны ғылымға енгізген Дарвин ілімін біз мектептен бастап оқыдық. Бұл тұжырымның 1988 жылы институтқа түскенімде нағыз күшінде тұрған кезі еді.

Студентпін. Бірде ауылға бардым. Үйдегі үлкендер құдайы ас беріп, төрге шыққандардың қолына құманмен су құйдым.

– Бәрекелле, оқудағы бала осы ма? – деп Оразбай ақсақал менің сыпайы қызметіме ризалық танытты.  –  Еңбегің жансын! – деді сосын иығымдағы сүлгіні алып жатып.

– Маймылды адам қылған еңбек қой, – дедім мен оқығанымды білдіріп.

– Тәйт, әрі! – деді ақсақал. – Біз Адам атадан жаралғанбыз!

…Сол сәттен бастап мен үшін маймылдан шыққан адам өлді. Сөйтіп, Адам ата жайлы жазылған еңбектерді іздей бастадым. Бірақ, ол кезде ондай діни еңбектер көпшілік кітапханада болмады. «Құран туралы ақиқат» деп аталатын бір кітап қолыма түсіп еді, атеизмді дәріптеген ғалымның жазғаны болып шықты. Екі парағын оқыдым да, екі жүзінші беттен бір-ақ жаптым.

Оразбай ақсақалдың маған ренжи айтқан сөзінің шындығы беріректе «Адам ата мен Һауа ана қиссасын» оқыған соң  айқара ашылды.

Дарвиннің дақпыртына еріп қор болған қайран ақыл-ой, қайтейін.

Егер мен «Әләуләйлім деген құрдасым бұрын маймыл еді, біраз жыл еңбектеніп, көпшілік ішінде азғантай білетін сөздерін қайта-қайта айтып асаба болып, ақыры адам қалпына енді» деген дерек келтірсем, кім сенер еді? Өйткені осы уақытқа дейін бір маймылдың адамға айналып кеткенін көрген ешкім жоқ. «Қар адамы» деген де осы секілді қияли әңгіме. Қар адамымен құшақтасып селфиге түскен кім бар?

Кейде қалың ойға қамалып шыға алмаймын. Адамның маймылдан пайда болмағаны ақиқат. Бірақ адамнан маймылдың пайда болуы мүмкін. Алла өзінің бір бұйрығын орындамағаны үшін Адам атамызды Жұмақтан қуған. Ал, біз ше, жүз бұйрығын орындамай жүрміз ғой! Алайда, бізге Алла өзінің досы Мұхаммедтің үмбеті ретінде ерекше мейіріммен қарап келе жатыр. Егер шынымен де дәл осылай Алланың бұйрықтарын орындамай, бұл дүниеге не үшін келгенімізді біржола естен шығарар болсақ, оның ақыры не болмақ? Жаратушы Ие бізді маймылға айналдырып, не болмаса біржола жоқ етіп, Жер-анамызды бар ырзық-несібесімен бірге анау тәрелкеге мініп, төбемізде ойнап жүргендерге бере салса да ерікті. Әлде сіз ұшатын тәрелкелерге сенбейсіз бе? Құранда «Әлемдердің Раббысы» деген сөз бар. Яғни, әлем бізге білдірілген он сегіз мың ғана емес, одан сан есе көп. Егер шынында он сегіз мың болса, онда Құран «он сегіз мың әлемнің Раббысы» дегеннен өзге сөз айтпас еді, Құранның бір әрпі де қате емес. Демек, Алла өзінің орынбасарына, бізге миға салмақ түсіріп, шамадан тыс көп білуді қаламаған да шығар.

«Бүгінде ақырзаманның тоқсан тоғыз кіші белгісі шықты» дейді имамдар. Тәрелкеге мінгендер де – сол белгілердің бірі. Егер шынымен Ұлық Алла қасиетті Жер-анамызды «белгісіз қонақтардың» құзырына қалдырар болса…  «Құдай мені әуелі жұмақтан қуып еді, енді жерден қуды деп кімге шағым айтасың?»

Құдайдан басқа Құдай жоқ.  

Мен осы әңгіме арасында күлкі үшін айтылған қисынсыз сөздерге де орын беріп, бір құрдасыммен де әзілдесіп алдым.

Себебі «Адам маймылдан жаралды» деген сөздің өзі еріксіз күлкі тудырады…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<