Қырқына шыдадық…

1133

0

Қырқына шыдадық... – Ура-а, бүгін салқын болады!
– Қойыш-ей…
– Жаңа ауа райынан айтты, Қызылорда 38 градус деп.
Басқа жақтың жұрты бұл диалогты әзіл деп түсінуі мүмкін. Бірақ, бұл – біздің қызылордалықтардың қалжыңы емес, екеуара сөйлесуі. Себебі шілде шыққалы бері күннің ыстығы 40 градустан төмен түскен жоқ.
«Англияда 30 градус, жұрт көшеде үстіне шелек-шелек су құйып жатыр. Алманияда – 35, адамдар аузын бақадай ашып, басын қайда тығарын білмей жүр, Франция­да – 40, тал түсте талып құлап жатыр. Қызылордада – 56, қазақтар самаурынның құлағынан ыстық шайды бұлақша ағызып, әңгіме соғып отыр». Тіпті, осындай бұралқы сөз де шығыпты. Негізі бар. 56 болмаса да, елуге жақындаған шығар.
Біз расында да, төзім­ділік жағынан әлемде бі­рінші орын алатын халықпыз-ау. «Шілде» сөзі араб тілінен аударғанда «қырық» деген мағына береді-міс. Бұрын қазақтардың мұсылмандық ұғы­мында «шілдеге түсу» деген болған. Медресе бі­тіріп, шатырхат алған үздік шәкірттер – дәруіш, сопы, ақындар жер астына түсіп, қырық күн бойы ешкімді көрмей, сөйлемей, тек Алламен ғана үнсіз тілдескен. Мұны қазіргіше медитация деуге болады. Соған төзген қазақпыз. Түр­кістан маңында, Қарнақ елді мекенінде сол ескі медресенің орнындағы қы­л­­ует әлі күнге бар дейді, көргендер.
Әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен шілдені қазақ «ұлы шілде», «кіші шілде» деп екіге бөледі. Есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыс­тың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Халық астрономиясында «қырық күн шілде» дейтіні сол.
Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болса, қысқы шілде 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығын құрайды.
Бұл табиғат құбылыс­тары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақыра­йып тұру уақытымен пара-пар есептелген. Бірақ шілде сөзі қыстың емес, жаздың екінші айын атау­ға негіз болған. Қазақтар үшін қыс­тың ызғарынан гөрі, жаздың ыстығына төзу шыдамдылық сипаты секілді. «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» – деудің сыры осында.
Негізі шілде – табиғат үшін тамаша ай. Құстардың көбейетін, егістің бал­бырап пісетін шағы. Құдай «Алаштың анасына» үйіп-төгіп берген. Дәл осындай ыстық өзге өңірде болмайды, болмаған соң жер мен күнді тел еметін тәтті жеміс өсіре алмайды. Ал, Сырда өсетін мұндай жемістің – қауын, қарбыз, шие, өрік, қияр, қызанақ (тізімді толтыра беріңіз) адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, тіпті оның қырық ауруға шипа беретінін білімді дәрігерлер айтсын. Ыстық ауа – жел-құздың да емі.
Ауа райының +40 градустан жоғары деңгейі адам ағзасына ыстық су ішкендей әсер береді екен.
Шығыс ілімі бойынша, мәңгілік жастықтың құпиясы нақ ыстық суда сақталған. Бұл – қайнап басылған су емес, дәл 40-45 градус температурадағы су. Тибет дәрігерлері ашқарынға ішілген бір кесе ыстық су адамның өмір жасын ұзартады деп тұжырым жасаған. Оның себебін ыстық су түн ішінде жиналған ас­қазандағы зиянды мик­робтарды өлтіреді деп түсіндірген. Сондай-ақ, бұл бас сақинасынан, қан қысымының жоғары­ла­­уы­нан, қаназдықтан, ­се­­міз­­діктен, буындардың қабынуынан айықтыратын тәсіл болса керек. Мұны айтып отырған Тибет медицинасының бүкіл әлемде мойындалғанын бәріміз білеміз. Осыны маңдайға алған қытайлар дәмханаларда тамаққа тап­сырыс әкелмес­тен бұ­рын бір кесе ыстық су ішуге дағдыланыпты. Ал, Құдай бізге бұл нығыметті жаз ыстығы мен еуропалықтар сияқты салқын сусын іше бермей, ыстық шайға құмарландыру ар­қылы өзі беріп тұр.
Ақыры шілде туралы айтып отырған соң Әсет, Есет есімді жігіттердің қаперіне де бір сөз салайын. Жақында Әсет есімді бір інім өз атының мағынасын «бал» сөзінен шыққан деп отыр екен. Шамасы «әсел» сөзімен сәл шатастырса керек.
Шілде байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз айлары бойынша «әсет» деп аталған. Кейде «асад» деп қолданылады. Мәселен, Асадулла деген есімді білеміз. «Асад» сөзі арабша «арыстан» дегенді білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Өз ішіміздегі Әсет, Есет (тілімізде «ә» мен «е»-нің ауысуы бар, «әп, бәлле»,  «еп, бәлле» сияқты…) деген кісі аттары осы арабшадағы «асад», яғни, «арыстан» мағынасын бе­реді. Сондықтан әлгі іні­ме араның ұясындағы бал болмай, даланың қия­сындағы арыстан бол дегім келеді.
Мінекей, бірді айтып бірге кеттім, шілде айы­ның шығатын кезі де жа­қындап қалды.
Қырқына шыдадық, қы­рық біріне шыдайық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<