Өңірлік басылымдарды имидждік жағынан көтеру, заманауи жаңа технологияны меңгеру, сапалық деңгейін арттыру бағытында аудандық газет редакторлары мен орынбасарлары үш күндік сапармен Мәскеу қаласына тәжірибе алмасуға және Х-шы халықаралық «БАҚ және бұқаралық коммуникация 2018» ғылыми оқулар конференциясына барды. Бұл облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен аймақта тұңғыш рет жасалған тың бастама болатын.
Конференция М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті базасында өтті. Оған оннан астам шет ел профессорлары мен ғалымдары, ресейлік және ТМД медиасарапшылары қатысты, олар өз тәжірибесімен бөлісті. Секциялық жұмыстарда баспасөз бен электронды ақпарат құралдарындағы әлемдік технологиялар барысы сөз болды. Конференцияның күн тәртібіне «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы цифрлық трансформация: аймақтық, ұлттық және өзекті аспектілер» тақырыбы негізге алынды. Келелі жиын келешектің көздегенін қамтып, мамандықтың мәртебесі мен міндеттері тұрғысында да маңызды ойлар ортаға салынды. Түптеп айтқанда, уақытпен үндесудің тиімді ұсыныстары айтылды. Осынау өзекті мәселені, әлемдік тәжірибені тану мен білу мақсатында сырбойылық журналистер де аттанды. Оларды сапар алдында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев қабылдап, демеу көрсетті, сәттілік тіледі.
Халықаралық Қорқыт ата әуежайы. Күзгі сыз байқалады. Салқын. Тіршіліктің тағы бір таңы атып келеді. Тәтті ұйқыны қиған халықтың қарасы қалың. Кенет касса алдында кезек түзелді. Сапқа тұрған сарбаздай жолаушылар алға жылжып жатыр, ішке енген сайын сап қатары сирей бастады. Ресей әуе компаниясының «Аэробус 320» ұшағы ұшу алаңында күтіп тұр. Траптан тік көтерілдік, бізді стюардесса Герел күтіп алды. Қалмақтың биязы қызы ұшақтың ережесін түсіндіріп жатыр. Ендігісі – сәтін салса, Мәскеуге бір-ақ аялдау. Жанымыздағы жолаушыға жалтақ қарап, ойын білгіміз келеді. Әркімнің дымы ішінде, әлдебір ой құшағында. Басқаны қайдам, ол жақтың олжасы біз үшін біліми жағынан үлкен базарлық. Нақтысы: үйрену, білу бағытындағы мақсат мол.
Герелдің айтуынша, әрбір сапар сайын жүзден аса жолаушы жолға шығады. Арасында түрлі ұлттың өкілі бар. Тіпті көршілес елдің азаматтары осы әуежайға, осы ұшаққа ынтық. Себебі, билет құны арзан және уақыты ыңғайлы. Бұл да болса облыс әкімінің қол жеткізген жетістігі. Екі ел арасындағы жасалған меморандум мүмкіндігі. Бұған іштей разымыз. Қаламыздан қалаған бағытта тікелей ұшып жатсақ, жақсы емес пе?! Оның игілігін бүгін көріп тұрмыз. Ең қызығы, Мәскеуде болды. Әуежайдан қазақ тіліндегі хабарландыру қарсы алды. Тілі шұбарланып тұрса да одақтың жүрегі саналған Мәскеу кеңестік кезеңде жасамаған кәдесін елімізге егемендік тиген соң ұсынып тұр. Құлаққа жылы тиген жаңалықты бір деп басбармақты бүгіп қойдық.
Алып қалаға аяқ жеткен бойда Қызыл алаңның қолтығындағы қонақүйге орналастық. Қарсы бетте Беларусь елінің елшілігі. Тасымалдың түрлі амалы бар: метро, электричка, троллейбус, автобус қатынасы ұйымдастырылған. Алайда кең көшелердің өзінде көлік көптігінен кептеліс жиі жолығады. Олай дейтінім, әуежай мен қонақүй аралығы 31 шақырым бола тұрып, бір жарым сағат жоғалттық. Соның салдарынан жылдам жолға шығуға тура келді. Өйткені жоспар бойынша №402 Әлия Молдағұлова атындағы гимназия ұжымымен кездесу келісілген.
ЖӘНЕ
БАТЫЛ ҚАДАМ
Қалаға қарасты Вешняки ауданында орналасқан гимназияда мыңға тарта оқушы оқиды. Екі үлкен оқу корпусы бар. Бірі – төрт қабат, бірі – үш. Заманға лайық жабдықталған. Ғимараттың қарсы алдында Әлияның бюсті. Оқушы атаулы түгелдей тағзым етеді. Олар қазақ қызының қаһармандық қасиетін ұғынады. Бюст кезінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болған Қырымбек Көшербаев жасатқан. Содан бері мектеп ұжымы ескерткіш алаңын қасиетті орын санайды.
