Үйлену қиын. Оңай болар еді…

1059

0

Үйлену қиын. Оңай болар еді... Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде: «Сауаптың ең күштісі шөлдеп келген кісіге сұраса су берген, мұқтаж болып сұраса қарыз берген және екі жалғыз бастыны қосқан» дейді. Әңгіме соңғы сауап туралы болмақ. Екі рет екі жастың қосылып, отбасын құруына себеп болдым. Соның бірін әңгіме еткелі отырмын.

Қазіргі заманда үйленудің машақатының көбеюіне байланысты көп жастарымыз шаңырақ көтеруге келгенде тосылып жатады. Баяғы біздер сияқты қарапайым үйлене салу жоқ. Қазір қатарына қарап арсынады және солардай ағыл-тегіл той жасап үйленсем дейді. Әрине, ол дұрыс қой. Бәрі қаражатқа, әл-ауқатқа келіп тірелетіні белгілі. Мәселен, қызға сырға салудан бастап, үйге келін болып келгенше ең кем дегенде  4-5 млн теңге керек екен. Жігіттің тұрақты жұмысы, ата-анасының қоралы малы болмаса, өзі жора-жолдастан, ағайыннан жұпыны болса, мәселе оңынан шешіле ме? Бұл ерте заманнан келе жатқан кедейшіліктің қиыншылығы. Ал, байлардың қыздарын отауымен ұзатып, жігіт қалың мал беріп, ағыл-тегіл той жасау олардың байлығына жарасқан.

Бір жыл бұрын Алматыдан Қызылордаға пойызға отырдым. Шамасы 30-35 жастағы жігітпен жолсерік болдым.Түсі қатулы, жүдеп шаршағандай көңіл-күйі жоқ. Пойыз біршама жүргеннен кейін, танысып жөн сұрасып әңгімелестік. Ол жігітте Қызылорда қаласы Қармақшы ауданына баратын жерлесім екен. Әңгіме барысында жігіт ішіне сыймай келе жатқан ащы мұңын ашылып айтты.

– Менің жасым 33-те, әлі үйленген жоқпын.Үйлене алмай жүрмін, тұрақты жұмысым жоқ. Техника жағы, сваркі, евро ремонт бәрі қолымнан келеді.Табуымның кемі жоқ, бірақ еш берекесі жоқ қомақты ақша құралмайды.Талдықорғанда кластас досым жұмыс істейтін еді, жұмысқа тұрғызамын, айлық табысы жақсы дегенге барып, сол жақтан келемін. Он күн жүрдім. Қара жұмысшылыққа алдыра алмады қолымнан келмеді. Мынау елге жететін жол-пұлың деп бергені әрең жетті. Тәуекел! Ауылыма бара жатырмын ғой, – деді.

Мен тапқаныңды ащы суға ұратын шығарсың дедім.

– Көке, бала болып арақ не темекі аузыма алған емеспін. Әкем авариядан жас кетті. Анам, екі інім, жалғыз қарындасым бар. Тапқан табысым күнделікті ішіп -жеуімізбен кетеді.

Ойлаған адамың, қызың бар ма? – дедім.

Бар, менен төрт жаса кіші.

 Оныңда жасы келген екен, ол не қылған қыз қартайғанша сені

тастап кетпейтін?

Оныңда үй-ішінің ұзатуға шамасы жоқ. Ата-анасы өз қатары сияқты

ұзатсақ дейді. Екеуміз кездессек болды, тойымыздың есебін есептеп шығара береміз. Қысқарта-қысқарта ең соңындағы керек қаржымыз әр қайыссымызға 3-4 миллионнан  келіп тұр. Сол сырға салудан бастап, 15-20 адамға кит, ресторан, музыка, тамада,  тәтті шай, құда шақыру, тағысын тағы … Ақырында екеуміздің басымыз айналып бірімізді біріміз қимай мұңайып үйді-үйімізге қайтамыз.

Осылай қосылмай қартаясыңдарма? – дедім.

Көке, не істейміз енді? Ақылыңызды айтыңызшы.

Жігіттің бойын ашу-ыза кернеп кетті.

Онда тыңда:

– Мен саған ақыл айтпастан бұрын өмірде болған жағдайды айтайын. Менің анам 97 жасында дүниеден озды. Сол кісі мынадай әңгіме айтқан. “Ашаршылық. Осы қалада тұрамыз. Күнде ертемен ат арбамен көше жағалап, өлген адам бар ма деп мәйіттерді жинап жүреді. Әлі бар адам түнде өлген адамды сүйретіп, үйден шығарып қояды. Әлі жоғы көшеге еңбектеп шығып, келе жатқан арбаға үйде өлік бар деп қол бұлғап хабар береді.

