Өнер, өмір деуменен тырбаңдап келеміз ғой. Сол өмір дегеніміз – айта беретін тіршілігіміз. Басынан аяғына дейін қайшыласқан, тайталастан бір тынбайтын драма мен трагедияға толы екен. Қайран, Ерекем… Мінезің өр екен, рухани берекем. Өмірдің, адамгершіліктің жолы жіңішке, кесапатты жол, кең екен. Адамгершілік жолында жүргендерге құдай-а тоба қашанда, қайда да жол-жөнекей жаманшылық жабыса кетеді. Міне, сізге, драма мен трагедия.
Көздің соқырлығынан көңілдің соқырлығы қауіпті. Осының бәрін көретін де ашынатын. Жамандықты жасыруды, жоқты жұлдыздауды білмейтін. Театр өнерін өміріне тірек қылған, рухани ұлағатты қан болмысына қорек қылған Оразымбетов әлемі театр өнерінің кіндігі мен түндігі екенін енді ұғып, Ерекеңнің рухани ордасына енді еніп, мәйек ұлағатын енді теріп жүргендеймін.
Сахнада ол жалғыз тұр. Қараңғылық. Кенет, жұлып алғандай рахат-ай, сахнадағы тыныштық қандай ғажап еді. Жалғыз маған сыбырлап, ұлағатын ғұмырлап тұрғандай.
– Ереке, кіммен сөйлесіп тұрсың? – деп көрермен залынан мен де саңқ ете қалдым.
– Тыныштықпен, – деді Ерекең жұлып алғандай.
– Сахнаның әр бұрышы падугалары мен кулисалары, бәрі-бәрі мені тыңдап тұрғандай, мені шыңдап тұрғандай. Әй, Оңталап, сен осы құдіретті сезіне алар ма екенсің? Осы сахнадан, осы өнер деген мәңгілік мінберден көрінер ме екенсің?
– Ой, Ереке, қайдағыны айтасың. Одан да ертеңгі қойылымның сценарийіне бағыт-бағдар беріңіз.
– Ой, сен де бездарный. Сахна тыныштығын сезінейік десем, қайдағы сценарийді айтасың.
Осы көріністі, осы біздің өнер әлемімізді, сахнаға жүгіре шыққан актерлер тобы бұзды. Олар қатар-қатар тұра қалып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық артисі Ерғали Сиябекұлы Оразымбетовке поклон жасады. Өнер адамдарының ізетін танытты. «Ерғазы» деген дауысы сахнадан жаңғырып естілді, «қайдасың, мыналарды тренажға апар, қандарын жүгірт, жандарын оят, мен жарты сағаттан кейін келемін, өлі денемен қалай дайындық жасамақпын?».
Актерлер тренаж алаңына жүгіре жөнелді. Көрермен залындағы режиссер орындығына келіп, тағы да ой кезіп, режиссерлік сызбаларын сана көгінен өткізіп жатты. Мен де ойын бөлмейін деп аяғымды ұшымен басып шығып кеттім.
Ерекеңнің болмысы бүтін адамды негіздейтін. Ол рухани дем беретін достарын, әріптестерін сағынып отыратын. Көру кемелдігі өзгелерден бөлек. Ес біліп мен танығандардан ерек болатын. Ұзын бойы, шаш қойысы, жүріс-тұрысы мәңгілік мезансценалаған қимылдары, сөйлеу мәдениеті, әдеп пен әдет қылықтары жаңа көрген адамға таң-тамаша болудан артық ештеңе қалдырмайтын. Ерекеңнің махаббаты ше? Өнерге деген махаббатын айтам. Қолға алған дүниесін құнары шыққанша қопарып, оқиғаның ондаған нұсқасын көз алдыңа әкелетін. Не деген қиял? Кейде сол нұсқаларынан айнып, әдепкі нұсқаға қайта келетін. Актерлер де Ерекеңнің қиялымен бірге өсіп, өркен жаятын.
Асыл махаббат, аяулы махаббат, жүрегіне ұнаған шапағат театр өнері екен. Ол үнемі маздап жанып, жұлдыздай жарқырап тұратын. Кейіпкерді өлердей сүймей рөл шықпайтынын, кейіпкер тағдыры көрінбейтінін үнемі айтып отыратын. Мына жарық күнде, осындай тұлғамен әріптес, шәкірті болғаныма құдайыма мың мәрте шүкіршілік айтамын.
