Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы

672

0

Тарыдай жақсылықтың  таудай сауабы Жақында «Инстаграм» желісінде ой саларлық оқиға болды. Ұлттық ұлан қыз­меткері Нұрсұлтан Әміров әп-сәтте баспанаға қол жеткізді. Былай қарасаңыз, таңғаларлық дүние емес. Еңбектеніп, тапқанын пайдаға жаратып, үйлі-жайлы болғандар қаншама?! Алайда, түлкібастық Нұрсұлтанның жайы бөлек. Оған сәттілік серік болды.

Әлеуметтік желілерде баспана мәселесі жөнінде кеңес беріп жүрген журналист әрі экономист Дәулет Мұқаев 3-4 ай бұрын оқырмандары арасында ұтыс ойнатып, бас жүлдеге ел ордасынан бір бөлмелі пәтер тіккен болатын. Ұтыс­тың қорытындысы бойынша оған құны 15 млн 500 мың теңге тұратын баспана бұйырды. Ал, ең қызығы, осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан «ЭКСПО»  халықаралық көрмесі кезінде көшеден 5 млн теңге тауып, оны иесіне табыстаған екен. Адал ниет үш еселеніп қайтты. «Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы бар»  деген осы.

Нұрсұлтанның жары Алинамен әлеуметтік желі арқылы тілдестік. Олардың отау құрғанына биыл үш жыл толыпты.  Жуырда тұңғыш ұлдары Айбарыс дүниеге келген.

– 2016 жылы отбасын құрдық. Сол жылы күйеуімді Пет­ропавлда оқуын бітірген соң бас қалаға, Ұлттық ұланға жұмысқа жіберді. Қазір аға лейтенант. Келесі жылы мен де университетімді тәмамдадым. Өзім отбасы дәрігерімін. Көшіп келгелі Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап тұратынбыз, – дейді Алина.

Алина күтпеген жерден орын алған сәттілікті кезіндегі жақсылықпен байланыстыратынын да айтады.

– Мұның алдында екі ұтысқа қатысқанмын. Бірақ, сәті болмады. Желідегі жазбаларын бұрыннан бақылап жүретін бір адам бар, сол тағы байқау жариялады. Бақ сынаймын деп шештім, ол кезде жүкті болатынмын.  Перзентханадан шығып, баланың қамымен жүргенде жаңа пәтерге ие болдың деген хабар келді. Қалай қуанғанымды айтып жеткізе алмаймын. Бұл баспананың бізге құтты қоныс боларына сенемін, – дейді  ол.

Басы ашық дүние бар: ниеті түзу, жақсылыққа жаны құмар пенденің қашанда қолдаушысы күшті. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз  «Қайсыбір мұсылман бауырына көмектессе, Алла оған жәрдемші» деген екен. Жақсылық жасап жүрейік!

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<