Үш бақытым бар менің алақанда

1014

0

Үш бақытым бар менің алақанда Әлімсақтан бері адаммен бірге жасасып келе жатқан әдеп – амандасу.
Алла Тағала Адам атаны жаратқан соң «Анау топқа барып сәлем бер, олардың не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл – сенің ұрпақтарыңның сәлемдесуі» – деген.
Сөйтіп, Адамды періш­тел­ермен аман­дастырған. Содан бері сәлемдесу мұсыл­ман үшін періштелер мен пайғамбарлардың сүннеті болып саналады. Пай­ғам­барымыз сәлем­десу­ді, анығырақ айт­қанда сәлем­ге жауап қатуды бір мұсылманның екінші мұсыл­ман алдындағы хақы­сы деп анықтап кеткен.
Біздің қасиетті Хадис­тер­ден мысал келтіріп отыр­­ға­нымыз түсінікті және бұл сөздерді бірінші рет айтып отырған жоқ­пыз. Қайталап айтып оты­руымызға күн­делікті кө­рініс беретін мына екі жағ­дай еріксіз себеп болды.
Біріншіден, біз аман­дас­қан адамға дұрыс жауап бермейміз. Тағы да Пайғамбар сөзін алайық: «Екі мұсылман кездескенде емен-жарқын бір-біріне қол беріп, амандық-саулық сұрасса, қош айтыс­пай тұрып екеуінің де кү­нәлары кешіріледі». Ал, біз болсақ «ассалаума ғалейкум» деген кісіге «қа­лайсың» дейміз не болмаса «хоп» деп қолымызды сарт еткізе саламыз. Аман­дасуға бұлайша нем­құрайлы қарау – біздің сауатсыздығымыз бен құрметсіздігіміздің белгісі. Қатқыл айтсам, кешіріңіздер, «жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дегендей, егер бала бойына жастайынан амандасу әдебін сіңірмесек, дәл осы хәлге душар боламыз.
Екінші көріп жүрген келең­сіздігіміз – амандасқан сәтіңде жұдырығын немесе қолының сыртын беретін сабаздардың қылығы.
Адам не үшін алақандап амандасады? Алақанда шипа бар. Алақандап амандасқанда екі адамның биоөрісі алмасады, яғни, адамдар бір-бірінен қуат алады. Ала­қанда Алланың есімдері жазылғанын ұмыт­пау керек. Алла Тағала әлімсақта Адам атаны періштелерге не үшін аман­дастырды, осыған ой жүгіртіңіз. Бұл жерде Жаратушы адамдардың берекесі мен бірлігін ойлады. Береке бірлікті сақтап тұру қоймада шикізат сақтау емес, аса нәзік хәм қиын іс. Сол қағидаттардан айныған Сирия сияқты елдер әлі со­ғыс­тан көз ашпай келе жатыр.
Ал, енді алақанда жазу бар деген сөзге келейік. Алақан сырын зерттейтін  хиромантия деген ғылым күндіз-түні қасқа басын қос қолдап ұстаса да, «алақан сызықтарында адамның тағдырына, денсау­лы­ғына қа­тыс­ты ақпараттар бар» дегеннен аса алмай дің­кәлап отыр. Ала­қанға қарап бал ашатындарды ес­ке түсіріңізші, солар бір­деңе бі­летін сияқты. «Үш бақы­тым бар менің алақанда» деп өлеңдеткен Мұқағали ақын­ның да әулиеліктен алыс емес екендігін мойындау керек. Өйткені әлгі хироманттар ала­қанда «өмір», жүрек», «ақыл» сызықтары болады деп үш атауға тоқтаған.
Жалпы, алғанда айтайын дегеніміз, қол алысып ықы­ласпен амандасу арқылы әр­кім өзіне деген қарым-қаты­насты қалып­тастырады, мәде­­ниет­тілігін көрсетеді. Өзін әдепті, үлгілі етіп көрсеткен адамға басқалардың да жақын бол­ғысы келетіні кәміл.
Басқасын қояйық, біле­гіңіз­ді беріп амандас­паңызшы…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<