100 түрлі адамнан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады

518

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді береді. Бұл жоба – жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Тиісінше, үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады.

Ал, екі ай 100 аударымнан көп төлем жасалып, арасында үзіліс жасалса не болмаса, 100 аударымға жетпейтін мөлшерде аударым болса тексеріс жүргізілмейді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты өкілдері хабарлады.

– Осы жылы жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі жүргізілуде. Бұл декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Декларацияда елімізде тіркелмеген шетелдегі жылжымайтын мүлік пен көлігі бар, шетелдік компаниядағы үлес, сонымен қатар бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, тұрғын үй құрылысына қатысу туралы мәліметтер көрсетіледі. Жалпыға бірдей декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталы, «eSalyq Azamat» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Айта кету керек, декларацияны тұрғылықты жеріңіз бойынша осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруыңыз тиіс, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков.

– Өздеріңіз білетіндей, осы жылдан бастап мобильді аударымдарға байланысты өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, банктерден ақпараттың келіп түсуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін жасаған мобильді аударымдары қабылданады. Мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл төлемдер жеке тұлғаның табысына жатпайды. Сәйкесінше, табыс алуға бағытталған аударымдар ғана декларациялауға жатады. Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға төлем қабылдауды ұсынамыз, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Гүлнар Исаева.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<