Қоғамдық көлік қызметіне көңіліңіз тола ма?

668

0

Қоғамдық көлік қызметіне көңіліңіз тола ма? Қала тұрғындарының  басым көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметін күнделікті пайдаланады десек қателеспейтін шығармыз. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. Яғни күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 6- дан бастап түнгі сағат 22-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынады. Одан кейін сенбі, жексенбідегі демалыс күндері де жеке шаруасының қамымен қала орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі басты қажеттіліктің бірі.
Білуімізше, бұл саланың жұмысын қалыпқа келтіру үшін бірқатар шаралар атқарылды. Былтыр қызмет көрсету бағасы  да өсті. Бірақ қызмет сапасына байланысты елдің айтары бар. Айталық, күнделікті қоғамдық көліктерге отырғанда жан-жағыңдағы дөрекіліктерден жүйкең шаршайды. Дәл осы күні көліктердің іші  қолайсыз ыстық, сонда да тола адам. Яғни, көліктердің қатынау ара қашықтығы әркелкі. Содан болар, автобусқа отырғаннан көлік тізгініндегі адамның келесі жүргізушімен ерегісі басталады. «Ерте жүрдің», «кеш жүрдің» деп бір-бірімен айғайласып, дауласып жатқаны. Кейде бір бағыттағы көліктер қатар келіп қалса, жанталасып жарысатынын қайтерсіз?.. Ондай кезде көліктегі адамдардың  қауіпсіздігін қаперінен шығарып, спидометрі 100-ден асып бара жатқан автобусты МАИ қызметкерлері қалай көрмейтініне қайран қаласың. Көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сағаттап сөйлесетін жүргізушіге жол қауіпсіздігін жүргіншілер ескертіп әлек. Әрине, оған құлақ асса…Сол сияқты, кондуктордың көңілі түссе жолаушыларға билет беріледі, берілмесе оны талап етіп жатқан ешкім жоқ. Өз басым, соңғы екі жыл көлемінде қоғамдық көлік қызметін тұрақты пайдаланамын. Алайда, осы уақыт аралығында бірде-бір рет құзырлы орын тарапынан көліктердің қызмет көрсету барысын қадағалап, тексеріп жүргенін көрген емеспін. Көліктердің басым бөлігі ескі, жол үстінде бұзылып қалып жатады. «Сонда олар осындай жауапты жұмысқа қалайша рұқсат алған?» деген ой еріксіз мазалайды…
Айта кетейік, қала орталығында қатынайтын 1, 11, 14, 17, 18-ші  бағыттағы автобустарда қызмет көрсету сапасы жақсы, көліктің іші кең болған соң, сыйымдылығы, ауа айналымы қалыпты. Ал, тұрғындардың көбіне шағым айтатыны –5 бағыттағы көліктер. Бұл бағытта үнемі адам көп болады. Әйтсе де, шағын «Газель» көлігі болғандықтан  сыйымдылығы аз,  өте қолайсыз…
Күнделікті жұрт жұмыстан қайтатын қарбалас кезде автобустардың  іші лық толып, есігі әзер жабылып бара жатады. Ілінсең іліндің, ілінбесең қала бересің… Бұл әсіресе, 2, 12 бағытындағы көліктерге байланысты. Кейде қатарынан екі-үш автобусқа жолаушылар сыймай қалатын кездер бар. Жаз мезгілі болса, тәуекел. Ал қыстың көзі қырауда кіп-кішкентай балалардың сарылып автобус күтуі оңай емес. Бірде осындай жағдай орын алды. Яғни, күн қатты суық, кешкі аяз, қараңғылық түсіп қалған кез. Аялдамада тұрған оншақты оқушы бала автобусқа сыймай қалды. Оларды көре тұрып, көлікке отырып кетуге көңілім дауаламады. Келесі көлікті күттім, тіпті болмаса сол балаларды таксимен алып қайтуды ойладым. Өйткені, кешкі 20.00- ден соң бұл бағыттағы көліктер тоқтайды. Бұл жөнінде сұрастырсақ, көліктер жеке иелікте болғандықтан, «өз тәртібімен» жүреді екен.
Әлгі балаларды сөзге тартсам, «Апай, уайымдамай-ақ қойыңыз, күнде осылай қайтып жүрміз ғой»,- дейді. Қайтсін енді, оларда басқа шара бар ма? Сонымен, келесі көлік те келді. Оның да іші лық толы, әйтеуір әзер дегенде сыйысып, айтысып-тартысып, баратын жерімізге жеттік… Жасыратыны жоқ, бұл да көзіміз үйренген қалыпты көрініске айналып барады. Осындайда өз құқығыңды талап етсең, бейне бір сен өзге ғаламшардан келгендей, өшіге қарайды. «Көнсең осы, көнбесең түс те кете бер » дегендей дөрекі жауап аласың. «Тәуекел, бас аман, бүлінген ештеңе жоқ»,-дейсің де қолыңды бір сілтеп, дау-дамайдан аулақ жүргенді қалайсың. Бірақ осындай салғырттықтың салдары түрлі жағдайларға әкеп соғатытын естен шығармағанымыз жөн болар еді.
Жалпы, көшедегі көлік қозғалысы көңіл көншітпейді. Әсіресе, жаяу жүргіншілер арнайы белгіленген жолақтан өткенде «жанын шүберекке түйіп» жүгіріп, әзер өтеді. Олай етпесе, жүйткіп келе жатқан көліктің жылдамдығын тежейтін түрі жоқ. Осыдан келіп қаншама оқыс оқиғалар орын алып жатыр?.. Бұл да біздегі жолда жүру мәдениетінің қалыптаспағаны, адам қауіпсіздігінің  әлі де кемшін екендігінің көрінісі.
  Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<