Апыр-ай, тағдыр теңізінің сұрапыл дауылы соққанда, желкені жығылып жағалауға шығып қалатын кейбір менмендерден биік тұратын ақ желкені мұхитта да жеке керіліп, салтанат құратын бір адам болса, өнер иесі болса ол – Ерғали Оразымбетов еді.
Қаталдық… Талап деңгейіндегі қаталдығы өзін ерекшелеп, ұстаздық ұлағатын ұлықтап тұратын. Мен қойған «Қандыөзек» спектаклі Астанаға барып жетістікке жеткендегі Ерекеңнің қуанғанын көрсең. Журналистер бұрын көрмеп едік, қайдан шыққан режиссерің, ұстазың кім еді деп сұрақ астына алды. «Менің ұстазым – Ерғали Оразымбетов. Сол кісінің шәкіртімін. Мен шыққан биік, мен алған қамал болса ол – Оразымбетовтің арқасы. Түп санама түрткілеп сыйған ұстаздық қасиеті деп білемін» деп, берген сұхбатымды тыңдаған Ерекең «Рахмет Оңталап, өзіңнің еңбегің бағдарың дұрыс, баса бер» деп құшағына басқанда екеуміздің жұмыр жүрегіміз бір денеде соққандай болды.
Ерекең қазақ режиссурасының тұшымды тұнбасы, зейінді зердесі еді. «Қандай қойылым қойсаң да өзіңді ұлттан бөлме, халқыңның қалауын, қасиетін дәріпте, түсіндің бе? Аралдың арғымағы, сахна саған теңіз емес, сахна адамдығыңа негіз осыны ұмытпа» деп арқамнан қағып, алшаң басып кете барды. Соншама құдіретті бір адамның басына беріп қойған құдай-а шеберлігіңе тәнтімін.
– Жарқыным, Ақжарқын қайдасың?
– Ереке, не айтасыз? – деп жан-жары Ақжарқын елпектей жөнелді.
– Ақжарқын, птенчигім, сен мені сүйесің бе?
– Сүймегенде, жаныммен жақсы көремін, Ереке. Оны өзің де білесің ғой.
– Жоқ, Ақжарқын. Сен мені Жандай жақсы көрмейсің. (Жан деп отырғаны ұлы Жан) Жан мені жанындай жақсы көреді, жанымен, қанымен жақсы көреді. Жанның тамағын бердің бе? Дайындап сабағына жібер.
– Ұқтым, – деп Ақжарқын дыбысын шығармай көрермен залынан шығып кетті.
– Осыншама жақсы көруді қайдан үйрендің, Ереке?
– Жақсы көрмесең, қалай жер басып жүресің? Қалай өмір сүресің? Қалай өнер жасайсың. Бәрі-бәрі жақсы көруден басталады, – деп, ойға шомған мені түртіп жіберіп қарқылдай күлді. Күлкісіне қанат біткендей театр іші жадырап-жайнап кетті.
Н.Бекежанов театрында қаншама спектакльді дүниеге әкелді. Әлем, қазақ классикасы, бүгінді бүтіндеп, кемел келешекке келелі ой тастады. Әрине, өнермен. Театр өнерін Алматы консерваториясында негіздеп, Ленинградта құнарлаған Ерекең режиссура саласында өз мектебін қалыптастырды. Режиссураның жаңа дәуірін негіздеді, тудырды, өмірге алып келді.
Біз Ерекеңді бағалай алдық па? Алған атағын, жеткен жетістігін айтпаймын, адами тұрғыда бағасына жете алдық па? Өнердің шыңы болса, жалау желбіретер тұғыры болса соның бәріне Ерекең шықты, жетті. «Көпті қуантудан басқа бақыт жоқ менде. Сосын, уақыт жоқ. Жансебіл болудан шаршадым. Менің қорқатыным, білмейтін білгіштерден қорқамын, тамырсыз таланттардан, жалынсыз көздерден қорқамын. Қорқынышымды жеңетін, дем беретін режиссура өнері. Қойшы, Оңталап, бәрі бекер. Астана қаласының ашылуына облыс өнерін алып барамыз. Соған сені сценарист деді. Мен қоятын болдым. Айтқандарына ай болды. Сценарийің дайын ба?» Кенет бойыма қырсық-қыңырлығым билік жүргізіп:
– Ереке осы сіз режиссерсіз бе? – дедім жұлып алғандай.
