26 түлек Назарбаев Университетінен шақырту алды

480

0

Фото: НЗМ

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Айдана Караева Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің толық грантын жеңіп алды. Алдағы уақытта ол жаһандық инженерлік саланы игеріп, еліміздің машина жасау технологиясының дамуына үлес қосқысы келеді.

Қазақстанның бірегей жоғары оқу орындарының бірінің студенті атануы үшін Айданаға жоғары академиялық білімі мен сыныптан тыс белсенділігі ықпал етті. Бірнеше жыл қатарынан еріктілер ұйымында, олимпиадалық қозғалыс мүшесі болып, биіктерді бағындырды. Сонымен қатар Айдана Кембридждің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін сыртқы жиынтық бағалау емтиханында барлық пәндер бойынша А*, ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық IELTS емтиханында 8,0 ұпай алса, әлемнің үздік университеттеріне түсу үшін қажетті SAT емтиханында 1460 жинап, New York University Shanghai мен Drexel University-ге шақырту алды.

«Мен математиканы жақсы көремін және оны өмірде қалай қолдануға болатынына ерекше қызығамын. Сондықтан болашағымды инженерия саласымен байланыстырғым келеді. Қазақстанның келешекте тек шикізатқа тәуелді болмай, оны өңдіру бағытында алдыңғы қатарлы ел ретінде танылғанын қалаймын», – дейді жас зияткер.

Айта кетейік, биыл Зияткерлік мектептен 113 оқушы түлеп ұшты. Оның 30%-ға жуығы Назарбаев Университетінен шақырту алып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<