ТӘРБИЕ ТАМЫРЫ – ОТБАСЫНДА

1011

0

ТӘРБИЕ ТАМЫРЫ – ОТБАСЫНДА Өмірде біреу бақытты байлықтан таппақ болса, екіншісі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Алайда, адамға өмірдегі шынайы бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алмақ. Бала тәрбиесі жөнінде Абай бабамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан»,- деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен.

Шынында да, бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Оның бойына барлық жақсы қасиетті дарыту, тіпті жанына жақсы жандарды жиюына септігін тигізу, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы. Қазір бала тәрбиесіне аса мән беріп, оның әрекетіне сабырлық таныту да оңай шаруа емес. Қарап тұрсақ, ол сирек кездесетін құбылысқа айналып бара жатқандай. Бұрынғының сабырлы анасын бүгінгінің ашушаң әйелі алмастыруда. Әрине, оның себебі жоқ емес. Солардың ішінде ең көп кездесетіні – өмірдің қиындығы, жауапкершіліктің көптігі, отбасын­дағы кикілжің. Бұған тағы әйелдің күйеуімен иық тіресіп отбасын асырауын қосыңыз. Осының бар­лығы оның бала тәрбиесіне деген сабырын сарқып, төзімін тауысады. Қазіргі кезде «Баланың тәрбиесіне бірінші шеше, екінші мұғалім жауапты» деген жаңсақ түсінік бар. Бұлай болуы заңды шығар. Бірақ, біз осы тұста әке жауапкершілігін ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Құранда: «Әйел мен ер бірдей құ­қыққа ие. Алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады», – делінген. Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Кей отбасында баласы жаман қылық танытса, күйеуі әйеліне: «Балаға қарамай не істеп жүрсің?», – деп жерден алып, жерге салады. Осы тұста оқырман пікіріне назар салсақ.

– «Сенің табаныңа кірген тікен ме­нің маңдайыма қадалсын» деп баласын көкке көтеріп, ба­сы­на шығарып алғандар бар. «Айтқаныңның бәрі дұрыс» деп қас қабағына қарап, бауыр еті баласына анасынан бетер жақ­тасатын әкелер де жоқ емес. Мейі­рімді болудың артықтығы жоқ. Бірақ аражігін сақтау керек. Жұм­сақтық танытам деп, баланы төбеге көтеруге болмайды. Уақыт өте ерке бала айтқаны болмаса, қарсылық танытып, түсініспеушілік туындауы бек мүмкін. Алайда, аналар перзентінің қателігін бай­салдылықпен, ашу­ланбай шеш­кені жөн. Не десек те, ананың орны ерек емес пе?! Хадистің өзінде «Ер адам өмірде анасына көбірек борыштар» деп айтылған, – дейді ата-ана Нұрболат Ақышев.

Ғабиден Мұстафин «Балаға сіңір­ген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтай алмайды, ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат» деген екен. Бала болашағына толғанар ел, ой­ланар отбасы қалыптасса ғана, елдің болашағы зор болады деген тоқтам дұрысырақ. Бүгінгі күн көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Өзімізден кейінгі ұрпақты жаман әдет-қылықтан аулақ қылып, адам­гершілік қасиеті жоғары, білімді азамат етіп шығаруға қоғам болып атсалысуымыз қажет. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын!». Әрбір адамды жастардың ой-талғамы, өрескел әдет-қылығы бейжай қалдырмаса игі. Көршінің баласына да өзіңдікіндей қарап, жанашырлықпен жөн сілтеп отырғанда ғана ол нәтижесін берері анық. Ал негізгі тәрбие отбасынан басталатынын әсте естен шығаруға болмайды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<