– Не деп тұрсың? Ал режиссерміз. Не айтайын деп едің? Онда қолыңызға қалам алып, сценарийді жазып алыңыз. Менің ширығып шын айтып тұрғанымды көзімнен таныды ма, «ал, айт» деді қаламын ұстап. Мен «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» дедім.
Сәл ойланып қалған Ерекең:
– Жарайсың, Оңталап. Мына сценарийді баяғыдан бермейсің бе? Ғажап қой, ғажап. Ертеңнен бастап дайындыққа шығамыз. Сен қасымда боласың. Керек мәтіндерді жазып беріп отырасың. Ұқтың ба? – деп, бүкіл зілді бір қолымен көтергендей орнынан тұрды.
Көзі жайнап, іздегенін тапқандай бүйені бүтінделіп, маған кете бер деп қолын сілтеді. Шабытының шұлғауы болып кетпейін деп мен де есік жаққа беттедім. Кейін сол қойылым Астана қаласының ашылуына Қызылорда қаласының атынан барып өнер танымын тектеді. Барлық облыстар қойған концерттердің ішінен үздік атанып, Президенттің ұсынысы бойынша арнайы шақырылып, аты «Қорқыт. Қобыз. Домбыра» болып өзгертіліп, мемлекеттік деңгейде Астана қаласының қонақтарына қайтадан паш етілді. Ерекеңнің прологын бүкіл зал орындарынан тұрып тамашалады. Бәрі, бәрі Ерекең бастаған команданың арқасы.
Ақыл – темірқазығың! Ақыл – өмірлік адал серігің, ақ семсер айбының. Ақылмен жұмыс жасасаң жүзің жығылмайды, мерейің үстем келеді. Ақыл бақайдан шалатын бақастыққа бой бермейді. Жақсы режиссер бақыттың кілтін сахнадан табады. Өнердің өз жүрегі болып соғады. Ерекең «Өнердің көз жанары актердің жүрегінде тығулы дейтін. Оны жайнатып, жарқыратып көрсету – біздің міндет. Шатасуға, адасуға құқың жоқ. Режиссер – адам жанын зерттейтін мамандық. Қиялдың да тізгіні болуы керек. Тартып, бағдарлап отырмасаң күн асып кете барады. Көп оқысаң көмбеңнің түбі көрінбейді. Театр да сынақ алаңы секілді. Талантыңның тайқазанын тасыта білу керек. Жеке дара жалаулатпай көппен өмір сүру керек» деп тебіренген режиссердің ақыл айдынан алтын балық іздеген мен қиял қармағымды өмір өзенінде Ерекеңмен бірге салғанымды өзіме дәреже санаймын.
Ерекең сұрампаз адам емес еді. Төрт құбыласы түгел, бәрі де жетіп жататын. Тапқан-таянғанын қонақ деген құндылыққа жұмсайтын. Ынта-шынтымен ұл-қыздарын рухтап, болашақ бағдарларын ұрандап, әке әдебінен тамыр тарқататын. Жұрттар Сиябекұлы деп өмір ширмасының артынан үрке қарап тұратын. Жұмыс жасап жатқанда үстіне адам кіргенді жақтырмайтын. Мәдениет басқармасының бастығы да дайындық кезінде кіріп келіп, мен бастықпын деп төрелік айтпайтын. Фойеде жүрсе де тыныштық сақтайтын. Ерекеңнің репетиция кезінде байқамай есік ашқан адамға кім болсын айқай салатын. «Закрой дверь, я рожаю» дегенде, есікті байқамай ашқан адам қайта жауып, жоқ болатын. Былайғы адамдар қатал деп қаңқу сөз айтатын. Ерекеңнің дайындықтан кейінгі мейірімін көрсеңдер ғой. Әр актерді аялап, тек Оразымбетовке ғана тән әдемі сөздермен дәрежелеп, әрқайсысына ат қоятын. Белгілі актриса Кәмила Әбжановаға «свет мокрого камня» деп ат телісе, ҚР Еңбек сіңірген артисі, марқұм Әлия Арысбаеваны «ментальная» деп еркелететін. Ал Алмагүл атты актрисамызға сыртқы фактурасына байланысты «менің асқабағым, менің тыквам» деп лезде ныспы нәрлейтін. Бәрі де жарасып тұратын. Әр актермен байланысы, жан дүниесін түсінудегі мақсаты соншама тұнық, соншама иірімді еді. Иә, Ерекең осындай мейірімді еді.
