Көзіңнің өзіңдікі екеніндей, сөзің де өзіңдікі болсын

454

0

Көзіңнің өзіңдікі екеніндей, сөзің де өзіңдікі болсын Жақында әлеуметтік желі парақшаларында ән ұрлығы жөнінде біраз сөз болды. Шынында интернетті ашып қалсаңыз, күнде естіп жүрген әндеріміздің көбі қырғыздыкі не венгердікі болып шығады. Осыған қатысты Рахия есімді желі қолданушысы «Ән мал емес, құлағына ен сап қоятын» деп жазыпты.

Бұл тек Рахияның ойы емес, көп адам солай ойлайды. Өнер туындысы да (ән, ән өңдеу, өлең, қолөнер, сурет, т.б.) мал секілді жеке адамның меншігі. Малды табады, бағады, ыстық-суығына, бейнетіне төзеді, сатып жібереді немесе халықтың пайдасына жаратады. Баяғыда бір атымен бір рулы жұртты асырап отырған азаматтар болған.

Өнер туындысы үшін де автор жан күйзелісіне түседі. Дүниесі дайын болған соң, халық қабылдаса оның пайдасын, игілігін көре бастайды. Неге дайын дүниені біреу иемденуі керек? Ол – ұрлық. Ұрлықтың мүліктік, мүліктік емес деген екі түрі бар. Біреудің мүлкін ұрласаң, жазаң дайын. Кейбір елдерде қолын кеседі. Ал, енді мүліктік емес дүниесін ұрласа, оған біз «ен сап қойып па» деп қараймыз. Ән шет елдікі ме, оны орындауға автордың келісімін алу шарт. Сонан соң сол ән әрбір орындалуынан автордың атына сыйақы (гонорар) түсіп отырады. Кейбір әншілердің әннің авторын іздеп, келісім-шартқа отырмауының сыры сыйақы төлегісі келмейтіндігі.

Бір мысал айтайын, америкалық ағайынды Хиллдер жазған туған күн туралы ән («Happy Birthday to You») 1893 жылы шыққан. Бүгінге дейін осы ән кинофильмдерде, коммерциялық кештерде орындалады. Олар  авторлық құқықпен келісімге отырған. Осы келісімнен америкалық авторлық құқық органы жылына 2 млн. доллар табады екен.

Ал, біздегі әншілер не істеу керек? Мәселен олар бір облыс орталығында кешін өткізді дейік. Алдын ала авторлық құқық қорғау бірлестігінің өкілін тегін билет беріп шақырып (өзі ме, көмекшісі ме, продюссері ме, бәрібір), оған өзінің орындайтын әндерінің тізімін беру керек. Әншілер заңда көрсетілген осы тармақты орындамайды. Жергілікті авторларға қаламақының аз түсетіні, кейде мүлде түспейтіні осыған байланысты. Ал, абзалырағы белгілі әншілер жергілікті авторлардың шығармаларын орындауға тырыспайды. Өздерінің тұрақты авторлары бар. Сондықтар олар айтатын ән сапасыздыққа ұрынып бара жатыр. Өйткені тұрақты авторларға бір күнде бір ән жазып немесе бір өлең шығарып тастауға тура келеді. Толғаныстан тумаған шығарма «шықпа жаным шықпа» деп халыққа жол тартады, ары қарайғы тағдыры белгілі.

 Біздің әншілердің шет ел әндерін рұқсатсыз иеленетіні шын. Өнер ел аралап жүрсе, оның өміршеңдігі. Бірақ, жұртты алдамай, авторы айтылу керек. Егер біздің «Қаратаудың басынан көш келеді» деген әнімізді қырғыз біздікі деп айтып тұрса қалай болар едік. Бос тайлаққа мінгізіп, Алатауды айналдыра қумас па ек?

 Сондықтан бұл, «ен сап қойып па» деп енжар қарайтын мәселе емес.

                                                                                                  Д.АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<