Есік алдынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елена Владимировна Полицкая қарсы алды, ол «Мектеп жаршысы» газеті мен Әлия Молдағұлова атындағы телестудияға жетекшілік жасайды. Шығармашылыққа етене Елена бізді екінші корпусқа бастап жүрді. Қасында бір топ оқушы. Олар жоғары сыныпта оқитын, журналист мамандығына жақын, шығармашылық жұмыспен айналысатын болып шықты. Әңгіме қызып кетті. Оны-мұныны сұрап біз ұстазды әурелеп келеміз. Елена да енжар емес, ағыл-тегіл ақтарылып тұр.
– Біз мерекелік шарамызды екі елдің Әнұранымен ашамыз. Бұл – батыр Әлия мен тәуелсіз Қазақстанға құрметіміз, – деді жетекші. Бұған кәдімгідей марқайып қалдық.
Гимназиядағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова мұражайын таныстыру әдеттегідей емес, басты гид бірінші сынып оқушылары болды. «Сәлеметсіздер ме?» деп қазақша бастаған қуыршақтай қыз бала Қазақстанның рәміздерінен сөз бастады. Келесі кезек ұлттық дәстүр мен тұрмыстық заттарға берілді. Мұны Иван деген бала жалғады. Одан кейін қазақтың ұлттық киімдері, киіз үй бұйымдары таныстырылды. Осылай екі елдің тулары, ерекшелігі, безендірілген бояулары туралы тоқталды. Сергей тілі жеткенше жеткізді. Ең соңында майдан даласының мұрасы, қару-жарақ туралы, сарбаздар тұтынған заттар айтылды. Осы кезде мұражай меңгерушісі Наталья Степанова кілт үнсіздікке беріліп: – Бұл жерде Әлияның тұтынған бірде-бір заты жоқ. Алайда мына қасық оның қайтыс болған жерінен табылған. Тамақтанып отырған сарбаз қасықты аузына сала берген сәтінде снайпер атып, содан мерт болған. Қандай өкінішті!– деді ол.
Шынында қасықты оқ тесіп өткен. Бірақ ол кімге тиесілі қасық екені белгісіз.
Мұндағы оқушылар қазақтың салт-дәстүріне, тұрмыстық тіршілігіне, киім үлгісіне ағып тұр. Мұражай экспонаты 2000-ға тарта екен. Оның көпшілігі қазақстандықтардың сыйы. Арасында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы ұсынған сыйлығы көзге оттай басылды.
Ал, Әлия Молдағұлова атындағы залда батыр қыз балладасы баяндалды. Онда Наталья Николаевна Әлияның өмірбаянын, өскен ортасын, соғыс даласындағы ұлы ерлігін айтты. Снайперші қыздың өжеттігі, отансүйгіштігі көркем тілмен келтірілді. Ленинградтың жау қоршауында қалып, қиын тағдыр кешкені, Әлияның бір үзім нанның қадірін сезініп, балаларға таратқаны, мектепте үздік оқығаны жайлы әңгіме тыңдарман қауымға, әсіресе бала сезіміне үлкен әсер әкелді.
Облыс әкімінің кеңесшісі, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі Динара Бисембина мұражайға шебердің қолынан шыққан туындыларды табыстады.
– Сыр елінің шежіресі түркі халқының абызы Қорқыт бабамен байланыстырылады. Мына қобыз сол бабаның мұрасы, өнердің символы, дәстүрлі күйдің дәреметі. Ал, ағаш табақ болса, ұлт қонақжайлылығының ұстыны. Бізде табақты бос ұсынбайды, сондықтан қазақстандық «Рахат» фабрикасының конфеттерін қоса ұсынамын, – деді ол.
Мұражай таныстырылымынан соң қонақтар мен шара қатысушыларын гимназия директоры Юлия Сергеевна Литвинова түгелдей далаға ертіп шығып, Әлия Молдағұлованың бюстіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасадық.
Келесі басқосу мұғалімдер бөлмесінде өтті. Ортаға дастархан жайылып, шәй ұйымдастырылды. Сөйтіп Наталья Степанова сөз тізгінін өзі алды.
– Бұрын басымыз біріге бермейтін. Бірде осында елші Қырымбек Елеуұлы келді де жақсы іс көрсетті. Дастархан жайып, бәріміздің басымызды қосты. Сол кезде ол: «Дастархан – тек ас-ауқат жеу үшін ғана емес, бұл достықтың да белгісі. Ынтымақ тілеген көптің ортақ мүддесі дастархан басында дәріптеледі» деп еді. Міне, осы жағдайдан соң біз бірігіп, үнемі дастархан басында жиналуға дағдыландық, – деді ол.
Осы жерде сұрақ-жауап үлгісі жүрді. Болашақта журналист боламын деген жастар өздерін толғандырған сауалын қоя бастады. Оныншы сынып оқушысы Ирина Совельева «Жақсы журналист болу үшін қандай қасиет қажет?» деді. Бұған Динара Асқарқызы жауап беріп, журналист үшін өте өзекті объективтілік пен жаңалыққа жедел араласудың қыр-сырын ашып айтты. Осы тектес сұрақтар жүйелі жүріп отырды. Және тұшымды жауап алған оқушылар дән риза болысты. Гимназиядағы кездесудің соңғы нүктесі суретке түсіп, бір-біріне тілектестік білдірісті.
