2 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды

619

0

2 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев тұрғын үй дауына қатысты қандай жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Яғни, осы мақсатта қала әкімдігі kezekte.kz порталында баспанаға мұқтаж емес азаматтарды анықтау мақсатында тексеріс жүргізген.

«2015-2020 жылдар аралығында заң бұзушылықпен 1108 тұрғын үй берілген. Оның ішінде 360 пәтер жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлерге құжатсыз берілген. Алдағы уақытта бұл үйлер қызметтік пәтер ретінде қолданылмақ. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын азаматтарға 748 пәтер берілген. Бұл тізім бойынша мұрағат мәліметтерімен салыстыру жасалып жатыр. Оның ішінде 298 үй – «Береке» коттедж қалашығында, 450-і – көпқабатты үйлердегі пәтер. Сондай-ақ, 2295 азамат тұрғын үй кезегінен алынып тасталған. Оның 469-ы тұрғын үй сатып алса, 1826-ы мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе түрлі себептермен тұрғын үй алуға негізі жоқ боп табылған»,- деді шаһар басшысы Әсет Масабаев.

Сонымен қатар, «Болашақ» шағынауданындағы 26,41,42,43 пәтер иелері мен Желтоқсан көшесіндегі үй иелеріне хабарлама жіберілген. Бүгінде 96 талап бойынша сот талқылауы жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі пәтерлерді есепке алу және жалдау төлемдерді бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл алдағы уақытта түсімдердің ашықтығын бақылауға, сонымен қатар төлемдерді кешіктіруді болдырмауға мүмкіндік бермек.

Жалпы, Талдықорғанда 16 179 азамат тұрғын кезегінде тұр. Оның 6187-і – бюджеттік ұйым қызметкері, 9992-і – халықтың әлеуметтік осал табына жататын азаматтар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<