2026 жылдың екі айында Қорғас арқылы 54 мың автокөлік экспортталды

8

0

Фото: Синьхуа

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас шекара өткелі арқылы 54 мың коммерциялық автокөлік экспортталды, деп хабарлайды Синьхуа.

Қорғас кеденінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары және осы бағыт бойынша тарихи максимум саналады.

Экспорт құрылымында жаңа энергетикалық көліктер (NEV) басым болған. Мұндай автокөліктер Орталық Азия елдері мен Ресей нарығында жоғары сұранысқа ие.

Экспорт көлемінің өсуіне байланысты жергілікті кеден органдары рәсімдеу процесін жеңілдетіп, тәулік бойы жұмыс істейтін 24/7 режимін енгізген. Бұл көліктерді шекарадан өткізу уақытын қысқартып, логистиканы жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Қорғас халықаралық экспедиторлық «Хаочэн» компаниясының бас директоры Лян Хаоның айтуынша, биылғы екі айда олардың компаниясы осы өткізу пункті арқылы 900-ден астам автокөлік экспорттаған.

– Біз тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, Ресей нарығына да жеткізуді жолға қойдық. Ресейде бизнесімізді дамыту әлеуеті өте жоғары деп санаймын, – деді ол.