Жемқорлықпен күрес: Әлемдік тәжірибе не дейді?

3903

0

Жемқорлықпен күрес:  Әлемдік тәжірибе  не дейді? …Соғыстан кейін құлдыраған Германия аз ғана уақытта әлемнің өркениет көшіне ілесе алатын жағдайға жетті. 1948 жылы зауыттар жұмыс істей бастады, неміс маркасы тұрақтанып, дүкен сөрелерінде тауарлар пайда болды. Тарихшылар мұны АҚШ-тың Германия экономикасын қалпына келтіру бағытында жүргізген «Маршал жоспарының» ықпалы, сондай-ақ федералдық экономика министрі, кейін канцлер Людвич Эрхардтың кереметі деп түсіндіреді.

Эрхард не істеді? Ол орасан зор байлықтың азғантай адам­дардың қолында болуын тежеді, соның нәтижесінде тұ­рақ­ты орта тап қалыптасты. 50-жылдары не­міс маркасы әлем­нің сенімді ва­лютасына ай­налды. Эрхард Гер­манияның сол жылдардағы та­бы­сын кәсіп­керлердің тапқыр­лығы мен тәр­тіптілігі, жұмысшы­лардың ең­бекқорлығы және үкі­меттің бі­лікті саясатының жемісі деп тү­сіндірді. Қалай болғанда да бұл соғыстан кейін 5-6 жылдың көлемінде жүзеге асырылған ре­формалардың нәтижесі еді.

Тағы бір ескеретін жағдай, Германияның экономикасын қал­пына келтіру үшін АҚШ «Мар­шалл жоспары» бойынша оған миллиардтаған доллар не­сие берді? Ал соғыстан же­ңіл­ген Германия оны ұқыпты пай­да­ланып, 1960-жылдары өр­леу деңгейіне жетті. Батыс жа­ғындағы Германия, Кеңес ық­па­лындағы Шығыс Германия эко­номикасы қатар дамыды. Мұ­ны енді неміс кереметі деңіз.

2018 жылы Қытайда 68 мыңнан астам адам сыбайлас жемқорлыққа қатысты ережені бұзып, жауапқа тартылды. 2012 жылы Қытайда мемлекеттік қыз­меткерлерден ұқыптылықты, әдеп­ті, немқұрайлық пен ысы­рап­шылыққа жол бермеуді талап ететін ереже қабылданды. Был­тыр қағиданы ұстанбаған 71 мың адам жазасын алды. Бұл үрдіс 2012 жылы басталды. Си Цзиньпин партия мүшелері мен мемлекеттік қызметшілердің абы­ройын көтеруді мықтап қол­­ға алды. Оларға тәртіп норма­ларын сақтау, сыпайы және жа­уапты болу, өз міндетін мүл­тіксіз атқару сияқты талаптар қойылды. Ең бастысы Заң алдында бәрі бірдей. Әлемнің 120 мемлекетінен сыбайлас жем­қор­лыққа қатысы бар деген 4,8 мың күдікті ұсталды. Бұған қоса Қытай қазынадан ұрланған 1,5 миллиард юань қаржысын қай­тарып алды.

Жапон қоғамында «өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жа­пон қоғамы үшін еңбек ету» деген түсінік бар. Бұны ұжым­дық сананың жетілуі деп тү­сінген жөн. Әр жапон азаматы өзі қызмет ететін мекеме үшін ба­рын салады, ұжым ортақ же­тістікке жетуі үшін күш-қуатын аямай еңбек етеді. «Барша жа­понның жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етейік» деген ұран­ды Күншығыс елінің аза­мат­тары әлі күнге ту етіп ұс­тай­ды.

Жапонияда басшыны құр­мет­теу ұғымы бала жастан бой­ға сіңген қасиет. Жапон ті­лін­де үлкенді, бастықты сыйлау реңкін көрсететін сөздер бар. Бөлім басшысы, басқарма бас­шысы, мекеме басшысы деп сатылап жоғарылай бе­ретін бас­­қарушы тұлғаларға құр­мет­теу райындағы сөздер пай­да­ла­нылады. Ал басшы адам­гер­шілік, ынсап, сыйластық при­н­цип­терінен аттап өтпеуге тиіс.

Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң талай елде бар, әрине. Бі­рақ Жапонияда заңға бәрі ба­ғы­нады. Жақсы тұрмыс үшін жа­сырынып «сауда жасап» жүр­ген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жал­ақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады. Жапо­ния­да мемлекеттік және муни­ци­палдық қызметкердің басшы бола жүріп, кеңесші, компания ке­ңесінің мүшесі, жеке компания иесі, т.б. жұмыстарды қа­тар атқаруына заңмен тыйым салынған.

Жапонияда 2000 жылдың қа­раша айында жемқорлық әре­кеті үшін қылмыстық жазаға тар­туды көздейтін арнайы заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес жемқор деп танылған тұлға бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 2,5 млн иен айыппұл төлейді.

