Фото: ашық дереккөз
Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіндегі «Наурыз шапағаты» қайырымдылық акциясына қатысып, жерлестерін мерекемен құттықтады. Қайырымдылық акциясы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың тұрмысын жақсартуға баса назар аударып келеді. Соның бірі – мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік төлемдердің сақталу кепілдігі. Былтыр облыста 100 мыңнан астам халықтың әлеуметтік осал топтарына 7,2 млрд. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстық бюджеттен бөлінген 170,3 млн.теңгеге 7 әлеуметтік жобаны іске асырды.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі, тұрғын үйі апатты деп танылған жерлестерімізге 60 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үй тарту етілді. Кеше сол жағалаудан тұрғын үйі апатты деп танылған тұрғындарға тағы 40 пәтерлі жаңа көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталды.
Біздің өлкеде жабырқағанның жанынан табылу, несібесі кем түскенге қол ұшын беру сынды адамгершілік қағидаттың қазығы үлкен ықыласпен қағылған. Сыр өңірінің жомарт азаматтары әлеуметтік нысандар салуға да зор үлес қосуда. Күні кеше дәулеті мен сәулеті келіскен облыстың бас шаһарындағы әуежайдың жаңа терминалының іргетасы қалануына куә болдық. Жаңа терминал құрылысы жерлесіміз Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Нысанның құны 31 млн. АҚШ долларын құрайды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық аяқталып, ел игілігіне беріледі», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімінің орынбасары туған жерін өркендетуге аянбай атсалысқан жанашыр азаматтардың қосқан үлесін атап өтіп, демеушілерге алғыс білдірді. Қайырымдылық керуені барлық ауданда жалғасын табатынын жеткізді.
Іс-шарада Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Әбуов сөз сөйлеп, жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен, Наурыз мерекесінің ізінше басталатын қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Қайырымдылық жасаудың қайыры мен шапағаты туралы айтты.
Бүгінгі акция барысында 30 «Газель» автокөлігінен құралған қайырымдылық керуеніндегі 1000 азық-түлік жинағы аз қамтылған отбасыларға таратылмақ. Жалпы «Наурыз шапағаты» акциясында 2 мыңнан астам отбасына азық-түлік көмегі көрсетіледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<