ЖАСТАРДЫҢ ЖҮЙКЕСІ ЖҮН, ЖІГЕРІ ҚҰМ. КІНӘЛІ КІМ?

768

0

ЖАСТАРДЫҢ ЖҮЙКЕСІ ЖҮН, ЖІГЕРІ ҚҰМ. КІНӘЛІ КІМ?  Елімізде жүйке ауруына шалдыққандар қатары артқан. Айталық, биыл Алматыда мұндай науқастар өткен жылғымен салыстырғанда 14 процентке көп. Неге? Дәрігерлер мұның себебін жастардың әлеуметтік желіге уақытты тым көп жұмсауынан деп отыр.
Ал біздің облыстағы ахуал қалай? Облыстық психикалық денсаулық орталығының дерегі бойынша, 9 ай ішінде науқастар саны артпаса кемімеген. Жүйкенің «жауы» тек телефон емес. Орталықтың бөлім меңгерушісі Нұрлан Нұрпейісовтің айтуынша, біріншіден, әлеуметтік жағдай, екіншіден, спортпен айналыспау, ауыр дерт, ота жасату жүйкеге айтарлықтай салмақ түсіреді. Әлсіз адамның да «қайғы келсе, құлай кетуге» бейім болатыны белгілі. Ал енді телефон санаға қалай әсер етеді?

