1 млн-ға жуық адамның 382 млрд теңге қарызы коллекторларға берілген

735

0

Фото: Freepik

Еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында кредит беру кезінде тәуекелдерді азайтуға және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасы туралы баяндаған депутат Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

«Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту маңызды шара саналады. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасты. Сондықтан да қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқықтарын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бүгінде коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп жатыр.

«1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Осыған орай, жеке тұлғалардың сатып алынған кредит берешегін реттеу рәсімін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады», — деді Үнзила Шапақ.

Оның сөзіне қарағанда, халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің абсолютті мөлшерін шектеу бөлігінде берешекті реттеу рәсімін қатаңдатудың маңызы зор.

Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиті бойынша берешектің орташа деңгейі — шамамен 1,5 млн теңге.

Бұл ретте мұндай кредит берешегінің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген.

«Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізіледі. Бұл оның ең жоғары мәнін нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатынасы енгізіледі», – деді депутат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<