Міне, осы заманда да адамдар үйленген. Кешке бәріміз дастархан басына жиналамыз. Шеңгелдің қоңырауын тапаға қуырып, шәй етіп, тапса бір уыс бидай, не болмаса бір уыс тарыны дастарханға шашып жібереді. Соны теріп жеп отырып, келіншектің бетін де ашамыз, ойнап-күліп қайтамыз. Атам қазақ айтады: «Заманына қарай амалы» деп. Қарап отырсам барлық қиындықты өз-өзімізге қолдан жасап алғанбыз. Қазіргі “кедей байға жетсем, бай құдайға жетсем деген пендешілік заман болды ғой” дейтін. Бағамдап қарасаң рас дүние.

Менің саған айтар ақылым, алдымен мынаны ұғып ал. Жоқтық не ішкізбейді, барлық не істеткізбейді. Көрпеңе қарап аяғыңды соз. Сенде әзір миллион болмайды. Бас екеу болмай дүние үшеу болмайды. Сондықтан  қызға бар да, ештеңенің керегі жоқ, бір мал соямын да бетіңді ашып, ағайын, жора-жолдас алдында бәтесін аламыз де. Жағдайы бардың жағдайы белгілі. Ендігісі қыз жағымен келісіммен болатын жағдай. Қызға түсіндір, ақылдасып анасымен келісіп шықсын.Үлкен тойға шама жоқ сенде де, менде де. Қыз дүниесі, кит, құда шақыру, тәтті шай кейін бола жатар деп анығын айт. Сен үйленейік деп айтпасаң қыз еш уақытта “мен саған тиемін, мені ал” деп айтпайды. Сенің бұл айтқаныңды қыз қуана-қуана қабыл алатынына мен сенемін. Үйленгесін сырға да, жүзік те бола жатады. Ал, егер осы қызумен айтпасаң, еш уақытта айтпайсың. Онда баяғы жартас сол жартас, миллион-миллион деп қиялдап жүре бересің.

 – Көке, әкемнен артық көріп кеттім сізді. Өмірімде маған дәл осылай ақыл берген жан болмады. Мен үйленгендей қуанып тұрмын. «Еркек болсаң батыл бол, батыл болсаң батыр бол!» дегеніңіз санама қонып кетті. Тойға ең бірінші сізді шақырамын –деп, телефон номерімді алды.

Қараша айының аяғында сол ауылға шаруамен барғанымда хабарласып едім, үйіне апарып, үйге кірер кірместен келіншегіне қуанышты дауыспен “міне-міне мен айтқан, екеумізді қосқан көкем келді, тамақ істе” деп жатты. Шәй іштік, келіннің аяғы ауыр екен. Қайтарымда жастарға тілегіммен бәтемді беріп қоштастым.

Әскери борышымды Ресейдің Острагожк қаласында өтедім. Әскердің соңғы жылында  орыс досым осы жердің қызына үйленді. Өзі Украинаның Даугопилес қаласынан еді. Ол кезде кино камера деген жоқ, мені күйеу жолдас әрі фотограф есебінде тойды түсіру үшін апарды. Той қыздың үйінде болды. Өз ауылынан 12 адам тойға келді. Жүргізуші тортты кесу салтымен келгендерді сөйлету үшін, тортты сөйлеушінің алдына қойып сатып ал дейді екен. Сөзін сөйлеп, тойға қатысушылар сыйлықтарын табыс етеді. Ертеңіне жас-жұбайлардың тойдан түскен мүліктерін орналастырып, екі жақтағы құдалар бір-бірімен танысып, түрегеліп тұрып стакан соғыстырып, кешкі пойызбен елдеріне кетті. Менің неге отырып ішпеді деген сұрағыма жаңа үйленгендердің  үйіне тойдан кейін бірінші келген кісілер отырып ішсе, кейін бұл үйге келген кісі кетпей ұзақ отырып алатын болады деген ырымдары бар екен. Осы жағдайды бізбен салыстырып қарасақ қыз жағы да, жігіт жағы да қаражатты бір нүктеге бағыттап жатыр. Демек, той біріккен екі жақ күшімен жасалды. Әр елдің үйлену дәстүрі әртүрлі. Біздің қазекеңнің тойы дәл осындай жобада болсын деген ойда емеспін. Дегенмен, өзімізше қарапайым, ысырапсыз болса екен. Жастар қиналмай, қажымай «барымен базар» дегендей шаңырақ құрса еліміздің қара домалақ, қара көздері көбейе берер еді…                                      

Тоқташ Алдоңғаров,  

                                                                                    Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген   

                                                                                    дене және спорт қайраткері, зейнеткер.     

                                         

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<