ӨМІРІҢІЗДІ САҚТАНДЫРУҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

755

0

ӨМІРІҢІЗДІ САҚТАНДЫРУҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ? Жақында бір танысым хабарласып, қызықты әрі пайдалы ұсыныс айтқысы келетінін жеткізді. Оның әсіресе, «кейінгі өміріңді қамтамасыз етуге тиімді мүмкіндік, яғни, қарттық пен қиын жағдайға душар болған жағдайда ақшасыз қалмайсың» дегені қызық болды маған. Содан әлгі танысыммен кездестім. Ол өзінің бір сақтандыру компаниясында жұмыс істейтінін, сақтандырудың маңыздылығы мен пайдасы жөнінде айта бастады. Әлгі кісінің сөзіне сенсек, әрбір адам осы сәттен бастап өз өмірін сақтандырып қоюы керек екен. Ол үшін белгілі бір компания белгілеген соманы бірден не бөліп саласың және оны зейнет жасына дейін жинауың шарт. Ал егер оған дейін жазатайым жағдайға ұшырасаңыз, яғни, жол апатына түсіп не басқа да оқыс оқиғаға тап болып, сырқаттанып не мүгедек болып қалсаңыз, әлгі жинап жатқан қаржыңызды сізге өсімімен береді екен.
Әлгі маманның сөзіне сенсек, Еуропа елдерінде халықтың 98 процентке жуығы өмірін сақтандырып қойған. Ал, статистикалық мәліметке сүйенсек, біздің елімізде мұндайлар небәрі 2 процентті құрайды екен. Бір қызығы, адамның өте сирек кездесетін, әсіресе табыс әкелетін қабілетін сақтандыру қалыпты жағ­дайға айналып барады. Мәселен, спортшылар дене мүшесін, әншілер дауысын сақ­тандырады дегендей. Ал мамандардың ай­туынша, қарапайым қазақстандықтар өз өмірін сақтандырудың тиімділігі туралы біле бермейтін көрінеді. Бұл түсінікті жағдай деп ойлаймын. Өйткені, меніңше «Құдай өзі сақ­тасын, көппен көрген ұлы той», «Алдағы күнді Алла біледі» дейтін қазақы таным-түйсігімізде  өмірін сақтандыру деген ақылға сый­майтын ұғым. Одан бөлек, айлығы шай­лығына бірде жетіп, бірде жетпейтін қара­пайым еңбек адамы сақтандыру компаниялары айтқан қаржыны бала-шағасының аузынан жырып бере қоймайтыны анық. Сон­дай-ақ, тұрғындардың сақтандыру дегенге мән бермеуінің тағы бір басты себебі бар. Ол – сақтандыру компанияларының ертеңіне, яғни, болашағына сенбеуі. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, талай қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтің «арқасында» тірнектеп жиған қаржыларынан қағылып, тақырға отырған жұрт «Бас кеңсеміз Швейцарияда болмаса Германияда, сақтандырумен айналысқанына пәлен ғасырдан асты, сізге де жарқын болашақ, қайғысыз қарттық сыйлаймыз» дегенге сене қоя ма екен? Әй, қайдам…
Жалпы, өмірді сақтандыру компаниясының негізгі мақсаты – денсаулыққа зақым келген жағдайда оны емдетуге қаржылай көмек бе­ру және сол адам кенет о дүниелік болып кетсе табысына тәуелді адамдардың өмірін қаржылай қамтамасыз ету. Бірақ, заң бойынша өмірін сақтандыра алмайтын тұлғалар да бар. Олар зейнеткерлер, мүгедектер, нашақорлар мен психологиялық аурумен ауыратындар, сотталғандар өмірін сақтандыра алмайды екен. Қазіргі таңда елімізде онға жуық адам өмі­рін сақтандыратын компания бар екен. Олардағы сақтандырудың бастапқы құны 150 мың теңге болса, жоғарысы 2 млн теңгеден аса­ды.
Біздің елімізде үй мен темір тұлпар се­кілді дүние-мүлікті сақтандыру жолға қойыл­ғанымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, өмі­­­рімізді сақтау дегенге құлық таныта қой­ғанымыз жоқ.  Ал шет елде керісінше. Әсі­ре­се, өнер жұлдыздарында дене мүшесін сақ­­тандыру баяғыдан бар. Мәселен, Джей Ло бөк­­сесін 300 миллионға, ал Мэрайя Кэри аяғы мен дауысын 70 миллион долларға бағалаған. Аме­рикандық актер Бен Терпин 1920 жылы 25 мың долларға көзін, әзілқой Кен Додд ­4 млн-ға тісін сақтандырған. Атақты футболшылардан Зинедин Зидан, Майкл Оуэн ­85 мың долларға, Майкл Джексон кезінде 5 млн-ға аяқтарын сақтандырған. Ағылшын әншісі Мэрилин Монро керемет дауыс иесі бола тұра даусын емес, аяғын 10 мың АҚШ долларына сақтандырған. Сонымен бірге шет елдерде жануарларын сақтандыру да сәнге айналған.
Ал, сіз, өміріңізді сақтандырар ма едіңіз?

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<