Құрбандыққа негізгі сұрақтар: Жылқы союға бола ма, қандай мал жарамсыз…

559

0

Құрбандыққа негізгі сұрақтар: Жылқы союға бола ма, қандай мал жарамсыз... Дін мамандары құрбандық малына ерекше мəн беру керектігін айтады. Тіпті бұндай малдың барынша жақсы болуына ден қойған жөн екен. Себебі Алла тағала он екі мүшемізді сау етіп жаратса, оның ризашылығы үшін тура сондай малды құрбан еткен дұрыс. Әлбетте, Жаратушы иемізге құрбандықтың еті де, қаны де, терісі де жетпейді. Негізгі өлшем – әрбір пенденің ықыласы мен тақуалығы. Сондай-ақ, құрбандыққа жақсы әрі семіз мал сойған адам мұқтаж мұсылман бауырларымыздың көңілін аулайды делінеді. ҚазАқпарат тілшісі күллі мұсылман үшін ерекше мейрам Құрбан айт қарсаңында құрбандық шалудың негізгі шарттарын пысықтап, жиі қойылатын сұрақтарға мамандар жауабын тізбелеп шыққан еді.
Неге жылқыны құрбандыққа шалмайды?
Ислам ғалымдарының сөзінше, Құранда Алла тағаланың құрбандыққа қатысты нақты бұйрығы бар. Онда «Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың – бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед с.а.у) Ықыластыларды қуандыр» [25] делінген екен. Ғалымдар осы аяттың түпнұсқасында «бәһимә» сөзі – «жануар», «мал» деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі төрт түлік малдың түрін қамтиды дегенді айтады. Олар – түйе, сиыр, қой мен ешкі. Осылайша аятта бекітілген малдардан басқа жылқы, тауық, қаз, үйрек және тағы басқасын құрбандыққа шалуға рұқсат жоқ.
Құрбандыққа шалынатын мал қандай болуы шарт?
Шариғат ережесі бойынша, ұрғашы мал да, еркек мал да құрбандыққа жарай береді. Алайда қой мен ешкінің еркегі, ал сиырдың ұрғашысы болған дұрысырақ.
Қой мен ешкі бір жастан, сиыр – екі, түйе – бес жастан асқан болуы керек. Дегенмен, алты айдан асқан қозы, я болмаса, тоқты ірі болса құрбандыққа шалуға рұқсат. Ондай жағдай қолы қысқа, әлеуметтік жағдайы көтермейтін адамдарға тән. Алты айлық тоқтының құрбандыққа жарайтынын анықтаудың бірден-бір жолы: денесі бір жасқа толған қойдың денесімен тең болуы керек екен. Жағдайы барлар мүмкіндігінше бір жасар қой немесе ешкіні құрбандыққа шалғаны дұрысырақ делінеді. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп, құрбандыққа шалса да болады. Ханифа мазһабына қатысты шариғат үкімдерін баян ететін «Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фишшархил-Китаб» кітаптарына сәйкес, бойында төмендегідей кемістігі болған мал құрбандыққа жарамайды:
1. Екі немесе бір көзі соқыр;
2. Өте арық;
3. Сойылатын жерге жүріп бара алмайтын дәрежеде арық немесе ақсақ;
4. Құлағы, құйрығы немесе басқа мүшесінің үштен бір бөлігінен көбі жоқ мал;
5. Желіні кесілген (қой мен ешкіде бір, сиырда екі желіні кесілген болса);
6. Дәрі әсерімен желіні тартылған;
7. Нәжіс азықпен қоректеніп, көп уақыттан бері таза нәрсемен бағылмаған;
8. Мұрны кесілген;
9. Тісі жоқ;
10.Ауру мал.
Ал аталған кемшіліктер малды сатып алғаннан кейін пайда болса, қайтадан құрбандыққа жарайтын малды сату алу қажет. Бірақ кедей адамның құрбанында бір кемшілік шықса, сол малды шала береді. Себебі кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. Бұдан бөлек, мүйізсіз, мүйізі сынған және ақталанған мал құрбандыққа жарайды. Ал желіні тартылған кәрі мал мен емізулі төлі бар малды құрбан ету мәкрүһ. Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа жегіп жер жырту мәкруһ болады. Малды алғанда саудаласуға рұқсат бар. Ең бастысы, құрбандықтың кем-кетігі болмауы шарт.
Құрбандыққа шалынған малдың терісін сатуға бола ма?
Жүні қырқылған қойды құрбандыққа шалу және құрбандық үшін сатып алу мәкруһ болады. Қырыққан жағдайда жүнін садақа етеді. Құрбанға шалынған малдың терісін де садақа етіп берген абзал. Үй шаруашылығында да қолдануға болады. Себебі деректерге сүйенсек,  Айша анамыздың құрбанға шалынған малдың терісінен мүтара жасап қолданғаны туралы əңгіме бар екен. Бірақ құрбандық малдың терісін сату – мәкрүһ делінеді. Алайда адам алған ақшаны садақа ретінде таратса, малдың терісін сатуға болады.
Сонымен қатар, құрбандыққа шалынатын малды біреуге жалға беруге, оған мінуге, сүтін сатып пайда табуға болмайды. Қандай жолмен болмасын құрбандыққа шалынатын малдан пайда тапқан жағдайда, пайда болып түскен нәрсе садақа етіледі.
Құрбандық шалмай, оның ақшасын мұқтажға бере салуға бола ма?