Барлық ауданмен байланыс жасап, сұраныстарының тақырыптық қойылымдарына режиссерлік жасайтын. Ақын, жазушылармен үнемі байланыста болатын. Қазалы ауданындағы досы Рүстем Жанаев деген ақынмен араласып, бірін-бірі көп көрмесе сағынатын. Мінездері де ұқсас болатын. Бірде Р.Жанаев Е.Оразымбетовке арнап «Тасшайнар» атты өлең жазды.
– О, тасшайнар!
Ұлы өнерге
Өлердей шын ғашық боп,
Ұли-ұли
Сан жүректі ояттың.
Ақ көңілді қақ айырып,
Ашып кеп,
Ағыл-тегіл
Лағыл сезім тараттың.
Жалғыз жортып
Көрер көзге жетім боп,
Тас шайнадың қайрат қылып
Талпынып,
Жорта-жорта
Бойда кесім етің жоқ,
Сөйте тұра
Көрген жоқсың алқынып,
Сахнада
Бетіне ұрып беделдің,
Шындық үшін
Бәрін-бәрін тәрк еттің.
Сүңгіп кетіп
Өртіне де өнердің
Күймей шығып,
Ел алдында жарқ еттің.
Мәңгүрттіктен жиіркенсін деп
көрермен,
Оянсын деп
Жанарыңнан жас парлар.
Шын өнерге керек сендей
өлермен,
Шын өнерге керек сендей
Тасшайнар!
Иә, өнер үшін жанын беретін қасиеті бар болатын.
Ерекең қайтыс болды дегенде Қызылордадан жүрегімізге қайғы шәлісін жамылып, жанымыз жылап, көкірегіміз қарс айырылып Шымқалаға жеткеніміз бар. Сонда Ерекеңнің Жан атты баласы «Папам бәрімізді, туысқандарды, құдаларды ағайындарды жинап кафеге отырғызды. Әрқайсысымызға ат теліп, туыстығымызды мәңгілікке мұраттайтын ағайынның ортасында шалқып, тебіреніп отырды. Тебіренісі әр сөзінен байқалатын. Кенет папам маған сондай мейіріммен, сондай әсем күлкімен миық тартты. Ондай күлкіні осы күнге дейін көрмеппін. Жаны күліп тұрғандай, қаны күліп тұрғандай. Осы күлкінің кеңістігінде папам өмірден озып кете барды. Өлім де әдемі болады екен-ау. Әдемілік әлемінен өмірден өтіп бара жатса да ажырасқан жоқ. Қайран әкем!» – деді.
Қазақ режиссурасында абырой жинап, ат ойнатқан таланттар шоғыры дәурен діңгегін көтеріп жатыр. Жалт-жұлт еткен найзағайдай әсері әдептерін көбіктей көпіртіп, көліктей аңыратып, театр өнерінің даңғыл жолында дарабозданып жатқандары қаншама?! Солар Ерекеңді біле ме екен? Режиссура өнерінің өкпесін кеңейтетін, тынысын тарылтпайтын, таңғажайып тағдырды іздей ме екен? Бір сәтке іркіліс танытып, өмірден өткендер әлеміне көңіл есігін кең ашып кіре ме екен? Солай болса игі еді. Иә, мен Оразымбетов Ерғали Сиябекұлының шәкіртімін. Ниетім де, білігім де, берерім де, кемелім де күн астында Оразымбетовтей болсам ғой деп рауан арманның рахатына асығады. Сұңғақ бойлы бір бейне күн астынан көрінді. Алшаң басып арма дүниеге асығып келе жатқан Ерғали аға емес пе екен?
Иә, сол ғой, жүрісі Ерекеңе ұқсайды. Ассалаумағалейкум, арда көңіл бақ байрағым, ақиқат айбарым. Жоқ көрінбей кетті. Мүмкін ол біздің арамызда жүрген шығар. Күннен шығар керемет адам Ерғали Оразымбетов еді!
Оңталап НҰРМАХАНОВ,
шәкірті, ақын, режиссер, сценарист.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<