Теңге – тәуелсіздік белгісі

1532

0

Теңге – тәуелсіздік белгісі Төл теңгеміз шығып, оны алғаш қолымызға ұстап, ерекше әсерге бөленгеніміз күні кеше ғана сияқты еді. Сол бір кезеңдерден бері де 26 жыл уақыт өтіп кетіпті. Теңгенің шығуы – Тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі.
Кеңес Одағы құрамындағы барлық республикалар тәуелсіздіктерін жариялағаннан кейін Одақ тарап кетті. Алайда, біраз уақытқа дейін банк жүйесі тарқамай, ортақ валюта рубль арқылы бірыңғай төлем жүйесі жұмыс істеп тұрды. Бірақ уақыт өткен сайын рубль құнсыздана бастады, халықтың қолындағы қажысы топан ақшаға айналып, инфляция қарқыны 2900%-тен асты. Ол бір аса қиын кезең еді. Дүкен сөрелерінде күнделікті өмірде жиі пайдаланатын тауарлардың бағасы ай сайын, апта сайын, күн сайын емес, сағат сайын еселеп өсіп жатты.
Өзінде банкнот шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмағандықтан Қазақ елі екі жыл бойы шаруашылық айналымдардың қажеттілігін өтеу үшін Ресейдің рублін сатып алып отыруға мәжбүр болды. Ал Ресейдің жоғары билігі тарапынан қаржылық мәселелерге байланысты қойылған талаптар мен шарттар Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп туғызды. Тіпті, 1992 жылы Ресей өзінің валютасын енгізіп, Қазақстанды және басқа да республикаларды «рубль аймағынан» ығыстырып шығарды. Бұл жағдай жас мемлекетіміз үшін өте қауіпті болды.  Осындай жағдайда қандайда бір өзгеріс қажет тұғын. Қалыптасқан жағдай тез арада ұлттық валютаны өмірге енгізуді талап етті.
Көп ұзамай, ол өзгеріс те орын алды. 1993 жылдың 12 қарашасында ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Онда «Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін; 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады» – деп көрсетілген. 1993 жылы 13 қарашада республикалық газеттер жаңа валюта – теңгенің суреттерін жариялады. Теңгенің жеті бірлігінде қазақ тарихында ерекше орын алатын жеті тарихи тұлғаның бейнелері берілген. Осылайша, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ұлттық валютамыз саяси жағынан өте күрделі кез бен экономикалық жағынан өте қиын кезеңде мемлекеттік дербестігімізді сақтап қалу үшін өмірге келген еді.
Бұл істің оңай орындала салмағанын кейін білдік. Қазақстан Республикасы өз дербестігін жариялаған күннен бастап ұлттық валютасын шығаруды басты мақсат етіп, тәуелсіздігін сақтап қалу үшін өзінің ұлттық төлем құралы ретінде — Теңгесін шығаруды күн тәртібіне қояды. Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлттық Банк және қажетті жұмыс тобы бірден бұл жұмысқа кірісіп кетеді. Арнайы жұмыс тобы болашақ теңге купюрасының 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталық үлгілерін дайындап, Ұлттық банк оны бекітеді. Бекітілген теңге жобасын шығару үшін ағылшынның пошта маркілері және банкнота жасаумен айналысатын «Харрисон және оның ұлдары» компаниясымен өзара келісімшарт жасалады. Бұл жұмыстардың бәрі өте құпия жағдайда жүріп жатты.
1993 жылы қарашаның басында ҚР Президенті Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу жұмыстары бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындап, онда жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелерді айқындады.
Сонымен 1993 жылдың 15-ші қарашасынан 20-сына дейінгі алты күн рубльді теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Азаматтар бес жүз сомды бір теңгеге айырбастады. Теңге бірінші айналымға түскен күні оның АҚШ валютасы – долларға шаққандағы құны – 1 доллар 4, 75 теңге болып бекітілді. 1993 жылы 22 қарашада алғаш рет зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Осылайша, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ұлттық валютамыз саяси жағынан өте күрделі кез бен экономикалық жағынан өте қиын кезеңде мемлекеттік дербестігімізді сақтап қалу үшін өмірге келген еді.
Теңгенің жеті бірлігінде қазақ тарихында ерекше орын алатын жеті тарихи тұлғаның бейнелері берілген. Бір теңгелік банкнотқа – «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл – Фараби, үш теңгелікте – атақты ақын Сүйінбай, бес теңгелікте – атақты күйші Құрманғазы, он теңгелікте – ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте – ұлы ақын Абай Құнанбаев, елу теңгелікте – Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте – Абылайхан бейнелері салынған. Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды. Жаңа банкноталарда қорғаныш қабаты күшейді. Себебі оңай олжаға кенелгісі келетіндер валютаны қолдан жасаудан тайынбайтыны белгілі.
Қазақ валютасы ерекше дизайнымен түрлі байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленіп келеді. Мәселен, Халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот та екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған 1000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты да «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын алды.
Тәуелсіздігіміздің басты белгiсi болып саналатын ұлттық валютамыз қалай дегенде де елімізді талай экономикалық тығырықтан алып шықты. Төл теңгеміз алғашқы бастап күні бүгінге Қазақ Елінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өз үлесін қосып, қызмет етіп келеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<