«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ЖАhАНҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ

349

0

«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ЖАhАНҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, болашаққа терең бойлайтын білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін меңзеді. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды. Бұл міндетті  іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынған болатын. Осыған орай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар мен студенттерді қазақ тіліне аударылған 18 оқулықпен таныстыру шарасы өтті. Жиынға университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов қатысып, мазмұнды оқулықтардың білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауда маңызы зор екендігін айтты.
Филология ғылымдарының кандидаты, университеттің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл біліміне кіріспе» оқулықтары бойынша пікір-көзқарасын білдіріп, олардың білікті кадрлар даярлауға үлкен септігін тигізетіндігін жеткізді. Ал университеттің ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының бастығы Нұрлан Құлмырзаев әлемді алақанға сыйдырған технологияның кең өріс алғандығына тоқталып, оқылымы көп Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты кітабында да «цифрлы технологияның шегі жоқ» деп жазылғанын атап өтті.
– Шваб бір кітаптың төңірегіне цифрлы технологияны дамыту мен қолданудың көптеген бағыттары бойынша керемет материалдар топтастырды. Білікті сарапшының қаламы мен қиялынан туған кітаптың оқырманға берері мол. Ол ең алдымен, біздің осы саладағы біліміміз бен танымымызды тереңдете түседі. Мұндағы тұжырымдар Давос форумының классикалық формулалары негізінде жасалған. Бұған қоса өзі талдап отырған қазіргі заманғы технологияның артық жақтары мен кемшін тұстарын саралап шыққан, – деді Н.Құлмырзаев.
Басқосуда саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиев те «Әлеуметтану теориясы», «Әлеуметтану негіздері» оқулықтары төңірегіндегі ойымен бөлісті. Оның айтуынша, бұл оқулықтарда Карл Маркстың көзқарастары барлық қырынан сарапталып, символдық интеракционизм теориясы, ауыспалы объективтер түсінігі, мәдениет  ұғымына терең талдау жасалған. Бұған қоса қазір саясаттану мен әлеуметтану пәні кейбір ЖОО-да қатарласып өтуде. Бұл тұста аталған оқулықтардың артықшылығы айқындалады. Айта кетейік, бүгінде университеттің ғылыми-техникалық кітапханасына 3540 дана кітап жеткізілген. Бұл оқулықтардың қазіргі заманғы оқырман үшін, білім қуған жастар үшін пайдасы зор.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<