Дін мамандарының сөзінше, құрбандық шалудың басты шарты – малды бауыздап, қанын ағызу. Сондықтан Құрбан айт кезінде мал сойылуы қажет екен. Малдың ақшасын садақа етіп таратумен міндеттен құтылу болып саналмайды делінеді. Тұрмысы нашар адам өзі шешеді. Дегенмен, жылына бір рет құрбандық шалған дұрыс. Өйткені құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатыны жайында хадистерде айтылған. Адам өз орнына басқа біреуді өкіл ретінде тағайындай алады. Құрбандық сол адамның өзіне жазылады.
«Мәселен, биыл біз арнайы акцияны қолға алдық. Оның аясында жеті адам бірігіп, ірі қара малды құрбандыққа шалады. Әрбір адам 35 мыңнан тапсырады. Біз олардың аты-жөнін, телефон нөмірлерін жазып аламыз да, құрбандық шалғанда хабарласамыз. Олар өздері келеді, я болмаса, өкілдерін жібереді», – дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Әділxан Серікбай.
Бірақ жеті адамға қойылатын шарт – жетеуінің де ниеті Аллаға жақындау, сауап алу, Алланың ризашылығын алу. Егер жетеуінің ішінде бір адам құрбандықты сауап үшін емес, ет алу үшін шалса, Ханафи мәзхабында бәрінің құрбаны есептелмейді.
«Мен жылда солай істеймін. Жеті адамның тізіміне тіркелемін де, құрбандық шаламын. Мешіттің адамдары өздері айтады, сол кезде құрбандық шалатын жерге бара қоямын. Менің көзімше ниет жасалады да, малды бауыздайды. Сол жерде әрбір адамның үлесін таратып береді. Сосын ол өзі тарата ма, жоқ, әлде, мешіттің адамдарына тапсыра ма, ол жағын әрбір адам өзі шешеді», – дейді Астана қаласының тұрғыны Қайырбек Жұматаев.
Құрбандықтың етін толығымен үйде қалдыруға бола ма?
Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасында да қалдыра алады.
Құран Кәрімде құрбанның еті турасында мынандай аят бар екен: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Ақшаны қарызға алып, құрбандық шалуға бола ма?
Шариғат бойынша тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейтінін айттық. Қарызға ақша алып, құрбандық шалсын деген үкім де жоқ екен. Дегенмен, сауап алу үшін ақшаны қарызға алып, құрбандық шалудың ешбір ағаттығы жоқ.
Жалпы, бір отбасыда кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздар құрбандық шалуы тиіс делінеді. Ал əкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Жесір әйел де бақуатты болса, құрбан шалуы – уәжіп екен. Алайда, жағдайы болмаса, міндетті емес. Сауап үшін құрбандық шалып, етін таратпай, өзіне қалдыруға рұқсат бар. Әйел адамға өз қолымен құрбандық шалуына да, сондай-ақ, өзге біреуге шалдыртқанда қасында тұруына да болады.
Құрбандық шалу кезінде келесі жайттарға көңіл қою керек:
1) Малды бауыздайтын орынға, оны еш азаптамай әкелу керек. Малды сол жағымен Құбылаға қаратып жатқызу қажет.
2) Құрбандыққа шалынатын малдың иесі малды өзінің  союы немесе өзі қасында тұрып, мал бауыздауды басқа мұсылманға тапсыруы мустахаб болып табылады.
3) Мал соятын адам өз ісіне мұқият болып, малды азаптамай бауыздауы керек. Дәл бауыздар алдында «Бисмилляһи Аллаху Акбар» деп айту керек. .
4) Егер құрбанға арналған малды союшы адам әдейі «Бисмилляһ», деп айтпаса, онда Ханафи мәзхабының пікірі бойынша, бұл малдың етін тамаққа пайдалануға болмайды. Егер адам ұмытып «Бисмилляһ» деп айтпаса, мұнда тұрған еш әбестік жоқ.
5) Малды азаптамас үшін, мал толықтай өлмей тұрып, оның терісін сыпыруға кіріспеу керек. Құрбандық иесінің құрбандыққа сойылған күнгі малдың бауырынан бірінші жасалған тамақ мустахаб болып табылады.
6) Малды бауыздамас бұрын, алдын-ала пышақты жақсылап қайрап алу керек әрі мұны құрбандыққа шалынатын малға көрсетпей жасаған абзал.
7) Бұқаларды, енекелерді, қойлар мен ешкілерді бауыздағанда, жақтың астын ала орналасқан тамақты кесіп жібереді. Бауыздаудың мұндай түрі «забх» деп аталады. Ал түйелердің бауыздалуына келер болсақ, тамақтың кеуде тұсына жақын орналасқан жерін кесіп жібереді және бұл «нахр» деп аталады. Малдың тамағы бауыздалған соң, соғұрлым көп мөлшерде қанның ағып кетуіне мұршат беріп, біраз уақыт жайына қалдырып қою қажет. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Ниеттің де сауабы бар
Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «Мүміннің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», – деген ниетте болса, оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады екен. Бірақ дін адамдары айтқанындай, жағдайы бар адамға құрбандық шалу – уәжіп. Яғни, ол құрбандық шалуға міндетті.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<