Ойыншықтар мен компьютер ойындарының зияны

617

0

Ойыншықтар мен компьютер ойындарының зияны Үлкендердің ғана емес, балалардың да ойынынан от шығады. Себебі, еліміздегі ойыншықтардың 35%-і техникалық талаптарға сай келмейді. Оның 5%-нен адам денсаулығына аса қауіпті заттар табылған. Бұл деректі естіген біраз ата-аналар алаңдап қалды. Осындайда ойлайсың «Шіркін, балаларымыз асық ойнаса, алаң көңіл аз болар ма еді».
Былтыр бір ата-ана ойыншықтар дүкеннен сатып алған лезун мен қуыршақты ұлттық зерттеу орталығына тапсырды. Зерттеу барысында қуыршақтан улы химикаттар – формальдегид, фенол деп аталатын улы химикаттар анықталды. Формальдегид екінші кластағы аса қауіпті түссіз газ. Ол адамның тыныс алу жолдарына, көзге жəне теріге зиян. Адамның жүйке жүйесін зақымдайды.
Елдегі зерттеулерден өткен ойыншықтардың жартысынан жуығы бала өміріне қауіпті болып шықты. Ойыншықтардың 60%-і Қытайдан əкелінсе, ал қалғандары Ресей, Өзбекстан жəне Қырғызстан елдерінен тасымалданады.
Жасыратыны жоқ, көбіміз бағасы арзан деп базарға барамыз. Алайда құны төмен та­уардың сапасына ешкім кепілдік бермейді. Тіпті сөрелерде самсап тұрған ойыншықтарға сертификат талап етіп жатқан ата-аналар аз.
Соның кесірінен ойыншықтарға қолын кесіп немесе одан да сорақысы бөлшектерін жұтып қойған бүлдіршіндер жайлы жағымсыз жаңалықты көріп жаға ұстаймыз. Былтыр Алматыда Қытайдың ойыншығын бір бүлдіршін абайсыз­да жұтып қояды, ол баланың ішегін тесіп жіберді. Магнитті ойыншық бір баланы жазым қыла жаздады. Құдай сақтап ақ халаттылардың көмегімен бала өлімнен аман қалды.
Еліміздің бас санитарының дерегінше биыл елімізге  бес мың тоннадан астам ойыншық тасымалданған. Жүргізілген тексерістің аясында бала денсау­лығына зиян ойыншықтардың бір жарым мың тоннасы жойылды.
Компьютерлік ойындар да бала санасына кері әсер етуде. Талай қазақ баласы интернет клубтарда тәуліктеп қонып, виртуалды әлемнің кейіпкерлерін өз болмыс-бітімдеріне қондырып жүр.
«GTA», «Counter-Strike», «Dota» – бұл атаулар сізге жат болғанымен, балаңызға таңсық емес. Бүгін де қоғам арасына таралған індет секілді. Бұл атау­лар жұқпалы аурулардай асқынып барады. Экранға телміріп, таңын атырып, түнін батырып жүрген балалар мен жастар саны артып келеді. Бұл ойындар ойлау қабілетін тежейді, бала көз ауруына шалдығады, басы ауырады. Ал қауіптісі ішкі ауруларды қоздырады. Ол ауру бірден білінбейді. Бала компьютердегі ойынды шынайы өмірде жасауға болады деп ойлайды. Атыс-шабысты, адам өлтіруді шынайы өмірде жасайды. Одан баланың жаны рахат табады дейді психологтар.
Осылайша, балаңыз әп-сәтте виртуалды әлемнің жауынгері атанып, ойлау қабілеті күрт өзгереді. Мұндай тәуелділіктің соңы түрлі психология­лық ауруларға әкеледі. Сондықтан балаңызды виртуалды емес, шынайы өмірге бейімдеңіз.

Гүлбану АЯПОВА,
«Мұрагер» мектебі директорының
 орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<