ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ

1568

0

ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ Осы тақырыпты жазарда Жарасқан Әбдіраштың мына бір өлеңі ойға оралады:
«Жақындай бере: – Ал, енді,
Тоқтама, – дедім, – тарт! – дедім,
Шапқылап ала жөнелді,
Арқалап шағын портфелін.
Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсін қайдан сотқарың:
 Алғашқы жүгін өмірдің,
 Арқалап бара жатқанын!»
Егілген кім, сотқар кім? Бағамдаған боларсыз. Қазір мұғалім мен ата-ана арасындағы дау әке сеніммен қараған сотқардың «алғашқы жүгінің» салмағы мен сапасына қатысты болып тұр. Бар білімнің анасы саналған «Әліппе» өзгерді. Оқулықты сынайтындар, жаңа мазмұнға жатырқап қарайтындар көбейді. Сөз қозғау үшін кітапты көзбен көріп, кәсіби маманның пікірін білу қажет. Біз де сол үшін мектепке бардық.
  Жаңартылған білім – жаңа кітап
Реформаға жиі ұшырайтын екі сала болса, соның бірі – білім. Жаңартылған білім беру жүйесі неліктен керек болды? Бұрын оқушы формуланы білсе де, оны өмірде қолдана білмейтін. Теорияны оқығанымен, көбі ойдағыны қолдағы мүмкіндікпен байланыстыра алмайтын. Қанша пәнді оқығанмен, өміріңе пайдасы тимесе, оның несі білім?! Осы мәселені шешу мақсатында мектептерге жаңартылған білім беру жүйесі енгізілді. Өткен оқу жылы 2, 5, 7-сыныптар жаңа мазмұнға көшті. Демек, оқулық та өзгерді. Енді мұғалімдер мен ата-аналар не дейді? Бірі: «5-сыныптың әдебиеттік оқу кітабында мәтін аз берілген, тапсырма көп. Бұрын әдебиетті оқығанда көркем әдеби дүниені оқығанымызды сезінетін едік», − десе, енді бірі: «тарих оқулығындағы тақырыптар толық ашылмаған, айталық 5-сыныпта қаңлы тайпасы туралы тек сипаттап берген», − дейді.
Мұны кәсіби мамандар былай түсіндірді: оқулық тек – ресурс. Қарапайым тілмен айтқанда, оқытушы – бағыт-бағдар беріп, ынталандырушы, оқулық – алғашқы түсінікті қалыптастыратын құрал. Оқушы тақырыпты әрі қарай кітапханадан, интернеттен өзі іздеп, оқуы керек. Білім – қазына, байлық. Ал қазынаны өзің іздеп, еңбектеніп тапсаң, құны артып, ойыңнан кетпейтіні бар емес пе?! Мамандар осыны ескерген.
Байқағаныңыздай, келесі жылы жаңа оқулықпен оқу кезегі 3, 6, 8-сыныптарға келеді. Оқулық қазір дайындалуда, ал жауапты маман не дейді?
Шолпан КАРИНОВА, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:
– Жаңа оқулықтарда дайын күйде есте сақтауға арналған мәтін, теориялық материалдар азайды. Ізденуге және сыни тұрғыда ойлануға, шығармашылық ізденіске талпындыратын тапсырмалар көбейді.  Өмірмен байланыстырылып, оқушының өзіндік жұмыс жасауына мүмкіндік берілген. Оқулықтағы материалдардың көбі диаграмма, графика, кесте, инфографика түрінде дайындалған. Жаңартылған білім беру мазмұнында шиыршықтап күрделендіру ұстанымы бекітілді.
Әйкерім САРИЕВА, №264 мектеп-лицей мұғалімі, Қызылорда қаласы:
− 7-сыныпқа жаңартылған білім мазмұны бойынша қазақ тілі пәнінен сабақ беремін. Бұл жүйе оқушыларға қолайлы екенін байқадым. Жаңа мазмұнда қазақ тілі пәніне негізінен география пәні кіріктірілді. Оқушылардың жас ерекшелігіне сай бөлімдерге тақырып бекітілген. Балалар грамматиканы меңгеріп әрі тақырып бойынша ізденуі керек. Айталық, «Ғаламтор және әлеуметтік желілер» бөліміне 10 сағат бөлінген. Лексикалық тақырып ғаламтор туралы болса, грамматикалық тақырып етістіктің шақтарына қатысты. Сонда 10 сабақта оқушы ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы ізденіп, әбден зерттейді, мәтінге сай жаттығу орындайды әрі етістіктің шақтарын біліп шығады.
Грамматикалық сауаттылық керек