Вешняки ауданындағы гимназия алдындағы көше де Әлия атында. Бұл көшеде 1942-1945 жылдары Орталық әйел снайперлер мектебі орналасқан. Осы мектепті 2200 қыз бітіріп, олар 12000 фашистің жолын кесті. Әлия Молдағұлова 1943 жылы он сегіз жасында осы мектепті бітіріп, екінші Прибалтика майданы 22 әскери бөлімі сапында 87 неміс сарбазы мен офицердің көзін жойған. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Батырдың әріптестері, осы снайперлер мектебінің түлектері 1971 жылы Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қабылдауында болып, жаңадан салынған №402 мектепке Әлия Молдағұлованың есімін беру жөнінде ұсыныс жасайды. Ұсыныс қабылданды. Мектеп пен көшеге батыр қыздың есімі берілді. Ал, 1972 жылы мектепте мұражай ашылды.
ШЫҒЫС
ЖҰЛДЫЗЫ
ЖӘНЕ
ШОҚ ГҮЛ
Ваганьково зиратына метро арқылы жеттік. Жаңбырлы күн бізге кедергі бола алмады. Жерлесімізге, шығыс жастарының жетекшісіне деген ізет әрбір азаматтың жүрегінен ойып орын алған. Сондықтан Мәскеуге келген сәттен қабіріне бару ықыласы арта бастады. Алдын ала білгеніміздей, 19-шы бөлікте жерленген деген жерлесіміздің қабірін көп іздедік. Табу қиынға соқты. Амал жоқ, ритуалды дәстүр орталығының әкімшілігіне жүгінуге тура келді. Сөйтсек, 20-шы бөліктің екінші жартысында екен. Лезде табылды. Күзгі леппен ағаштың сарғыш жапырағы қабірді тұтас жапқан. Динара мен Елена жапырақтан тазартып, 2002 жылы қойылған тақта тасты (қара мраморды) сүртті. Аруаққа бағыштап дұға оқылды. Дәл осы сәтте жаңбыр еселеп, төге түсті. Мұны көктің нұры деп қабылдадық. Сыр елінен келген делегация мүшелері гүл шоғын қойды. Бұл кезде төңіректі қараңғылық баса бастады. Біз қонақүйге асықтық.
СЫРТ КӨЗ –
СЫНШЫ
Бөтен ортада бәрі қызық, бәрі таңсық. Білу – құштар іс. Бәлкім, бүкіл одақтас республика қамтамасыз еткеннен бе, кеңестік кезеңде азық-түлік тауарлары ең арзан қала Мәскеу еді. Бүгін мүлдем басқаша. Ресей рублі де құлдырап бара жатқаны байқалады. Бір литр бензин 42 рубльге көтерілген. Сонда да көлік саны әлдеқайда көбейген. Азық-түлікті де арзан деуге келмейді. Сауда-саттық, қызмет көрсету орындарында гастербайтер қаптап кеткен. Жергілікті азамат некен-саяқ.
Дүкен, мейрамхана, асхана қожайыны мәскеулік кәсіпкер болар, бірақ оларды жалға алып, жұмыс істеп жатқан сырт адамдар. Орта Азия елдері бойынша қырғыздың үлес салмағы басым екен. Себебі өзімізге жылы шырай көрінген, түр-түсі ұқсас ұшырасқан екі адамның бірі қырғыз болып шықты.
Қалада «Яндекс таксиге» жүгіну көп. Сол таксидің елу проценті қырғыздарға тиесілі. Оны жалалабадтық Ақылбек Төрехановпен әңгімелесу барысында білдік.
– Биыл үшінші жыл болды, осында такси жүргізушімін. Мұнда таксимен айналысатын компания жеткілікті. Жалға береді. Сосын күнделікті есептесіп отырамыз. Оған тапқан табыстың 27 проценті тиесілі. Отбасым айылда қалды. Жылына үш рет барып тұрамын. Басқа кезде смартфонмен тілдесемін. Табысымның бір бөлігін отбасыма саламын. Мұнда төрт жігіт бір пәтерді айына 20 мың рубльге жалдаймыз, коммуналдық қызметпен қосқанда әрбірімізге 6300 рубльден келеді. Жақсы жұмыс істесем мұны бір күнде табамын, – деп келді де: – Байеке, осы үш жылдың ішінде такси жүргізген бірде-бір қазақ бауырды кездестірмедім. Сіздерде бәрі ауқатты тұрады, е?
– Әрине, жұмыс ауылда да жетіп жатыр.
– Қандай бақытты елсіздер. Біз сол күнге қашан жетер екенбіз? – деді Ақылбек аңсары ауған күйі.
Мен үшін мына сөз үлкен ой салды. Осындай берекелі күнге жеткенімізге шүкіршілік. Қазақстанның келешегі кемел екенін сонау мәскеуліктер мойындап тұр…
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
Қызылорда-Мәскеу-
Қызылорда.
(Жалғасы бар).
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<