ҮМІТ ҮЙІ

711

0

ҮМІТ ҮЙІОйнап жүріп от басқан

Жиырма екі жастағы Гүлжайна (өзі өтінгесін есімін өзгерттік – ред.) қазір Қызылордадағы «Аналар үйінде» тұрып жатыр. Біз барғанымызда ол үш жастағы сәбиін ойнатып отыр екен. Мұнда қай тағдыры айдап әкелгенін тілші деп тосырқамай айтып берді.

– Ойда-жоқта жақсы араласып жүр­ген жігіттен аяғым ауырлап қалды. Бірақ оның өзі де, отбасы да баладан бас тартты. Әкем талай жыл бұрын бізді тас­тап кеткен еді. Үйде анам ғана жұмыс істейді. Бар ойлайтыны – балаларының қамы. Он жылдан бері пәтер жағалаумен жүрміз. Жалғыз өзіне оңай емес. Масыл болмайын деген оймен бөпемді алып осында келдім, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлжайнаның құрылысшы деген дип­ломы бар. Байқоңырдағы колледжді бітірген. Ендігі жерде жұмыс тауып, үй алып, аяққа тұруды армандайды. Өйткені «Аналар үйінің» уақытша паналайтын орын екенін ол жақсы біледі. Иә, мұнда жасы отызға жетпеген аналар баласы бір жарым жасқа толғанға дейін тұра алады. Алайда, Қызылордадағы «Аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Дина Жүсіпбаева олардың әрі кеткенде бір жыл, кемі үш айдан кейін ортасына қосылып, өмірден өз орнын табатынын айтып отыр. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл – психолог, заңгер, медбике секілді мамандардың жұмылып жұдырық болып, үлкен күш салуымен бітетін жұмыстың нәтижесі.

– «Аналар үйіне» түскен бойда мамандар тығырықтан бірлесіп шығудың жолдарын іздестіре бастайды. Ең алдымен, сәбидің әкесін анықтап, іздеп табуға, реті келсе, жұптарды жарастырып жіберуге, отбасыларымен татуластыруға тырысамыз. Оған көнбесе, алимент төлетуге мәжбүр боламыз. Орталықтың көмегіне көбіне ойнап жүріп от басқан өрімдей жас қыздар жүгінеді, – дейді қор үйлестірушісі.

Меценаттардың мақсаты

Қазір еліміздің 19 қаласында 25 «Аналар үйі» бар. Соның алғашқысы 2013 жылы белгілі бизнесмен Айдын Рақымбаевтың бастамасымен Астанада ашылды. Республика бойынша аталған үйлерді бүгінге дейін 4 мыңға тарта әйел паналапты.

2014 жылдың маусым айында іске қосылған Қызылордадағы өкілдік мамандары осы аралықта 160-қа жуық ана мен баланың басынан сипап, көмек қолын созды. Олардың шамамен 80 проценті отбасын құрып, тең жартысынан астамы жұмысқа орналасты. Меценаттар қолға алған жобаның әуелгі мақсаты – өмірдің қысылтаяң кезеңінде жалғызбасты аналардың жанынан табылу, екіншісі – жасанды түсік пен тірі жетімдер санын азайту. Және бұлардың ақырындап орындала бастағанын көруге болады.

– Жүкті боп келген қыздар кейде «түсік жасатамға» басады. Бірақ өзімен бірге тұрып жатқан тағдырластарымен, олардың балаларымен араласып жүргенде қалай аналық сезімі оянғанын байқамай қалады. Сөйтіп, о бастағы ойынан айниды. Баладан бас тартқаны қате болғанын түсініп, әкелері де кейін іздеп келіп жатады. Игі жобаның арқасында осылайша қаншама отбасын сақтап қалуға мүмкіндік туды, – дейді Д.Жүсіпбаева.

Тағдырластар

Аналар үйіне ұлдарына қыз іздеп бас сұғатын кісілер де бар көрінеді. Шара (аты-жөнін ауыстырдық – ред.) облыс орталығындағы колледждердің бірінде оқитын. Сезімнің жетегінде жүріп қателікке бой алдырды. Аяғы ауыр кезде мұндағы мамандардың қалай көмектескенін әсте ұмытпас. Бір күні «Аналар үйіне» кейуана келіп, егде жастағы ұлына өмірлік жар іздеп жүргенін жеткізді. Сөйтсе, келіні сегіз жылдан бері сәби сүйе алмапты. Оның үстіне, үлкен деп өзін сыйламайтыны, құрметтемейтіні ұнамаған. Ұлы екеуі ақыры ажырасып тынды. Тағдырдың жазуымен кейін ол Шараны жолықтырды. Оның өзге біреуден аяғы ауыр екеніне де қараған жоқ. Перзентханадан шығарып алып, үйіне апарып, баланы өзінің тегіне өткізді. Жас айырмашылығындағы ал­шақтық та кедергі емес екен, қазір Шара бұл үйге бауыр басып үлгерді. Әйел бақыты бәрінен қымбат екенін түсінді.

Облыс орталығында орналасқан «Аналар үйі» біз елестеткеннен бөлек боп шықты. Екі қабатты үйде ана мен балаға қажеттінің бәрі бар. Баланың ойыншығынан бастап кір жуғыш мәшине, газ плитасы, тоңазытқыш, теледидар сияқты тұрмыстық қажеттіліктермен қамтылған. Жалғызбасты қыздар жәрдемақыларын жұмсамай, қор жинаса болады. Өйткені бәрі тегін. «Аналар үйінің» тұрғындары үшін тігін цехы жұмыс істейді, компьютерлік сауаттылық курсы ашылған. Мереке күндері қыздар ұйымшылдық танытып, түрлі шаралар өткізіп тұрады. Осылай бір сәтке болса да қайғыны ұмытып, көңіл сергітеді.

P.S. Қазақ қыздардың оң босағада отырып бала тапқанын әсте құптамайды. «Енді елдің бетіне қалай қараймын?!» деп ұятты бәрінен жоғары қоятыны және бар. «Аналар үйі» әр қалада ашыла бастағанда қоғамда қарсы пікір айтушылардың қарасы көп болды. Уақыт өте келе әлеуметтік жобаның тиімділігіне көзіміз жетті. Біріншіден, бұл – басына іс түскен қыз-келіншектерді қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалдырмаудың жолы. Екіншіден, әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатын елімізде отбасын сақтап қалуға сеп. Соңғысы, тастанды балалар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Назерке САНИЯЗОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<