Жұртшылық Жаңа жылда жақсылыққа үміттеніп, өзгеріс күтетіні анық. Жыл сайын елімізде халықты әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын тауып келеді. Айталық, келер жылы шағын және орта бизнесті ынталандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ауқымды істер бар. Жаңа жылда бұл бастамалар қалай жүзеге асады? Газет тілшісі саралап көрген еді.
МӘМС жүйесіндегі ауқымды өзгеріс
Биылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Жаңа өзгерістер Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсат – азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қызылорда облысында бүгінде 818 мыңнан астам адам тіркелсе, олардың 83,6 пайызы сақтандырылған. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарды қамту үшін жаңа тетіктер енгізілмек.
Енді дағдарыс және шұғыл жағдайдағы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың, сондай-ақ ресми жұмыссыздардың МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл сақтандырылмағандар санын айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар, кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтаған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл норма жұмысынан айырылған азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді.
Онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт, вирустық гепатиттер секілді бірқатар әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша диагностика мен скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Ал қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы сырқаттарды емдеу толықтай МӘМС пакетіне ауыстырылады.
Мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже
Бүгіннен бастап жеке тұлғалардың банктік шоттары бойынша жүргізілетін операцияларға қатысты салық заңнамасына өзгерістер енгізіледі. Жаңа талаптарға сәйкес, кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операцияларды айқындау үшін қосымша өлшемшарттар белгіленеді.
Бұған дейін жеке тұлғалардың шоттары бойынша тек аударымдар саны ескерілетін. Айталық, 3 ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан қаражат түскен жағдайда ғана кәсіпкерлік табыс белгілері бойынша тексеру жүргізілетін еді. Енді жеке тұлғаның кәсіпкерлікке арналмаған шотына 3 ай қатарынан әр айда 100 түрлі адамнан қаражат түсіп, оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, мұндай операциялар кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс ретінде қарастырылады. Демек, ең төменгі жалақы мөлшері 85000 болып есептелсе, жалпы сома мөлшері 1020000 теңге көлемінде болады. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдей алса, кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Ал дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда, заңнама талаптарына сәйкес кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет.
Жаңа «Салық кодексі» іске қосылады
Қолдау шараларының бірі ретінде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің қымбаттауына мораторий енгізілетінін айтуға болады. Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға шектеулер алынып тасталды. Осылайша, тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 бағытқа қысқарды. Бүгіннен бастап шағын бизнеске қатысты салықтық тексерістер, камералдық бақылаулар және сот талаптары тоқтатылады.
Қаржы сарапшыларының айтуынша, алдағы үш жылда жүзеге асатын макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы, республикалық бюджет пен жалпы трансферттер туралы заң жобалары жаңа бағыттың өзегі болмақ.
Жаңа жылдан бастап жаңа «Салық кодексі» іске қосылады. Енді камералдық тексерістер, есептіліктерді салыстыру болмайды. Бірақ резидент емес тұлғалар бұл жеңілдікке ілікпейді. Қазір Қазақстанда 2,38 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 2,18 миллион. ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39%.
Салықтық тексерістердің уақытша тоқтатылуы кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Әкімшілік кедергілер азайып, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туады.
Әлеуметтік төлемдер артады
1 қаңтардан бастап Ұлттық банк айқындайтын болжамды инфляция деңгейіне сай мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға ұлғаяды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл бойы ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ына дейін кезең-кезеңімен жыл сайын арттыру жүзеге асырылып келеді. Осылайша, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы) болады. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін өсіп, 60 005 теңгеге жетеді.
Мәселен, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткерге биыл бюджеттен төленген зейнетақы мөлшері 171 588 теңге болса, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