Мұғалімнің сөзінен «бір оқпен екі қоянның» не екенін түсінген боларсыз. Бірақ, жаңа бағдарламада диктант пен мазмұндама жоқ болып шықты. Бұрын бір жылда 12 диктант жазылып, әр тоқсанда оқушыдан қорытынды жазба жұмысы алынатын. Ал жаңартылған білім оқушыны  негізінен фунционалдық бағытта дамытуды көздейді. Бірақ грамматикалық сауаттылық та керек. Мұғалімдерді осы мәселе алаңдатады. Бағдарламада болмағасын олар крите­риалдық бағалау жүйесінің бір тармағына грамматикалық сауаттылықты қосып, оқушыларға жазба жұмысын орындатып, бағалайды екен.
Ендігі мәселе, оқулықтағы қателерде болып тұр. Ата-аналардың ойынша, оқулықтағы деректер аз, кейбірі баланың түсінігіне ауыр. Мұғалімдермен кездесуде кітапта грамматикалық қателердің де барын байқадық. Бірақ маңызды мәселе тапсырмада, қате деректе болып тұр. Сонымен бірнешеуін мысал етсек.
Қате мен қиындық
5-сыныптың мына шығармашылық есебін зерек балалар тез есептеуі мүмкін. Бірақ бұл тапсырма барлық балаға оңай тимейді. «Үй тапсырмасын» орындайтын ата-аналар бұл есепті әлеуметтік желіге жариялапты. «Өлшемдері бірдей 35 жасыл кіші кубтардан және 29 сары кіші кубтардан куб құрастырылды. Оның әрбір қырында 4 кіші куб бар. Құрастырылған кубта сары кіші кубтар саны тақ сан болатын баған бар ма?»
 Ойландыратын есеп… Осыдан кейін бесінші сыныптың баласы ата-анадан көмек сұрайды, ата-ана таныстарынан…  
Ал 1-сыныптың «Дүниетану» оқулығында Түрік қағанаты, оның қолбасшысы Күлтегін туралы тақырып бар. Суретте Күлтегіннің ескерткіші бар, бірақ онда ешқандай белгі көрінбейді. Қосымша әліпби де берілмеген. Ал оқушыға «символдар мен математикалық белгілерді қолданып, досыңа арнап хат жаз. Досың сенің хатыңды түсіне ме?» деп тапсырма берген. Мұғалім ежелгі түрік дәуірінің әліпбиін іздеп қиналғанын айтады. Оқулыққа символдар мен математикалық белгілер қоса берілгенде оқушыға да, оқытушыға да тапсырма түсінікті әрі жеңіл болар еді.  
Бұл – біз сөз еткен бірнеше мысал. Грамматикалық қателер өз алдына. Оқулыққа тіл бітірсең, «іздесең, қателік көп менде, сен бірақ, түңілме, жек көрме» деп Мұқағалиша жырлап кетер ме еді?!  Республикалық басылымда «Атамұра» баспасынан шыққан 5-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығындағы қателіктерді кәсіби маман Серік Зиятов талдады. Мысалы, «Кейінгі мезолит дәуірінде адамдар микролит − ұзындығы 1-2 сантиметрлік тас құрал жасауды үйренді» деп жазылған. Мезолит ерте, орта, кейінгі деп бөлінбейді. Дұрысына келгенде: «Мезолит дәуірінің соңында адамдар ұзындығы 1-2 сантиметрлік ұсақ тас құрал – микролит жасауды үйренді» деп жазылуы керек еді.
Бастауыш сыныптардың оқулықтарын бақылай жүріп, жаңа кітаппен бірге жұмыс дәптері берілетінін білдік. Жаратылыстану, қазақ тілі оқулықтарының жұмыс дәптері бір-бірімен сәйкес болса да, 2-сыныптың «Математика» оқулығының №3 жұмыс дәптері бұл талапқа сай емес. Кітапта басқа есеп, дәптерде басқа есептер берілген. «Балалар оқулықтан есепті оқып, жұмыс дәптеріне орындау керек. Бірақ бір-біріне ұқсамайтын есептердің көп болуы үй тапсырмасын көбейтеді, ал оған ата-ана ренжиді» дейді ұстаздар.
Біле жүріңіз! Оқулықтарды талдап, оның сапалы шығуына Қазақстанның әрбір азаматы үлес қоса алады. Ғылыми-педагогикалық сараптама кезінде оқу-лықтардың жобасы «Қоғамдық бақылау» порталына орналастырылады. Қателікті байқасаңыз, www.expert.okulyk-edu.kz сайтына кіріп, ұсыныс-пікір білдіріңіз.
Тобықтай түйін. Еліміз білім берудің креативті формасын іздестіруде. Расымен, жаңартылған білім жүйесі жаңа заманға лайықты. Тек оқулықтың кейбірінде баланың жас ерекшелігі ескерілмей, білім сапасына атүсті қаралған. Бұл жалпы кәсіби мамандарға қатысты мәселе. Себебі, мұғалімдердің көбі оқулықтың талқылауы қайда, қашан өткенін білмейді. Керек кезінде үлес қоспай, жүз мыңдап шығатын оқулық оқушының қолына тигенде ғана «әттеген-ай» дегеннен не пайда?

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<