105 жыл бұрын Сәбира Майқанова дүниеге келді

759

0

105 жыл бұрын (1914-1995) актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лаураты Сәбира МАЙҚАНОВА дүниеге келді. 

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1932 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты. Театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі – Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д.Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В. Киршон, «Астық»), Рая (М.Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К.Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (М.Әуезов, «Абай»), Зейнеп (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Толғанай (Ш.Айтматов, «Ана – Жер-Ана»,), Кесария (О.Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И. Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды. Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленді. Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж.Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н.Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха, Галчиха (А.Островский «Найзағай», «Жазықсыз жапа шеккендер»), т.б. рөлдерін ойнады. 1936 және 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан киноға түскен: Мақпал («Махаббат дастаны»), Гүлбарша («Қыз бен жігіт»), Торғын («Біз осында тұрамыз»), Дәметкен («Құйма»), т.б. Жазушы Д.Исабеков актрисаға «Мұрагерлер» драмасын арнаған, осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова 1983 жылы басты рөл – Салиқаны ойнады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<