Жапонияда министрлер ка­бинеті мүшелерінің, олардың от­басы мүшелерінің, министр­лер орынбасарларының, парла­мент депутаттарының, губер­на­­тор­лардың дүние-мүлкі ту­ралы декларация тапсыруды мін­дет­тейтін қоғамдық бақылау жүйесі құрылған. Жапониядағы әділетті кадр саясатын жүргізу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау «Қызметкер ісі жөніндегі кеңеске» жүктелген.

2000 жылдың сәуір айынан бастап «Мемлекеттік қыз­мет­керлердің этикасы туралы» заң күшіне енді. Бұл заңға сәй­кес, әдеп бұзған мемлекеттік қыз­меткер әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ осы заңға сәйкес шенеуніктердің сыйлық алуына да шектеу қойылған. Бө­лім бастығының көмекшісі мен одан жоғары қызметкерлер әр үш ай сайын министрлік бас­шы­сына немесе басқармаға қабыл­данған әрбір 5 мың иен (және одан да жоғары) көлемдегі сый­лықтар туралы есеп беруі тиіс. Жоғары дәрежелі шенеуніктер басшылыққа өткен жылдағы кіріс туралы есеп береді. Бұл істе «Этикалық тексерулер жө­нін­дегі комитет» белсенді рөл атқа­рады. Аталған комитет тексеру жүргізіп, жаза тағайындау құқына ие.

2001 жылғы «Ақпараттың ашықтығы туралы» заңға сәйкес азаматтар үкіметтегі ресми ақ­параттарға қол жеткізе алады. Ре­сейдің жоғары экономикалық мектебінің сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы саясат зертхана­сы­ның мәліметі бойынша, соң­ғы жылдары жүргізілген аза­мат­тардың жемқорлықпен бетпе-бет келуі халықаралық ин­дек­сінде Жапония мен АҚШ ең төменгі сатыдан көрінген, яғни жемқорлықтан таза ел болған.

Осыдан бірнеше жыл бұ­рын Токионың губернаторы Йоичи Масудзоэның басы «жем­қорлық дауына» қалды. Оны жұрт саяжайына бір рет қыз­меттік көлігін мініп барғаны үшін «жемқор» деп айыптаған. Қызметінен кетерде ол адал түрде жұмыс күнін толық аяқтап барып, кабинетінен шыққан.

Йоичи Масудзоэге сондай-ақ қор есебінен каллиграфия са­бағы үшін жібек киім сатып ал­ды деген жала жабылды. Бас­пасөзде өзі туралы сыни мақала жарияланғаннан кейін Масудзоэ жалақысын түгел қайтаруға уәде беріп, қыркүйек айына дейін орнында отыруды сұраған. Бірақ өз атына 31 мың арыз түскенін білген соң, қызметінен кеткен көрінеді.

Жапонияда қызметтен боса­ғандарға белгілі бір мөлшерде төлемақы төленетін тәртіп бар. «Асахидің» жазуынша, Йоичи Масудзоэ жұмыстан босағанда 68 млн иен (650 мың доллар) төлемақы алған. Одан бұрынғы Токио мэрі саяси науқанға пайдалану мақсатында 500 мың дол­лар қаржыны ресми түрде тір­кемегені үшін қызметінен босаған еді.

XX ғасырда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрестің жаңа моделін енгізген мемлекет­тер­дің бірі – Сингапур. Мәселен, 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапурде парақорлық өршіп тұрған. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешіліп отыр­ған. Міне, осының барлығына аталған елді бірнеше жыл бас­­қарған Ли Куан Ю нүкте қойды. Ол елде сыбайлас жем­қорлықпен күресудің жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезекте заңдарды қатаңдатты. Сот­тық жүйенің тәуелсіздігін жоға­рылатты. Шенеуніктердің жал­ақыларын өсірді және олар­дың іс-әрекеттері регламенттел­ді. Сыбайлас жемқорлықты тер­­геу бойынша дербес Бюро құ­­рылды. Бастысы, шағын жә­не орта бизнес­ке есік ашып, олар­дың дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жой­ды. Аталған тынымсыз жұ­мыс­тар көп ұзамай өзінің нәти­жесін берді.

Қазір Сингапур әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді. Сонымен қа­тар, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресті Дания, Швеция, Ка­нада, Финляндия, Норвегия, Ис­ландия, Жапония, Германия, Из­раиль сынды мемлекеттер та­бысты жүргізіп келеді. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіп­сіздікке төнген қауіп деп есеп­тейді. Мәселен, 1995 жылы Ұлы­британияда Нолан комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы қабылдаған. Олар: Риясыздық. Сатылмастық. Әділдік. Есептілік. Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Басшылық. Міне, осы қағида­лар арқылы бүгінгі таңда Ұлыбрита­нияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері өзінің жемісін бере бастаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<