Қызылорда облысында сотты болған 366 адамға рақымшылық заңы қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл шешім 2021 жылдың 7 желтоқсанында Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес қабылданды.
«Аталған Заңға сәйкес сотталғандардың жеке істері зерделенді. Нәтижесінде сотты болған 366 адамға қатысты рақымшылық қолданылды. Олардың арасында түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 81 адамның 46-ы негізгі жазадан босатылып бостандыққа шықса, 35 сотталғанның жаза мерзімдері қысқартылды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Ведомство мәліметінше, оған қоса пробация қызметінің есебінде тұрған 285 адамның 98-і негізгі жазадан босатылып есептен алынды. Ал 187-нің жаза мерзімі қысқартылды. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 14 адамды сан соқтырған алаяққа сот үкімі шықты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<