2023 жылы Қазақстанда газ экспорты тоқтап қалуы мүмкін

715

0

2023 жылы Қазақстанда газ экспорты тоқтап қалуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында QazaqGaz ҰК АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2024 жылы газ саласы дағдарысқа тап болуы мүмкін. Егер тұтынушылардың барлық өтінімдерін орындасақ, онда бұл дағдарыс 2023 жылы байқалады. Біріншіден, тауарлы газдың тапшылығы 2024 жылы басталады. Ішкі нарыққа қажет көлем қолда бар ресурстардан асып түседі. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, газ экспорты 2023 жылы тоқтап қалуы ықтимал», – деді С.Жаркешев.

Осы орайда ол ішкі бағаны субсидиялау бағытында экспорт басты табыс көзі болғанын еске салды.

«Ішкі нарықта жаңадан ірі тұтынушылар пайда болып отыр. Олардың арасында жылу электр орталықтарын газ жағуға ауыстыру жобалары, жаңа өндірістерді газға қосу, сондай-ақ ірі коммерциялық тұтынушылардың жүйеге қосылуы бар», – деді басқарма төрағасы. С.Жаркешев Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілерге газ экспортының шарттары туралы айтты.

«Жыл сайын бізде Қытаймен 10 млрд-қа дейін экспорттық келісім бар. Алайда бұл көлемді орындай алмай отырмыз. Себебі экспортқа тиесілі газ еліміздің ішкі нарығына бағытталып жатыр. Елімізде ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық қойылған», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<