ЖЫЛАН ЖАЙЛАҒАН ҮЙ

945

0

 ЖЫЛАН ЖАЙЛАҒАН ҮЙ    Былтыр жазда алыс аудандардың біріне жол түсті. Барған шаруам жарты күннің ішінде шешіліп, қайтпаққа қам жасадық. Пойыз кештеу болады екен, автобустар ертерек жолға шығып кетіпті. Құдай сәтін салса, бәрі де оңай ғой. Дәл осы сәтте таныстардың бірі телефон шала қалды. Қысқа амандық-саулықтан кейін ортақ достарымыздың бірінің осында көлігімен келгенін білдім. Ұялы байланысқа не бөгет болсын, айналасы 5 минуттың ішінде Мәулен де табылды. Қызылордаға қайта жолға шықпақшы екен, жанына серік табылғанына қуанғаны сол тұрған жерімнен келіп алып кетті.

     Мәулен нәпақасын қара жолдың бойынан тауып жүрген жігіт. Қызылордадан тауар тиеп, күнара аудандарға сапарлап жатады. Қысқасы, бейнетті белден кешіп, береке тауып жүрген азамат. Тағы бір қасиеті – әңгімешіл. Көрген-білгенін көркемдеп айтқанына қызығатын жұрттың кейде Мәкеңнің әңгімелерін қағазға түртіп алатыны бар.

    Біраз жерге ұзап кетіппіз. Тақтайдай тегіс жолда төңірегінің бәрін шолып келе жатқан серігім әр төбе, белгіге қатысты бір әңгіме айтады. Жолда көрген қызықтарының өзі бір кітапқа жүк боларлықтай екен.

          Бір үлкен елдімекеннің тұсынан өтіп бара жатырмыз. Ауыл шетіндегі жаңа үй бәрінен ерекше көрінеді. Елдің жағдайы түзелгелі небір құрылыс көбейіп, ештеңеге таңқалудан қалып барамыз ғой. Бірақ, ауылдағы мына коттедж нағыз қалаға лайықты-ақ баспана екен. Менің қызыға қарағанымды Мәкең де байқапты, көз қиығын бір салды да жаңа бір әңгіме сорабын бастап кетті. Үлкендердің аузынан «Қазына бар жерде жылан бар» дегенді сан мәрте естісем де мән бермеген екенмін. Осы үйдің тарихын естігеннен кейін сол сөздің негізсіз айтылмағанына көзім толық жетті. Жаңа байқамаған шығарсың, үй толық салынып бітсе де әлі иелері көшіп келмеген. Ауласында тірі жан жоқ, – деді Мәулен.

         Коттедж иесі алтын саудасымен айналысатын бір келіншек екен. Ауылдың шетінен ойып тұрып жер алып, құрылыстың қамына кірісіпті. Бірді-бірге әрең жалғап отырған жарымқұрсақ емес, сақтап қойған қоры бар келіншек ештеңені аямаса керек. Үйдің сызбасын да ерекше жасатыпты. Іргетасын құятын сәтте арнайы дайындалып, бірге сауда жасап жүргендерді шақырады. Байлық дегеннің де кейде көзге шел бітіріп, ештеңені көрсетпей тастайтыны бар ғой. Әлгі әйелдің әріптестері құрылысқа деп бөлек ақша жинағандарымен қоймай, іргетастың әр бұрышына…алтын тастап тұрыпты. Өздерінше жасаған бір ырымы да. Бұл оқиғаны естігендер, бір ду етіп барып басылса керек.
          Содан құрылыс қызу басталады. Айналасы екі аптада өріліп бітіп, төбесі жабылыпты. Екі айдан сәл асқанда іші-сырты сыланып, әрлеу жұмыстары басталды. Іргетасына алтын құйылған үйдің іші осал болсын ба, әлгі келіншек әр бөлмеге үйлестіріп жиһаз таңдауға кірісіп кетіпті. Жұрт жағасын ұстатқан тосын оқиға да осы кезде байқалса керек.
Үй толық бітті деген мезгілде ауланың әр бұрышынан жыландар байқала бастапты. Әуелгіде бірді-екілі кездескен иреңбайлар кейін тіпті жиілей бастаған. Арасында жеңдібілектей жуандары да бар деседі. Бір қызығы, іргелес тұрған үйлерде жорғалаған жылан тұрмақ жыбырлаған тышқан жоқ. Бейне бір біреу осы маңдағы бар жыланды теріп әкеліп, осы аулаға төгіп кеткендей. Тосын жағдайдан қатты шошыған үй иесі жәндіктің бетін қайтарудың бар амалын жасайды. Қысылғанда баяғы жыланның басына ақ құятын ырым түсіп, оны да жасап көреді. Бірақ үйдегі жылан одан азая қоймапты. Осы кезде ғана ауыл үлкендерінің бірі бұл оқиғаның түп-төркіні іргетастағы алтында жатқанын айтса керек. Жыландар сол қазынаны қорғауға жиылған деп бәтуа жасапты. Онысын арғы-бергі тарихтан мысал айтып және  бекіте түсіпті. Амалы құрыған келіншек сонда ғана жаңа үйге көшпекке буып-түйіп қойған жүгін қайтадан жазып, бұрынғы баспанасында қала берсе керек…
         Мәуленнің әңгімесі аяқталғанда көз ұшында бұлдырап тұрған коттеджге қайта қарадым. Бұл жолы ол маған біртүрлі суық көрінді…

                                                                                                                                                                             М. АЙДАР

         

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<