АҚПАРАТТАР АҒЫНЫ ЖӘНЕ «ОВЕРТОН ТЕРЕЗЕЛЕРІ»
Қазір елімізде ағылшын тілін үйрену тенденциясы жүріп жатыр. Көпшілігі қызыққанымен, алғашқы қарқыны қайтқан. Өзі ойлағандай бірден меңгеріп кете алмайды. Неге? Себебі мида ақпарат көп. Ғалымдардың айтуынша, қазір біз күніне 4000-ға жуық жаңалықпен танысады екенбіз. Әсіресе, жағымсыз ақпараттың жылдам тарайтынын ескерсек, ми пайдасыз информацияға толды деген сөз. Санаға қабылданған дүниені шығарып тастай алмайтынымыз белгілі. Бұл қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желідегі чат, конференция, сайттардан келетін сілтемелердің әсері. Демек, біз ақпараттар ағынының әсерінен нағыз керек дүниені санаға қабылдай алмаймыз. Тілді де тез үйренбейміз. Ойлаған мақсатқа жете алмау, жағымсыз ақпаратты көп есту, білу психологияны өзгертпек.
Тез тарайтын, кеудеңе қорқыныш ұялатар ақпарат көп бүгінде. Әлем бойынша жағымсыз оқиғалардың жылдам таралуы, жастардың ұлтқа жат, адамзатқа пайдасыз тірлікке бой үйретуі белгілі теория бойынша іске асуда. Оны ғылымда «Овертон терезелері» деп атайды. Джозеф Овертон есімді ғалым «адамдар ең жиіркенішті деп санайтын дүниесін де басына тәж етіп кигізуге болады» деп мәлімдеген. Бірақ оған дейін алты терезесі, яғни қитұрқы теорияның алты сатысы бар. Айталық осы мақсаттағы топ каннибализмді насихаттап жатыр делік. Мұндайда алдымен «ерте замандарда адамдар бір-бірінің етін жеген, ашаршылық кезеңде де бұл жағдай жиі қайталанған» деп ақпарат тарата бастайды. Әрине, мұндай хабар ешкімге ұнамайтыны белгілі, тыңдауға да тұрмайды. Бірақ осындай жаңалықты жиі, жылдам тарату арқылы алғашқы терезе ашылады. Екінші сатысында, мақсатты топ адамдары сөз еркіндігін пайдаланып, жиындарда да айта бастайды. Діттеген межесі – бұл дүниеге елдің құлағын үйрету. Қалың көпшілік арасында бұл тақырыпты әбден сіңісті етудің тағы бір амалы телеарна, БАҚ беттерінде талқылау болмақ. Сенсация жасау мақсатында ток-шоулар айтуға ауыз бармайтын жағдайды сөз етіп, арнайы ғалымдар шақырылып, пайдасы мен зияны «сараланады». Әлі де ел арасында қорқынышты, жиіркенішті тақырып болғанмен, халық енді мұны бір-біріне жаңалық етіп айтатыны анық. Ал, ғалымдар бұл уақытта арнайы зерттеу жасап, тіпті адам ағзасына пайдасы бар дегендей мәлімдеме жасап үлгереді. Өйткені, ғалымдарға деген елдің сенімі күшті. Тіпті бұл құбылыстың атауы бірнеше рет өзгеріп, ғылыми түрде басқа атау беріледі. Сондағысы адам санасына бұрынғыны ұмыттырып, жаңаша әсер ету. Әдістердің тиімділігі соншалық, адамдар шошынып қараудың орнына, ғылыми жаңалықты өздері де тарата бастайды. Соңғы терезенің бірі елге танымал шоу-бизнес өкілдері, танымал тұлғалардың кан­нибализмді қолдап, пікір білдіруі болмақ. Енді «каннибалдар мына ел, осы қаладан табылыпты» дегендей ақпараттар жиілей бас­тайды. Болды, теория алты сатыдан өтті. Енді қитұрқы іс те қалыпты құбылысқа айналуы қиын емес. Кейінірек, бұл тақырып туралы сөйлеспейтін, қолдамайтын адамдар мәдениетсіз, адам құқығын таптаушылар қатарына жатқызылмақ. Бұл тіпті өздігінен жүретін процесс, өйткені, теорияның жүзеге асуына адамдардың өзі көмектеседі. Бүгінде, Еуропада бір жыныстылардың некесі мен балалар эвтаназиясы осы жолмен насихатталуда. Байқадыңыз ба, бейқамдықтың кесірінен қисынсыз дүниенің өзі құндылыққа айналып кетуі мүмкін. Ал біз, байқамаймыз.
Кез келген ақпаратты, әсіресе, пайдасыз, жағымсызын көргішпіз. Бізде «баласын тастап кетті», «жігіт қызға айналғысы келді» деген ақпараттар сұмдық «өтімді». Базбіреулер әлеуметтік желімен аса маңызды дүниені жария еткендей жылдам таратқыш. Ал оның салдары оқыс оқиғаларға әкелмек. Жүйкесі әлсіз адамдарға ауыр тимек. Бастысы, өзіңіздің де психологияңызды бұзып, өмірді әділетсіз, адамдарды қатыгез етіп көрсете бас­тайды. Ал басқаларға сенімсіз, тек жамандықты көргіш, ойлағыш адамның өмірі жақсы бола ма? Жастардың жүйке ауруларына тап болуының бір себебі осы.
Әлеуметтік желінің біз ескермейтін тағы бір тұсы бар. Сіз желідегі адамдардың суреттеріне қарап не ойлайсыз? Әдетте, адамдар жұртшылыққа тек әдемі түр, бақытты сәттерін ғана жариялайтынын ескеру керек. Ал, балалар, әсіресе, жастар суреттегі адаммен өзін жиі салыстырады екен.  «Онда бар дүние менде неге жоқ» деуге бейім келеді. Күйзеліс, психологиялық қиындықтар мұндай сұрақты өзіне жиі қоятын жастарда көп кездеседі.
ПСИХИАТРЛАР НЕГЕ ЕМХАНАҒА АУЫСТЫРЫЛДЫ?
Жүйке ауруларының себебін білу мақсатында «Облыстық психикалық денсаулық орта­лығына барғанымызда, «мұндай орталықтар дәрігер­лерін таратып жатыр» деген хабардың анық-қанығын сұрадық. Шын­дығында, психиатрлар мен психологтар таратылмаған, тек жұмыс орны өзгеріп, 4 емханада ашылған алғашқы психикалық денсаулық ор­талығына бекітілген. Енді әрбір қала тұрғыны осы емханаларда психиатр мен психологқа көріне алады. Бұрын жағдай басқаша еді. Айталық, Ердосқа медициналық тек­серуден өту кезінде, пси­хиатрға жолдама берілсе, ол бармауы мүмкін. Себебі, «Облыстық психикалық ден­саулық орталығына» барып, психиатрға көріну «ұят». Ол мекемеде «нағыз жүйке ауруымен ауыратын адамдар емделеді» деген халық арасында түсінік бар. Бірақ, бойыңда нендей дерт барын білмей, күдікпен күн кешу кімге пайдалы, кімге зиян? Ұят пен надандықты шатастырмау керек. Сол үшін пациенттер дәрігерге дер кезінде қаралсын деп, орталық емханаларға арнайы психиатр мен психолог бекіткен.
Республика бойынша «Облыстық психо-неврологиялық аурухана» деген атаудың «Облыстық психикалық денсаулық орта­лығы» деп өзгертілуінің де себебі осында. Орталық атауының өзі айтқанда қолайсыздық тудырмауы қажет.
Айтқандай, дәрігер­лер­­мен әңгімелесе жүріп, бү­гінде ауруханаға психиатр дәрігер жетіспейтінін білдік. Рас, бұл сала сабырлы мінез,  төзім қажет етеді. Бірақ болашақ дәрігер, қазіргі студенттер мұны ескерсе, елге тиімді іс болар еді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<