19 жастағы қызылордалық TikTok арқылы вейп сатқаны үшін көше тазалап жүр

47

0

Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Әлеуметтік желі арқылы заңмен тыйым салынғанына қарамастан электронды темекі сатып, алаяқтық жасаған 19 жастағы қызылордалыққа қатысты сот үкімі шықты.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті хабарлағандай, ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, сот шешімімен 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне алынды.

— Азамат TikTok әлеуметтік желісінде тыйым салынған вейпті жарнамалап, адамдарды алдап, ақша алу арқылы алаяқтықпен айналысқан. Жас жігіт электронды темекі мен вейп сатудың заңға қайшы екенін білмегенін, жарнамалап сатса, оңай табысқа кенелетінін ойлағанын, ісіне өкінетінін айтып ақталған. Қазіргі уақытта күніне төрт сағат қала көшелерін абаттандыру және тазалау жұмысына тартылды, — делінген хабарламада.

Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа тартылған 22 адамның 14-і белгіленген сағаттарын толық орындап, пробация есебінен шығарылды. Қалғаны қоғамдық жұмыс бойынша жазасын өтеп жүр.