«ОРДА» КІМНІҢ ОРАЙЫНА КЕЛЕДІ?

496

0

«ОРДА» КІМНІҢ ОРАЙЫНА КЕЛЕДІ? Бүгінде баспанаға қол жеткізетін бағдарлама түрі көп. Соның ішінде Сыр өңірінде ғана жүзеге асатын «Орда» бағдарламасы мұқтаж отбасыларға арналған.

Осы бағдарлама бойынша сол жағалаудағы жаңа үйлерден пәтер беруге өтініш қабылдана бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев айтты.

Бірден ашығын айталық, бұл жалпыға бірдей бағдарлама емес. Сатып алу мүмкіндігі қа­рас­тырылған жалға берілетін пәтер­лерден жергілікті әкімдікте кезек­те тұрған банк салымшылары үміт­кер бола алады. Олар – көпба­лалы немесе толық емес отбасы­лар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, І,ІІ топтағы мүгедектер, мемле­кет­тік қызметкерлер, бюджет меке­мелерінің қызметкерлері және жасы 35-ке толмаған жас отбасылар.

– Халықтың баспаналы болуына қолдау жасау мақсатында облыс әкімдігімен бірге «Орда» аймақтық бағдарламасын әзірлеп, іске қосып отырмыз. Оған қатысушылар 8 жыл бойы жалға берілетін пәтерлерде тегін тұрады. Алайда осы уақыт ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына үй бағасының 50 процентін жинау керек, содан кейін пәтерді жеңілдетілген несиемен сатып алады, – дейді Ә.Сәулебаев.

Қаңтардың 11-нен бастап сол жағалаудағы 4 үйге өтініш қабылдау басталып, осы айдың 21-де аяқталмақ. Наурыз айына дейін 14 үй бағдарлама аясында пайдалануға беріледі. Филиал директоры атап айтқандай, бірінші кезекте пәтер алу үшін таныс-тамыр жағалаудың қажеті жоқ. Бұл орайда есепшоттағы жиғаныңыз есепке алынады. Банк шотында кем дегенде 500 000 теңге жинағы бар және ең көп ұпай жинаған азаматтар бірінші кезекте үй алады. Ал, ұпай саны депозит мерзімі мен оның қаншалықты жиі толтырылғанына байланысты анықталады.

«Орда» бағдарламасы бойынша баспана алу қанша қаражатты қажет етеді?» деген көп көкейіндегі сауалға жауап ретінде банк мамандарының есебіне назар аударғанды жөн көрдік.

Мәселен, ауданы 58 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтер 6 960 000 теңге. Пәтерде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы осы уақыт ішінде шотына ай сайын 36 888 теңгеден ақша аударып отыру керек. Жыл сайынғы мемлекеттік және банк сыйақысын қоса есептегенде жинақ сомасы үй бағасының 50 процентіне жеткен кезде қалған 3 480 000 теңге несие түрінде рәсімделеді. Несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы 32 200 теңгені құрайды. Ал несиені мұнан да көбірек төлеп, ертерек құтыламын десеңіз, өз еркіңізде.

Бір айта кетерлік мәселе, елдің тұтыну несиесіне әбден байланып отырғандығы. Банктің жергілікті филиал директоры халықтың баспанаға ақша жинағаннан гөрі есепсіз несие алуға құштар екендігін ашық айтты.

– Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2018 жыл қорытындысы бойынша, Қызылорда облысы тұрғындары тұтыну несиесін алудан бірінші орында тұр. Бір қынжылтарлығы, бұл цифрдың жылдан жылға өсіп отырғандығы. Екінші деңгейлі банктердің «арзан несие береміз», «мына қарызыңызды өтесеңіз, мұнан да көп аласыз» деген жарнамасына алданып, несиеден несиеге өтіп жүргендер көп. Соның орнына бұл ақшаны баспана алуға жинаса, қаншама адам үйлі болар еді,– дейді қоғамдағы өзекті мәселеге назар аударған Ә.Сәулебаев.

Шынында да, басқаға емес, баспанаға несие алсаңыз бәрінен тиімдісі сол болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, «Орда» бағдарламасы мұнымен аяқталмайды, үш жылға жалғасады.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<