2025 жыл: Тарихи серпіліс кезеңі

4

0

Фото: облыс әкімдігі

Кеше «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 2025 жылды қорытындылауға және Жаңа 2026 жылды қарсы алуға арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы ескі мен жаңа жылдың тоғысында өткенге ой жүгіртіп, жаңа жоспар құрып, келешектің бағытын айқындаудың маңызын айтып, жиналған жұрт­шылықты мерекемен құттықтады. Жыл ағымында өңірде жүзеге ас­қан жобаларға, қолға алынған бастамаларға, жарқын жетістіктерге тоқталды.

– 2025 еліміз, өңіріміз үшін тари­хи-саяси маңызды оқиғаларға толы, табысты жыл болды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келгенде әлеу­мет­­тік нысандар мен өндіріс орын­­дарында болып, өңіріміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуы бағы­тында атқарылған істерімізге оң бағасын берді. Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы жұмыс жасайтын үшінші Президенттік кітапхананың Қызыл­ордада салынатынын айтты. Бұл бастаманы барша Сыр жұртшылығы зор қуанышпен қабылдады.

Президентіміздің, Үкіметтің ерек­ше қолдауымен аймағымызда жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда. Негізгі макроэкономикалық көрсет­кіштер бойынша республикада алғашқы орындамыз.

Бірер күннен соң жақсылықпен, жақсы үмітпен халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатын Жыл­қы жылын қарсы аламыз. Жаңа жылда игі істеріміз жалғасын тауып, кең-байтақ елімізге молшылығы мен тоқшылығын, қасиетті жерімізге бақ-берекесін алып келсін! Жаңа 2026 аймағымызды толайым табыс­тар­дың төріне шығаратын жыл бол­ғай! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тарих қойнауына қарай қадам басқан жыл Сыр өңірі үшін жеңіс пен жетістіктердің және ауқым­ды жоспарларды жүзеге асырған еңбек адамдарының жылы болды. «Жұмысшы мамандықтар жы­лында» түрлі салада тер төккен еңбек­керлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Премьер-министрдің Алғыс хаты, Қы­­зылорда облысының Құрмет грамо­тасы табысталды.

Елімізде 2012 жылдан бері «Үз­дік педагог» республикалық бай­­қа­уы өткізіліп келеді. Осы уақыт ішін­де Қызылорда облысынан 41 мұғалім жеңімпаз атанды. 2025 жылы облыстан 4 педагог республикалық, 6 ұстаз облыстық кезеңде үздік деп танылды. Қорытынды іс-шарада оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен шығар­машыл мұғалімдерге облыс әкімі­нің қолдауымен бірреттік сыйақы беріліп, «Үздік педагог» бай­қауы­ның жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен қатар, жыл бойы өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген әр саланың үздіктеріне арнайы номинациялар табысталды.

Мерекелік іс-шарада Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Алтынбек Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» опера­сы­нан Джульеттаның вальсін, «Бақыт вальсін», И.Штраустың «Вена орманының ертегілері» шығар­масын орындады.

«СБ» ақпарат