25 сәуірден бастап Қазақстанда Delta Bank жұмысын тоқтатты

327

0

25 сәуірден бастап Қазақстанда Delta Bank жұмысын тоқтатты 25 сәуір күні Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Delta Bank» АҚ жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтату туралы сот шешімі күшіне енді. Бұл Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі хабарлайды.

Осылайша, банктің клиенттері мен үлескерлері – жеке тұлғалар ағымдағы шоты мен төлем карталарындағы соманы қайтаруға құқылы. Нақтырақ айтқанда олар 10 миллион теңгеге дейін қаржыны ұлттық валютада, 5 миллион теңгеге дейінгі соманы шетел валютасында қайтарып ала алады.

Төлемді қайтару «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражаты есебінен өтелетін болады. Банк-агент кепілдендірген төлемді өтеуді 2018 жылдың 17 мамырынан бастайды.

Кепілдендірген төлемді өтеу бойынша ҚДКБҚ міндеттемесінің сомасы 141 миллион теңгеге тең; клиенттердің саны – төлемге құқылы жеке тұлғалардың саны – 2 244 адам.

Кепілдендірілген төлемді қайтаруға арналған ҚДКБҚ-ның жалпы мөлшері 577,6 миллиард теңгені құрайды.

Сонымен бірге, кепілдендірілген сомадан көп ақша салған жеке және заңды тұлғалар банк активтерін өткізу барысында тәртіп бойынша кезекпен Қазақстан Республикасының банк және банк жұмысы туралы заңнамасына сәйкес, «Delta Bank» АҚ-тың ликвидациялық комиссиясынан өз берешегін алуға құқылы.

Еске сала кетсек, «Delta Bank» АҚ банкке қатысты және өзге де операциялар бойынша ҚР Ұлттық банк басқармасының қаулысымен 2017 жылдың 3 қарашасында лицензиядан айырылған болатын. Ұлттық банк Төрағасының бұйрығымен «Delta Bank» басқару органының барлық құзіреті уақытша әкімшілікке берілген еді. Уақытша әкімшіліктің құрамына Ұлттық банк пен «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» қызметкерлері енген. «Delta Bank» АҚ-ның жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтату туралы шешімді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2018 жылдың 13 ақпанында шығарған болатын.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры – 1999 жылы екінші деңгейлі банктердің заңды мүддесі мен құқығын қорғау үшін құрылған Ұлттық банктің ұйымы болып табылады.

KAZINFORM.KZ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<