Несие алып, қарызға батып…

410

0

Несие алып, қарызға батып... Қазір қаражаттан қысылған ағайын бұрынғыдай туған-туысын жағалап, жағдай айтпайтын болды. Бірден алып-ұшып  банкке келеді. Жұмысыңыз жөнінде анықтама болса, кепілсіз қаражат беруге банкіңіз бейіл тұр қазір. Тіпті кейбір банктер  жеке куәлігіңіз арқылы да несие рәсімдей береді.  Онан қалса, компьютердің алдында отырып-ақ, онлайн несие алып жатқандар  бар.

 

Жасыратыны жоқ, бүгінде несиесі жоқ адам кемде-кем. Бір адамның басында үш-төрт кредиті бар ағайынды да кез­дестіру қиын емес. Қолға жалақы тиген бойда банкке жүгіреді. Той жасап, үй салсақ та, тіпті үйге жиһаз жисақ та  несиеге рәсімдейді. Бұл тиімді болғанымен, «алмақтың салмағын» айтыңыз. Әйтеуір тіршіліктің тезі айналып келіп несиеге тіреліп тұрған мына заманда банксіз еңбек өнбейтін болды. Алайда, сол банктен ақша алғанша асығып, ондағы келісім-шарт мәтініне жете көз жүгірте бермейтініміз талайды тығырыққа әкелген тәрізді. Үстін-үстіне әкелген қағаздардың әр бетіне қол қойып біткенше асығамыз. Келісім-шартпен танысып, талабымен келіспей өзге банктерге баратындар аз. Банк тиісті қаржы шығатынын ескертсе, қайта бермей қоятын­дай тағат таппай кететініміз тағы бар.

Жуырда қызылордалық  азамат сотқа шағымданады. Ол өзінің арызында  белгілі банктердің бірінен несиеге 1 млн 400 мың теңге алғанын, кейін банкке оның ай сайынғы тиісті төлемақысынан бөлек 12600 теңгені «несиеге қызмет көрсеткені үшін комиссияға» төлеп отырғанын айтады. Ол банктің бұл комиссия түрін заңсыз алғанын, осы уақыт аралығында төленген қаржысын қайтарып беруді сұрайды. Сот талапкердің арызын қарап, қанағаттандырады. Нәти­жесінде  тиісті соманы өндіруге шешім шығарылған.  Бұл істің арқасында  жеке тұлғаның екінші деңгейлі банктен несие алғанда комиссия үшін төлемақы жасауы заңсыз болып шықты. Осы тұста бір сауал туындайтыны анық. Мұны неге банк қызметкерлері жасырып келген? Несие алғандар пайыздық өтемақыдан бөлек комиссия үшін  банкке қыруар қаржыны төлеп отырған. Талай адам осылай алданып жүр. Банктегілер айтқан сөздерінен қайтпақ емес. «Келісім-шартқа өзіңіз қол қойдыңыз» деп өзіңізге сілтейді. Бірақ оны өндіруге кеш емес. Тек тиісті маман дұрыс жөн сілтесе болғаны.

Тағы бір жерлесіміз 2014 жылы екінші деңгейлі банктің бірінен кредит алған. Төлеу мерзімі бес жыл. Кредитін уақытылы төлеп отырған. Бірде әлеуметтік желіден банктен алған несиенің  комиссиясын қайтарып алғандар туралы ақпарат оқиды. Мұны көпшілік қызу талқылап, заңгерлерден кеңес алған.  Бұл да жергілікті заңгерлердің  кеңесіне жүгінеді. Арнайы мамандар зерттеу жүргізе келе банкке комиссия үшін артық ақша төлегенін анықтап, қайтарып алу жолы да барын ескертеді. Содан сотқа арыз тастап, оң шешімі шыққан. Азаматқа банк тиісті қаражатын қайтарып береді. Мұнымен қоса банкпен жасалған келісім-шарт өзгертіліп, алдағы уақытта комиссия мүлде алынып тасталған. Есесіне, бұрын ай сайын төлеп келген несиенің көлемі әжептәуір  азайған.

– Қазір тұрғындардың көпшілігі банктен несие аларда оның келісім-шартын мұқият оқып шықпайды – дейді заңгер Асылхан Өтепов. – Тек кейін шикілік шыққан жағдайда ғана бас қатырып жатады. Сондықтан мұндай қадамға барарда ұқыптылық қажет. Жалпы, банк көрсететін қызметі мен операциялары үшін ғана комиссия ала алады. Бүгінгі күні сотта қарыз алушылардың тарапынан түскен арызға сай, кредитке көрсетілетін қызмет үшін алынатын комиссияның заңсыз екендігі анықталып отыр. Заңсыз қосылған үстемені 2016 жылдың 1-шілдесіне дейін несие алған банк тұтынушылары ғана қайтарып ала алады. Кейін Ұлттық банк комиссияны «Қарызға қызмет көрсетуге байланысты ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу үшін» алынатын үстеме деп заңдастырған болатын. Дегенмен несиені толық төлеп біткен жандарға зая кеткен ақшаны банк қайтарып беруге міндетті. Ескеретін жайт, соңғы төлемнен кейін 3 жыл уақыт өтпеуі және қолыңыздағы несие туралы келісім-шарт сақталуы тиіс, – дейді ол.

Расында, маманның айтқанындай көп­шілігіміз қаражаттан қысылғанда банктің табалдырығын тоздырамыз. Оның талаптарына жіті назар аудармаймыз. Осыдан келіп сабылып сарсаңға түсеміз. Қазірге дейін осындай шағыммен қаншама тұрғын заң­гердің көмегіне жүгінген.

Ендігі жерде банктен несие алар тұста келісім-шартқа мұқият көңіл бөлгеніңіз абзал. Өйткені алған несиесін еселеп қайтарып, әбігерде жүргендер аз емес.

Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<