«Нашар» оқушылар қалай танымал тұлғаға айналды?

1103

0

«Нашар» оқушылар қалай танымал тұлғаға айналды? Байқасаңыз әр баланың қабілет қарымы, ақпаратты қабылдауы түрліше. Бұл олардың физиологиялық даму ерекшегіліне байланысты. Мәселен, бір сыныпта оқитын оқушылардың бірқатары берілген тапсырмаға мұқият болса, енді бірі мұғалімнің не туралы әңгіме айтқанын да ұқпайды. Ондай балалардың сабақтағы үлгерімі де нашар деп, шеттетеніміз де рас.

«Звездочки на земле» фильмін көрсеңіз, Ишан есімді баланың үлгерімі өз қатарластарынан әлдеқайда төмен. Оның көзіне әріптер құдды бір құбыжық секілді елестейді. Мұғалімнің «сен неге жазбай отырсың?» деген сөзіне «кітаптағы әріптер би билеп, ән салып тұр ғой» деп жауап бергенде, бүкіл сынып күлкіге қарқ болады. Алайда оның көзіне  оқулықтағы сөздер расымен солай елестейтін. Иа, дәл осындай үлгерімі нашар оқушы әр сыныпта кездеседі. Бірақ олар сіз ойлағандай ақылсыз бала емес. Ғылымда сирек кездесетін дислексия деп аталатын ауытқушылықтың түрінен көп бала зардап шегеді. Логопед мамандар дислексияны ауру емес, ол ауытқушылық деп түсіндіреді. «Ауруды емдеуге болады, ал ауытқушылықты тек түзете аламыз» дейді логопед Дарья Горохова. Бұл мәселеге қазіргі таңда әлем психологтары алаңдаушылық білдіруде. 2017 жылдың 5 қазан күнін «Дислексия туралы білім жетілдіру күні» деп оған халықаралық дәрежеде мән берілуін сұрайды. Себебі, мектептегі үлгерімі нашар  әр баланың артында үлкен тағдыр, үлкен талант жатыр. Ата-аналар тарапынан мұндай балаларға ыстық ықылас пен махаббат керектігі анық. Әлем мойындаған өнертапқыштар мен ұлы жазушы, белгілі ғалымдар дәл осы дислексиядан зардап шеккен.

Мынадай қызықты деректерді келтіре кетейік. Агата Кристиді білмейтін жан кемде-кем болар. Ал оның оқушы кезінде жазу сауаттылығы өте төмен болғандықтан, құрдастарының мазағына шыдамаған Агатаны ата-анасы мектептен шығарып алуға мәжбүр болғанын айтсақ, сенбеуіңіз мүмкін. Алайда, бұл Агата Кристидің шығармашылығына кедергі болмады. Қайта шыңдала түскен ол детектив жанрында жазатын әлемдегі ең үздік авторлардың біріне айналды. Жазушының кітаптары дүние жүзіне 4 млрд таралыммен тараған. Ал, мұндай таралым Шекспирдің еңбектерінен кейінгі екінші орында болғанын айта кетейік.

Әлемге белгілі физик, «Нобель» сыйлығының иегері Альберт Энштейн де мектепке баруды ұнатпаған. Оның есте сақтау қабілетінің төмендігі соншалық, айларды, күннің реттілігін шатастырады екен. Оның есесіне небір шешуі қиын есептерді шемішкедей шағатын көрінеді. А. Энштейн бәтеңкесінің бауын тағуды өмір бойы үйрене алмай кетсе де, әлемдік ғылымға оразан үлес қосып кеткен мықтылардың бірі.

Америка әншісі Шер өте кедей отбасында дүниеге келген. Бірақ, талайды мойындатқан әнші күні бүгінге дейін қатесіз оқу мен жазуды білмейді десек тағы да езу тартатыныңыз анық. Бұл әрине күлетін жағдай емес. Табиғатындағы ауытқушылық Шердің танымал болуына бөгет болмады. Әнші 6 мен 9 санын сол бойы ажырата алмай кеткен деседі.

Ұлы суретші, ойшыл, ғалым Леонардо да Винчи әдеттегі адамдар секілді емес, жазуды оңнан солға қарай, яғни керісінше жазатын болған. Тіпті, бұл оған еш қиындық туғызбайды екен.

Белгілі өнертапқыш, телеграф Томас Эдисонды ұстаздар оның қабілеті өте төмен деп мектепке қабылдамаған. Алайда, баласының сағын сындырғысы келмеген ана: «Сенің қабілетіңнің соншалықты жоғары екенін білген мұғалімдер, өздерінің білімдері саған жетпейтінін мойындап, сені қабылдамады» деп кішкентай ұлына зор махаббатпен қолдау көрсеткен. Кейін өмір дәлелдегендей, ол әлемдік жаңалық ашып, өшпес қолтаңбасымен ғылымға үлес қосып кетті.

Міне, әйгілі адамдардың өмір жолы осындай қызыққа толы. Сондықтан балаңыздың қабілеті төмен болса, оған дауыс көтермей, қайта өзгелер байқамаған талантын ашып, танымал тұлғаға айналуына қолдау танытыңыз. Кім білер, мүмкін сіздің үйде әлемге әйгілі кішкентай ғалым не өнертапқыш өсіп келетін шығар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<